Әлемге әйгілі қайраткер Нелсон Манделаның немересі Ндилека Мандела ел газеті «Егемен Қазақстанға» қонаққа келді. Оңтүстік Африка республикасының тұңғыш президенті, Нобель сыйлығының лауреаты Нелсон Манделаның мұрасы, екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастық туралы білмек үшін құрметті мейманмен сұхбаттасқан едік.
Ндилека Мандела – Нобель сыйлығының лауреаты Нелсон Манделаның үлкен немересі, ол 1965 жылғы 22 ақпанда Кейптаун қаласында дүниеге келген. Филантроп, әлеуметтік және гуманитарлық сала қайраткері. БҰҰ аясындағы «Мандела сияқты көшбасшылар» атты халықаралық бағдарламаның басшысы. Адамның иммунтапшылық вирусы инфекциясы және жұқтырылған иммунтапшылығының синдромы (АИВ/ЖИТС), сондай-ақ туберкулезбен күресу бойынша Жаһандық қордың бірқатар бағдарламалары бойынша жұмыс істейді. Reset Global («Жаһанды қалпына келтіру») атты Ғаламдық ассамблея шеңберіндегі Консультативтік кеңестің Африканың жастары мен Африкадағы денсаулық мәселелері жөніндегі уәкілі.
– Ндилека ханым, елімізге қош келдіңіз.
– Қабылдағаныңыз үшін алғыс білдіремін. Қазақстан бізді жылы қарсы алды. Мұндағы адамдар өте жылышырайлы екен. Бұл маған қатты әсер етті.
– Қазақстанға алғашқы келуіңіз бе? Еліміз туралы әсеріңізбен бөліссеңіз.
– Маған халықтың қонақжайлылығы мен жылы қарсы алуы, мәдениеті ұнады. Сондай-ақ шаһарларыңыз да өте көркем екен. Елдегі даму бағыты Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екені көрініп тұр. Сол кісінің еңбегінің нәтижесінде осындай ғажайып, таза, жасыл қала дүниеге келді.
Кеше астанада іскер әйелдер тобымен кездестік. Сонда талқыланған мәселенің бірі – ауылдық жерлердегі әйелдердің кәсіппен айналысуы болды. Жалпы, біздің елде де мұндай орта бар. Бірақ бұл салада Қазақстандағыдай жетістікке қол жеткізбедік. Демек, бұл елдеріңіздің осы тұрғыда қаншалықты дамығанын көрсетеді.
– Алғашқы әсеріңіз қандай?
– Екі ел арасында өте көп ұқсастық бар. Қазақстанда көптеген этностық топ мекендейді екен. Оңтүстік Африка да көпэтносты мемлекет. Солардың ішінде 11-і ең үлкен этнос саналады. Сондай-ақ олардың тілі ағылшын тілімен бірге ресми тіл ретінде жүреді. Осы тайпалардың бәрінің қоғамда өз орны бар. Осы тұрғыдан алғанда ұқсас екенбіз.
– Нелсон Манделаның ядролық қаруға қарсы күрескенін білеміз. Қазақстан – ядролық қарудан ресми түрде бас тартқан ел. Оны қалай бағалайсыз?
– XXI ғасырда ядролық қаруға қарсы күресу маңызды. Әлбетте, Қазақстанның бастамасы баршаға үлгі. Менің атам айтқандай, осындай қадамға бармайынша «ешқашан ядролық қаруға қарсы жеңіске жете алмаймыз». Одан бас тартқанымызбен, адам өміріне әкелген зияны ғасырларға созылады. Сондықтан қазіргі таңда ядролық қарудан бас тарту, жаппай қырып-жою қаруларын таратпау жөніндегі келісімге қол қойған елдердің санын көбейту өзекті бола түсті. Өйткені ядролық қару қаупінен бөлек, жер-жаһан коронавирус секілді індетпен де бетпе-бет келді.
– Коронавирус дегеннен шығады, бүгінде бүкіл әлем індетпен күрес жүргізуде. Вируспен күрес сіздің елде қалай жүріп жатыр?
