Сенаторлар Мұрат Бақтиярұлы және Ақмарал Әлназарова жұмыс сапарымен Қызылорда облысының Жаңақорған және Шиелі аудандарында болды. Іс-сапар барысында олар аудандардың тыныс тіршілігімен, жергілікті шаруа қожалықтарын және құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандарды аралап көрді. Сенаторлар, аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң нәтижелер бар екеніне тоқталып және осы мақсатта бірқатар жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті.
Дегенмен, кездесу барысында өңірлердің бірқатар өзекті мәселелері айтылды. Мәселен, су жетіспеушілігі. Бүгінде Жаңақорған ауданы аумағына Сырдария өзенінен секундына 50 текше метр су келіп жатыр. Облыстағы уақ малдың (қой) 50 пайызына жуығы осы ауданда өсіріледі. Қазір мал қырда жайлауда, күзде қырдан қыстаққа түседі. Осы кезеңде малды сумен қамтамасыз етуде су тапшылығы туындау және мал шығынына ұшырау тәуекелдері өте жоғары. Мәселені шешу үшін жоғарыдан секундына 200 текше метр көлемінде су бөлінуі қажет. Сонымен бірге, аудандағы Шалқия кен орнында полиметалл рудасын өнеркәсіптік игеруде өндірістік кәсіпорын жобалық-сметалық құжаттамаларда негізделгендей Сырдария өзенінің суын пайдалану орнына, жерасты суларын пайдалануда. Осы себептерден аумақтағы жерасты сулары тартылып, жергілікті тұрғындарға ауыз су және басқадай қажеттіліктерге су жетіспеушілігі орын алуда.
Түгіскен алқабын суармалы сумен қамтамасыз ету мақсатында Сырдария өзенінің бойына 1,5 млрд теңге қаражат бөлініп қалқыма тоспа салынған. Қазіргі уақытта, қалқыма тоспаны салу барысында атқарылған жұмыстардың сапасыздығы себепті ол істен шыққан. Осыған байланысты Түгіскен алқабына берілетін су көлемі күрт төмендеген. Қазіргі күні алқапта орналасқан елді мекендер мен шаруашылықтардың бау-бақша, егістіктеріне және басқаларына су жетіспеушілігі орын алып отыр. Аталған мәселені шешу үшін, мемлекет тарапынан қаражат қарастырылып, қалқыма тоспаны жедел қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуі тиіс.
Келесі мәселе, Жаңақорған ауданындағы 2018 жылы іске қосылған «Премиум Класс-Строй» ЖШС зауыты жылына 100 мың тоннаға дейін әктас өндіреді. Әктас зауыты бүгінгі күнге дейін газ құбырына қосылмаған. Құбырға қосылу шығындарының жоғары болу себебінен зауыттың өз күшімен қосылу мүмкіндігі жоқ. Осы мәселені шешуге мемлекеттік қолдау қажет. Зауыт газға қосылған жағдайда, ондағы өндіріс көлемі артып, жылына 500 мың тоннаға дейін әктас өндіретін болады.
Өзекті мәселенің бірі – өңірлердегі шағын құс шаруашылығына қолдау көрсету. Мысалы, «Шиелі құс» ЖШС-і күніне 15 мыңға жуық жұмыртқа өндіреді. Бүгінгі күні құс шаруашылықтарына белгілеген тәртіпке сәйкес тағамдық жұмыртқа өндіру құнын арзандату мақсатында субсидия бөлінеді. Бірақ аталған субсидия ірі құс фабрикаларына қарастырылған (өткізілген жұмыртқа кемінде 20 млн данадан басталатын өндіріске беріледі). Осы себепті өңірлердегі шағын және кіші құс шаруашылықтарының өркендеуіне мемлекет тарапынан қолдау көрсетуді, яғни субсидия беруді қарастыру керек. Бұл өз кезегінде жергілікті халықты арзан тағамдық жұмыртқамен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар аудан әкімдіктерінің мәжіліс залында аудан ардагерлері, мәслихат депутаттары, мекеме-бөлім басшылары, мектеп директорлары және БАҚ өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында сенаторлар айтылған мәселелер мен ұсыныстарды шешуге атсалысатындарын жеткізді.
Дайындаған
Жолдыбай БАЗАР,
«Egemen Qazaqstan»