Облыстың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бастығы Әсет Жұматаевтың баяндамасында мониторинг жасайтын топтардың жұмысы мардымсыз екені айтылды. Соңғы екі аптада олар барлығы 142 рейд жасап, 30 бұзушылықты ғана анықтағаны жеткізілген еді. Сондай-ақ Айыртау, Ақжар, Аққайың, Есіл, Жамбыл, М.Жұмабаев, Қызылжар, Мамлют, Уәлиханов және Шал ақын аудандарында бірде-бір бұзушылықтың анықталмағаны атап өтілген.
Жарқыраған жазда 10 ауданда екі аптада бірде-бір тойдың өтпеуі мүмкін емес екені белгілі. Тек мониторингтік топтар оларды көрмеген немесе «көрмеген болған». Әрине, қалыптасып қалған дәстүрді қорқытумен, айыппұл салумен бір мезгілде тоқтату қиын. Адамдар тойға асығады, оны жасағанша, қызық көргенше жан таппайды. Бірақ қазіргі ахуал қысып, індет күннен-күнге ұлғайып жатқанда сабыр сақтап, өзінің де, өзгенің де денсаулығы үшін тойды кейінге қалдыруға болады ғой. Осыны түсінбеген адамдарды аяуға да болмайды.
Осындай адамдарға айыппұл салу үшін ғана емес, денсаулықтарын сақтау үшін құрылған Қызылжар өңіріндегі мониторингтік топтардың саны – 24. Олардың қатарына әкімдіктің, полицияның, волонтерлердің қатарынан 160 адам енген. Тексерулер әр аптаның аяғына қарай жиіленеді.
Өздерінің атына айтылған сыннан соң мониторингтік топтар жұмыстарын белсендірек жүргізуге айналды. Соңғы 7 күнде олар 28 бұзушылықты анықтады. Әсіресе, Петропавл қаласының сауықжайлары, дәмханалары, жалға берілетін коттедждері жіті тексерілді. Сонымен бірге санитарлық нормативтердің сақталуын бақылау барлық сауда орындарында да ұйымдастырылған.
Өткен аптадағы бір «олжа» қаланың «Береке» шағын ауданында болды. Осындағы жекеменшік үйлердің арасындағы бір дәмханада туған күн тойланып жатқанының үстінен түскен мониторингтік топ жиынды ұйымдастырушылар мен қонақтардың үстінен хаттама толтырды. Ол шара қолданылуы үшін тиісті органға жіберілді. Мұнда үй иесі мен қонақтардың бәрі де мониторингтік топтың жұмысына кедергі жасамай, олардың талабын орындаған. Демек бәрі де сақтандыру шараларының болғанын қалайды, бірақ біле тұра өздері оны бұзған.
Жалпы, облыс бойынша жыл басынан бері 1 059 карантин талаптарын бұзған жағдай анықталған. Оның ішінде 941-і Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жіберілген. Ал қалған 118 материал бойынша толықтыру жұмыстары жүргізілуде. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өз қызметкерлері 627 әкімшілік хаттама толтырған. Замана талабымен амалсыз ұйымдастырылған мониторингтік топтың жұмысы одан әрі жалғасуда.
Солтүстік Қазақстан облысы