– Бүгінде Оңтүстік Африка Республикасында жаппай вакцина салу жүріп жатыр. Халықтың 30 пайызы екпе қабылдады. Әртүрлі жас санатына байланысты вакцина салынады. Әрине, ұжымдық иммунитет қалыптастыруға бұл жеткіліксіз. Әлі де көбірек екпе алуға құқылымыз. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді. Желтоқсанда ұжымдық иммунитет қалыптастырамыз деп ойлаймын.
– Африкада, жалпы әлемде экологиялық мәселе ушығып тұр. Қуаңшылық, құрғақшылық секілді апаттар қиындық туғызбай қоймайды. Осы мәселеге қатысты көзқарасыңызды айта кетсеңіз.
– Бұл мәселенің негізгі себебі – парниктік газдар. Сондықтан онымен күресу үшін жаһандық деңгейде көмірқышқыл газының шығарылымын азайтуымыз керек. Шартараптың түкпір-түкпірінде болып жатқан табиғи апаттардың бәрі осыған байланысты. Яғни климаттың өзгеруімен ауа райы күрт құбылып жатыр.
Оңтүстік Африка Республикасы да бұған үлес қосқысы келеді. Сондықтан елде көмірқышқыл газы шығарылымы көлемін азайтуға қатысты кең көлемді жобалар басталған. Осылайша, қуаңшылық, су тасқыны секілді апаттарға тосқауыл болғымыз келеді.
Сондай-ақ елде оттегі көлемін қалпына келтіру мақсатында көптеген ағаш егіліп жатыр. Айтпақшы, Қазақстан да бұл жағынан алдыңғы қатарда тұр. Мәселен, астаналарыңыздың айналасына жасыл белдеу жасап, көптеп ағаш отырғызғандарыңызды жоғары бағалаймыз.
Біздің президентіміз де еліміздегі орманды алқаптың көлемін ұлғайтуды тапсырды. Өздеріңізге мәлім, жасыл желек көмірқышқыл газын жұтып, ауаға оттегі бөледі. Бұдан бөлек, күн энергиясын тиімді пайдалануға да ерекше мән беріп отырмыз.
– Нелсон Мандела қанша жыл абақтыда отырса да көптеген қақтығыспен шиеленісті түзу шешуге тырысты. Елде тыныштық орнады. Жаңа елде 11 этнос тату тұрып жатыр деп айтып кеттіңіз. Қазақстанда да көптеген этнос бір шаңырақ астында тұрып жатыр. Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы осы бағытта жұмыс істейді. Осы орайда екі елдегі этносаралық татулықты қалай салыстырар едіңіз?
– Әлбетте, бұл тұрғыдан алғанда ұқсастығымыз көп. Қазақстандағы этносаралық тұтастықты жоғары бағалаймыз. Біздің елде 11 ресми тіл бар. Мұны мақтанышпен айтып, насихаттап отырамыз. Мұның бәрі қоғамның баршаны тепе-тең ұстайтынының, жан-жақтылығының, айырмашылығымызға қарамастан тату екеніміздің дәлелі. Мұндай татулықтың үлгісін сіздерден де көріп отырмыз.
Оның үстінде, еліміздегі заң шығарушы органдарда түрлі ұлт өкілдері еңбек етеді. Мәселен, таяуда Йоханнесбургтің әкімі болып басқа елде туған азамат сайланды. Бұл да баршаға ортақ қарайтынымызды көрсетеді. Тіпті парламентте Қытай елінен көшіп келген азамат еңбек етеді. Осылайша, мәдени айырмашылықтарымызға қарамастан, бәріміз тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз.
– Жергілікті тілдер жойылып кетпеді ме?
– Оңтүстік Африкада ағылшын тілі кең тараған, жиі қолданылады. Себебі бұл – бизнестің тілі. Ал жергілікті тайпалардың тілдері жойылып бара жатыр. Жастар ол тілде сөйлемейді. Мұнымен күресу үшін жазушылардан шығармаларын сол тілдерде жазуды сұрап отырмыз. Сондай-ақ ата-аналарды үйде балаларымен ана тілінде сөйлесуге шақырып, ұрпағына ана тілін үйретуге үгіттейміз.
– Оңтүстік Африка Республикасында білім мен ғылым қарқынды дамып отырғанын білеміз. Сіздің көптеген жастар қозғалысын қолдап жүргеніңізден хабардармыз.
