Біз бұл туындыны бұлдап бергелі отырмыз. Туынды қатардағы, жай дүние емес. Ел біле бермейтін суретші Берік Қарашолақов тоқыған Қасым Аманжоловтың бейнесі көзге оттай басылып, көңілге қонғандықтан солай дедік.
Бұған дейін Қасымның қаншама портретін көріп келдік. Әрқайсысы әртүрлі, бірақ бірінен-бірі өтеді.
«Олар да бұл Қасымды бір байқасын» деп қаршығадай қомданады да тұрады ылғи. «Күл болсын көк, жемірілсін жер, уайым жоқ, көз қырыммен күліп қана қарармын!» деген Мағжан Жұмабаевты еске түсіреді суретінің өзі. «Түркістан екі дүние есігі ғой» деп жырлаған Алаш ақынының тұла бойы тұңғышы еді Қасым. Сол Түркістан әлі күнге бұл дүние мен ол дүниенің есігі болып тұр. Демек әлімсақтан солай болған, ілкіде араб мәдениеті келмей тұрып сондай болған. Арабқа ислам сіңбей тұрып Түрік ел ғана емес, ұлы империя болғанын неге ұмытамыз?! «Түркістан екі дүние есігі ғой» деп ол дүние мен бұл дүниені ғана айтып тұр ма ақын?
«Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы. Танисың ба сен мені, мен – қазақтың баласы», деді Қасым. «Мен қалған бір атаның ғасырымын» деген тағы сол. Не деуге болады тағы?! Уақыт өткен сайын көк гауһардай түрленетін Қасым шығармалары ғана емес, ақынның кісілік болмыс-бітімінің айнасындай бет-бейнесі де жаңғыра түседі екен. Ел біле бермейтін суретші Берік Қарашолақовтың мына гобеленін (қолдан тоқыған кілем-сурет) қараңыз. Көз тоқтайды еріксіз. Бұған дейінгі Қасымдардан ерекше. Бояуы қанық табиғаттың өзіндей. Мұндай гобеленмен тоқып салуға екінің бірі бара бермесе керек-ті. Суретті салғаны өз алдына, матаға тоқиды ғой. Мүлт кетсе, ұқсамай қалады. Қолдың саусағымен емес, түйсіктің саусағымен тігілетін сияқты. Жіптерінің бояулары да сан алуан құбылыстарға жол ашқандай.
Бұған дейін Абай мен Сәкен бейнесін тоқыпты суретші. Олар да тамаша! Сөйтсе де бізге қатты ұнағаны Қасым. «Сатып алам?» деген адам болған жоқ па дедім авторға. «Бәрі «жақсы, тамаша» дейді, бірақ сатып алам деген адам жоқ әлі», дейді. «Өлеңдерімді алатын адам болса, сатар едім» депті бірде Өтежан Нұрғалиев. Қазақтың ұлы ақындарының бірі – Өтежан! Жар басына құлауалды келгеніміздің белгісі емей не бұл?! Менің есіме Ұлықбек Есдәулеттің «Антижарнама. Қалы кілем» өлеңі түсті. Оқып көріңіз:
«Жоқ, бұл кiлем сатылмайды,
Сатылмайды, оқырман.
Жұтқан кезде ақын қайғы,
Көз жасынан тоқылған.
Тағдыр менiң сезiмiмдi
Ақ сабаумен сабаған.
Жүндей түтiп төзiмiмдi
Қылшықтаған сан адам.
Қан шұбырған тамырымнан
Шуда есiп көп бiлек,
Санам менен сабырымнан
Киiз басқан тепкiлеп!
Жүйкемнiң бар талшықтарын,
Суыртпақтап суырып.
Ашудасқа малшып бәрiн,
Арқау еткен иiрiп.
Кемпiрқосақ түрлі реңде
Көздi жаулап құбылар,
Көре бiлсең бұл кiлемде
Жүрегiмнiң түгi бар.
Әр өрмегі сезіміммен,
Сағынышыммен боялған,
Бұл кiлемдi көзiм дер ем,
Көрмеге оны қоя алман!..».
Мен алар едім бұл кілемді. Қасымның жырын, рухын сүйгендіктен алғың келеді де. Бірақ ақшам жетпесіне сенімдімін. Автордың өзі қойған бағасына емес, менің өзім, ішкі түйсігім қойған бағаға. Адамның ең аяулы сезімдері мен қасиетті рухының құнына баға жете ме? Ертеде шын шебер қолдан шыққан шақшаны байлар қысырақтың үйіріне алған көрінеді. Ондай әңгімелер жетерлік ел ішінде. Бірақ ол жай ғана насыбайдың шақшасы ғой. Қазақ рухының алдаспаны Қасымның суреті ше?! Ол қанша тұруы керек сонда?
«Мен қара жер емеспін
сатылып кететін,
Мағжан да емеспін атылып кететін…
Қара жер құнарлығы үшін сатылды,
Мағжан сатылмағаны үшін атылды...», деген Жәркен Бөдештің өлеңі осындайда еске түседі. Сатылып өмір сүретін заманда сатылмағанды жай жүргізбесі анық-ты. Қасым да соны көріп ыза мен кектен атылып кеткен жанартау Мұқағалидің айтуынша.
«Жеді. Тынды... Керемет
дерттер төніп,
Кең кеудеде кетті ғой кектер сөніп.
Қасым деген қалғыған жанартау ғой,
Жанартау ғой,
Жанды да кетті өртеніп», деді Мұқаң.
Өнерді өлген атасынан асыра құрметтеген өркениетті елдерде мұндай еңбектер өте қымбат тұрары анық. Бізде саудаланса, алатын адам табылса, қуанар едім. Қасымның бейнесі ғана емес, бұл суретте суретшінің жүндей түтілген төзімі мен жүйке талшықтарының махаббаты, жүрегінің сезімі жатыр ғой. Қасым бейнесі уақытпен бір түлей береді дегеніміз сондықтан жоғарыда.