• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Тамыз, 2021

Семейде полигонның жабылуына арналған көрме өтуде

603 рет
көрсетілді

Семей қаласында ядролық полигон жабылуының 30 жылдығына орай «Негізгі шешімдер уақыты» көрмесі ашылды, деп жазады Egemen.kz.

Көрмені Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы Шығыс Қазақстан облысы мен Семей қаласы әкімдіктерінің қолдауымен ұйымдастырды.

Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат құттықтау сөзінде полигонның жабылуы мен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келгенін атап өтті.

«Биыл Семей ядролық полигонының жабылғанына 30 жыл толып отыр. Тарихи оқиғаның қазақстандықтар үшін орны ерекше. Алашорданың астанасы, Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов сынды абыройлы азаматтардың қасиетті өлкесі атанған Семей жері жиырмасыншы ғасырда жан түршігерлік сынаққа ұшырап, КСРО-ның негізгі ядролық полигонына айналды. 40 жылдың ішінде Семей даласында 456 ядролық жарылыс жүргізілді. Полигонның жерімізге, халқымызға тигізген зияны орасан зор. 1991 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Әэ Назарбаевтың жарлығымен полигон жабылды. Тарихи сәт семейліктер мен жалпы қазақстандықтарға ғана емес, бүкіл адамзат үшін маңызды оқиғаға айналды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ядролық қаруға қарсы бастамаларды ілгерілету және халықаралық қауіпсіздікті нығайту бойынша Елбасының саясатын жалғастырды.  Мемлекет басшысы 2019 жылдың қыркүйегінде БҰҰ Бас ассамблеясының 74-сессиясында ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу Қазақстанның негізгі басымдығы болып қала беретінін атап өтті», деді ол.

Сонымен қатар Абай атындағы Шығыс Қазақстан облыстық әмбебап кітапханасының директоры Гүлнар Жігітбаеваға Елбасы кітапханасы қорының басылымдарын тарту етті.

Экспозиция Қазақстан тарихынан сыр шертетін Елбасы кітапханасы қорындағы архивтік материалдар, жәдігерлермен мен кітаптар кешенін көпшілік назарына ұсынады. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау ісіне қосқан үлесі үшін берілген халықаралық марапаттары көрмеде ерекше орын алады.

Көрме тұсаукесерінде облыс әкімінің орынбасары Азамат Мухамедчинов Қазақстанның адамзатты ядролық қарудан азат етуге және жаппай қырып-жоятын қаруды таратпауға бағытталған  саясатын халықаралық қоғамдастық мойындайтынын айтты.

«Нәтижесінде бұл саладағы еліміздің жаһандық көшбасшылығын нығая түсті. БҰҰ мінберінен, халықаралық форумдардан, сондай-ақ ядролық держава басшыларымен жеке кездесулерден осы ұстанымдарды түбегейлі және дәйекті түрде қорғаған еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың рөлі ерекше», деді ол.

Семейден кейін Невада, Новая Земля, Лобнор, Муруроа қалаларындағы полигондар жабылды. Сондықтан БҰҰ Бас ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күрес күні деп жариялады. 

«Қазіргі геосаяси тұрақсыздықта, елдер қару-жарақпен санасып, ядролық қарумен жарысып жатқан тұста Қазақстанның ядролық қаруға тыйым салу идеясының авторы әрі жаһандық бітімгер ретінде рөлі ерекше маңызды. Осы орайда Вашингтонда 2016 жылғы 31 наурызда Н.Ә. Назарбаев ұсынған «Манифест. Әлем. XXI ғасыр» атты Қазақстанның Ұлттық баяндамасы өзекті. Құжат Бас ассамблея мен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің ресми құжаты мәртебесін алды», деп жазады Елбасының кітапханасы.

«Маңызды шешімдер кезеңі» көрмесі үш бөлімнен тұрады:

1. «Семей қасіреті» бөлімі көрермендердің назарына Семей ядролық сынақ полигонының қызметімен байланысты жағдайдың барлық қайғы-қасіретіне толы материалдарды ұсынады;

2. «Елбасының ядролық қарусыз әлем жолындағы бастамалары» бөлімінде кітапхана, архив, музей қоры материалдарының негізінде Елбасының ядролық қатерден азат әлемді нығайтуға бағытталған бастамалары көрсетілген;

3. «Бейбіт атомға құқық» бөлімі Елбасының атомды бейбіт мақсатта пайдалану идеясын насихаттау және ядролық технологияларды таратуға қатысты қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету жөніндегі қызметі туралы архив материалдарының, музей экспонаттарының және кітаптардың кешенін білдіреді.

«Маңызды шешімдер кезеңі» көрмесі 2021 жылдың 27 қыркүйегіне дейін жалғасады. Оның материалдарымен Елбасы кітапханасы ресми сайтының «Көрмелер» бөлімінде танысуға болады.