– Білім мен ғылым, денсаулық салалары мен басқаратын қордың негізгі тіректерінің қатарынан саналады. Төртінші өндірістік революциядан кейінгі кезеңде сауатты жастардың санын арттырып, оларды компьютерді қолдануға, цифрлы технологияларды тиімді пайдалануға, ғылыми зертханалардағы жұмысқа, кітапханаларға келуге үйретеміз. Себебі қазіргі таңда әлем осы бағытқа, ғылым мен білімге беттеп барады. Осындай кезеңде цифрлы технологияны меңгеру, дижитал білім алуды меңгеру аса маңызды.
– Жастар туралы сөз еттіңіз. Әрине, Оңтүстік Африка Республикасы мен Қазақстан арасында дипломатиялық байланыс орнаған. Екі елдің жастары арасындағы қарым-қатынас қай деңгейде? Өзара білім алмасып жүргендер бар ма?
– Бізге еріп жүрген Самат деген жігіт Оңтүстік Африкада білімін шыңдап келді. Қазіргі таңда Қазақстанның Оңтүстік Африка Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Қанат Тұмыш мырзамен бірлесіп, біздің қордан үш студент таңдадық. Олар Қазақстанда білім алады. Қазір бұл жұмысты тәмамдауға жақынбыз.
Сондай-ақ алдағы уақытта қазақстандық оқу орындарымен, компаниялармен кездесіп, студент алмасу бойынша келіссөздер жүргіземіз. Келешекте қазақстандық жастар Оңтүстік Африка Республикасының университеттерінде оқиды деп үміттенеміз.
– Қазіргі таңда әлемдегі басты мәселенің бірі – «ақыл-ойдың көшуі», яғни оқыған азаматтардың шетелге кетуі. Сіздерде мұндай түйткіл бар ма? Жастар арасындағы еңбек көші-қонының алдын алу үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?
– Әрине, «ақыл-ой ағыны» бүкіл әлемде бар құбылыс. Әдетте мұны сипаттағанда білімді азаматтардың басқа елге кетуін айтады. Бірақ сонымен қатар ел ішінде де «ақыл-ойдың көшуі» кездеседі. Мысалы, мен медицина саласында білім алдым. Реанимация бөлімінің мейірбикесі мамандығым бар. Қордағы жұмысқа байланысты ол қызметті тастап кетуге тура келді. Бір кәсіптегі маманның басқа салаға ауысып кетуі де «ақыл-ойдың көшуі» саналады.
Сондай-ақ білім алып, шетелге кету де бар. Меніңше, мемлекет бұған жол бермес үшін халықтың әл-ауқатын жақсартуы қажет. Себебі адамдар басқа мемлекетке өз еліне көңілі толмағандықтан емес, әлеуметтік жағдайы көңілінен шықпаған соң кетеді. Иә, кейде бір мемлекет деңгейінен асып түсіп, өз әлеуетін толығымен пайдалану үшін шетелге шығуға тура келетін кез де болады.
– Сіз – әлемге танымал әйел қайраткерлердің бірісіз. Қазіргі таңда халықаралық қоғамдастықта талқыланатын үлкен тақырыптың бірі – гендерлік саясат. Әйел теңдігі деген тақырып жиі көтеріледі. Оған байланысты пікіріңізді біле кетсек.
– Расында, гендерлік теңдік, әйелдер құқығы – қазіргі таңда өзекті мәселе. Себебі әйел затын жалпы алып қарасаңыз, не істесе де жандандырып, құлпыртып жібереді. Жайқалта түседі. Ақша берсең, оны бірнеше есе қылып қайтарады. Үй берсең, оны шаңырағыңа айналдырады. Сондықтан гендерлік теңдікті қалыптастыруға талпынып жатырмыз. Әрине, қалағанымыздай деңгейге әлі жеткеніміз жоқ. Бірақ бұл бағыттағы жұмысымыз жалғаса береді.
Қазіргі таңда біздің елімізде министрлер кабинетінде қызмет ететіндердің жартысы әйелдер. Сондай-ақ елге танымал кәсіпкерлер арасында да әйелдер өте көп. Осылайша, гендерлік теңдік орнайтын қоғамға баппен қадам басып келеміз.
– Қазақтар да әйелді қатты құрметтейді, қыздарды төрге отырғызады. Сонау орта ғасырдан бері Айша бибі мазараты секілді әйелдерге арналып ескерткіштер салынған. Осы орайда қазақ дәстүрлері мен африкалықтардың дәстүрлері арасында өзіңіз байқаған ұқсастықтар бар ма? Мәселен, біз үшін той өте маңызды. Сіздерде той қалай өтеді?
– Меніңше, географиялық тұрғыда алшақ жатқанымызға қарамастан, әлем халықтарының мәдениеті мен дәстүрі өзара ұқсас. Той жасау, мерекелеу секілді салтанатты іс-шараларды тойлауда қазақтармен де ұқсастығымыз өте көп.
Мәселен, бізде жаңа түскен келін отбасына сіңісіп кету үшін сондағы туыстарына жаңа ат қояды. Оның үстіне, келін қойған атаулардың маңызы ерекше. Өйткені ол сол адамдардың келінге қаншалықты жақын екенініне де байланысты.
Бұдан бөлек, келінге төленетін қалыңмал да бар. Бұл – алғыс айту. Мысалы, күйеу жігіт қалыңдықты әкетпестен бұрын ата-анасы оның үйіне барып, осы қалыңмалды береді. Бірақ бұл қыздың құны емес, құдаласқан адамға деген құрметті білдіреді. Бұл қаражат жас отбасының аяққа тұрып кетуіне жұмсалады.
Өкінішке қарай, Африкада, әсіресе, құрлықтың батыс жағында жас қыздарды еркінен тыс үлкендерге тұрмысқа беру жиі кездеседі. Әйелдер қозғалысын қолдаушы ретінде мен бұған қарсымын. Балалар мұндай оспадар әрекетке ұшырамауға тиіс.
– Бізде де жаңа түскен келін күйеуінің бауырларына ат қояды. Бәлкім, келіннің ат қоюы – сол көне дәуірден келе жатқан ортақ дәстүр шығар.
– Иә, айтып өткенімдей, әлем халықтарының мәдениеттері өте ұқсас. Сәл ғана айырмашылық бар.
– Сіз белгілі, үлкен әулетте дүниеге келдіңіз. Бұл қандай артықшылық береді, нендей жауапкершілік жүктейді?
– Белгілі отбасында өсу – үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл, әсіресе, менің атамның беделіне байланысты. Ол кісі жаһандық тұлға, бейбітшіліктің жаршысы ретінде танылды. Осылардың бәрін ескерсек, бізге оңайға соққан жоқ. Сондықтан бүкіл нәрсені осы деңгейде өлшеу қажет. Сондықтан мен кітап жаздым. Мен үшін маңыздысы – өз жолымды табу. Онда өз дауысымды тауып, мақсатымды айқындағым келді. Себебі менің атам өмірдегі өз мақсатына қол жеткізді деп ойлаймын. Сол секілді менің де болашағым айқын болуға тиіс.
Ата-аналарымыздан көп нәрсе үйрендік. Сондай-ақ шынайы болуды меңгердік. Сондықтан гендерлік теңдікті ілгерілететін белсенді болуды, әйелдер құқығын қорғауды қолдауды таңдадым. Осылайша, қазір басшылық жасайтын қордың негізін қаладым. Бұл да атамның жұмысының жалғасы. Біздің қор адам құқығын қорғап, білім, денсаулық және даму секілді салаларды қамтиды.
Мен бастамашы болған бағыттың бірі – көшбасшылықты дамыту бағдарламасы. Әсіресе, жастардың бойындағы осы қабілетті ашу қажет. Мұны атам Нелсон Мандела да қатты қолдаған. Олар ертеңгі күннің көшбасшыларына айналуы керек. Өйткені қазіргі таңда шартарапта бетке ұстар, халық соңынан еретін тұлғалар санаулы. Мұның бәрі қоғамдағы әлеуметтік қиындықтарға әкеледі. Сондықтан БҰҰ аясында «Мандела секілді көшбасшылар» атты халықаралық бағдарламаны жүзеге асырып жатырмыз.
Сондай-ақ отбасында мен тұңғыштардың ішіндегі тұңғышымын. Яғни Нелсон Манделаның алғашқы әйелінен туған ұлдың бірінші қызымын. Яки мен – атамның алғашқы немересімін. Сондықтан отбасындағы менің рөлім үлкен болды. Бауырларыма ақыл-кеңес беріп, алға сүйреп отыруым қажет. Себебі олар менен үлгі алады.
– Қазіргі таңда медиа саласын алаңдататын мәселенің бірі – баспасөздің оқылмауы. Сіздің елде газет қаншалықты оқылады, баспасөзге көзқарас қандай? Жалпы, басылымның болашағы бар ма?
– Баспасөз кездесіп отырған мәселе төртінші өндірістік революциядан кейін туындады. Себебі көптеген адам газеттің қағаз нұсқасын сатып алғаннан гөрі, ақпаратты интернеттен оқи салғысы келеді. Бұл басылымдар үшін үлкен түйткіл.
Менімен қатар буын әлі де қағаз нұсқасын оқуды жөн көреді деп ойлаймын. Себебі газет пен кітапты парақтап, оны ұстап көріп, иісін сезінбесең, әсер етпейді. Жас ұрпақ Kindle секілді құралдарға сүйенеді. Мен оны қолдана алмаймын. Өйткені маған кітапты ұстап көріп, иісін иіскеп отырып оқу қажет. Бұл ұрпақтар сабақтастығы арасындағы мәселе.
Меніңше, бұдан шығар жалғыз жол – ұрпақ сабақтастығын қалпына келтіріп, өзара ымыраласу қажет. Біз олардың, олар біздің өмірімізді түсінгені жөн. Негізінен жастар кітап оқығаннан гөрі, кино көргенді ұнатады. Алайда кітаптың астарынан кинода байқалмайтын көптеген нәрсені табуға болады.
Сонымен қатар баспасөз үшін басылымның контенті маңызды. Егер газетте тың деректер көп болса, халықтың қызығушылығы артады. Өкінішке қарай, кейінгі кезде медианы жағымсыз ақпараттар жаулап алды. Бірақ бұл адамды шаршатып жібереді. Осындайда жылы, жүрекке жақын келетін жаңалықтарды көбірек оқығың келеді. Ендеше, газет бағытын өзгертіп, жағымды жаңалықтарды көбірек жазса, оқырмандар саны артатын еді деп ойлаймын.
Интернетте қалаған нәрсені жазуға мүмкіндік бар. Соның салдарынан өтірік ақпарат желдей есіп жүреді. Әлемнің мына басындағы оқиға ана басына өзгеріп жетеді. Мәселен, вакцинаға қарсыларды алайық. Дижитал медиа олардың өтірігін тез таратуға үлес қосып отыр.
– Антиваксерлерді еске салып өттіңіз. Қазіргі таңда сіздің елде бұл мәселе қалай шешімін тауып отыр?
– Өкінішке қарай, антиваксерлер – әлемдік қозғалыс. Ол біздің елді де айналып өткен жоқ. Мысалы, елге танымал соттардың бірі, діншіл кісі «вакцина зиян» деп өтірікті соғып жүр. Ғылымға мән беретін адам болғандықтан, мен деректерге назар аударамын. Вакцинаның қалай әсер ететінінен хабардармын. Адамдар екпе бақылау, жою үшін арналған деген ақылға қонымсыз мәліметке сенбеуге тиіс.
Вакцинаның тарихына көз жіберсек, шешек секілді көптеген ауру түрінен осы екпе арқасында құтылдық. Деректердің бәрі вакцинаның тиімділігін көрсетіп отыр.
– Биыл Қазақстан ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр. Осы орайда, «Егемен Қазақстан» арқылы газет оқырмандарына қандай тілек айтар едіңіз?
– Қазақстанға Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыртуымен келдім. Сондықтан Елбасына ризашылығымды білдіріп, зор алғысымды жеткізгім келеді. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы құтты болсын! «Егемен Қазақстан» газетінің оқырманы көп, заманауи басылымға айнала беруіне тілектеспін. Газет ұжымына шығармашылық табыс тілеймін!
– Мазмұнды сұхбатыңыз үшін рахмет.