Мәйітхана... Бұл жердегі көріністі айтудың өзі ауыр. Жақынын жоқтап, ақтық сапарға шығарып салудың қамымен жүрген қайғылы жұрттың қарасы азаймай тұр. Түркістан облыстық патологиялық-анатомиялық бюросы қызметкерлері пандемия басталғалы мәйіттің көбейгенін айтуда. Өйткені мұнда аталған дерттен көз жұмғандар да жеткізіледі. Бір тәулікте 30 мәйітке дейін талдау жүргізіледі.
Түркістан өңірімен қатар Шымкент қаласының тұрғындарына да қызмет көрсететін медициналық ұйымның бас дәрігері Мұратхан Қопабаевтың айтуынша үшінші мегаполистің денсаулық сақтау басқармасына қарасты патологиялық-анатомиялық бюроның жоқтығынан мәйіттердің бәрі операциялық биопсиямен осында әкелінеді.
Былтыр коронавируспен ауырғандардың денесі ашылмай берілсе, биылғы алгоритмге байланысты мекеме мамандары COVID-19-бен ауырып көз жұмғандардың мәйітінен бактериологиялық анализдер алып, инфекциялық ауруханаға, бактериологиялық зертханаға жібереді. Санитарлық-эпидемиологиялық стансаның өз ережесі бар, оң нәтиже көрсетілген мәйіттерді жерлеуге бірге барып, өз жұмыстарын атқаруда. Ауруханаларда қайтыс болғандардың барлығы дерлік осында жөнелтілетін болғандықтан, бас дәрігерден адамдардың ковидтен басқа қандай аурулардан көбірек көз жұматынын сұрағанбыз. «Әр адамның иммундық жүйесі, иммунитеті әлсіреген сайын кез келген инфекцияға ұшырау қаупі жоғары. Сондықтан әлсіреген ағза кез келген инфекцияны қабылдайды. Бізге тек қана коронавирус жұқтырғандар әкелініп жатқан жоқ. Мұнда мәйіттер көбіне Шымкент аумағында ораналасқан облыстық ауруханалар мен Шымкент қалалық емдеу мекемелерінен жеткізіледі. Олардың арасында инсульт, ишемиялық инсульт, геморрагиялық инсульт, миға қан кету сынды аурулардан қайтыс болғандар аз емес. Дегенмен коронавирустан қайтыс болғандар көп. Шымкент «қызыл аймақта» болғандықтан коронавирустық инфекция, өкпе асқынулары, неше түрлі буллезді пневмония, екіжақты, жаппай пневмония сынды диагноздармен келіп, тыныс жетіспеу ауруларынан жан тапсырғандар көп. Бұрын бюроға жылына 600-ге жуық мәйіт түсетін. Коронавирустың өршуіне байланысты мәйіт саны 1300-1400-ге дейін жетті. Сондықтан бүгінде індеттен сақтанудың бірден-бір жолы екпе салдыру дер едім. Жақындарына шын жаны ашитын азаматтар карантин талаптарын қатаң сақтауы қажет», дейді Мұратхан Қопабаев.
Облыстық патологиялық-анатомиялық бюрода 13 дәрігер, 26 орта буын лаборант және әр бөлімшеде 4-5 санитар жұмыс істейді. Көпшілік әдетте туысының мәйітін тілдірмей алып кетуге ұмтылады. Тіпті тігілген мүрдені көргендер бір мүшесін алып қойды ма деп, күдігін де жасырмайды. Бұл орайда Мұратхан Рысбекұлы олай істеу мүмкін еместігін айтады. «Иә, бізге «дене мүшесін алып қоясыңдар» деп айтатындар бар. Бірақ ол мүмкін емес. Қайтыс болғаннан кейін кез келген мәйіт ауруханада 2 сағат жатады. Сосын бізге алып келеді. Өйткені денесі жылы болады. Медицина саласында қызмет етіп жүргендер біледі. Қайтыс болған кезде бірден алмаса ол жарамсыз болады. Біз тек гистология жасау үшін әр органнан кішкене тілімдер аламыз. Мәйіттің қалған органдарына тимейміз», дейді бас дәрігер. Облыстық патологиялық-анатомиялық бюро мәйітхана, лаборатория және техникалық қызмет көрсету бөлімінен тұрады. Сондықтан бұл жерді жұрт мәйітхана деп атағанмен, мекеме қызметкерлері 60-70 пайыз тірі адамдармен жұмыс істейді. Яғни облыстық фтизиопульмонология орталығында плевритпен жатқанның бәрі талдауын осы облыстық патологиялық-анатомиялық бюроға әкеледі. Оларға осында қорытынды диагноз қойылады. Плеврит, туберкулез ауруы бар-жоғы 2-3 күннің ішінде анықталып, әрі қарай науқастарға ем-дом тағайындалады. Сондай-ақ қалалық, облыстық мекемелерден операциялық-биопсиялық материалдар көп келеді. Оларға да 3-4 күннің ішінде диагноз қойылып, ем-дом қабылдау жағдайы жасалады. «Әр ауруханада соқырішек, өт жолдары алынған кезде, асқазан жаралары, әйелдердің қиын жүктілік кезеңдері дейді, солардың бәрі бізге келеді. Анализін тексеріп, диагноз қойып береміз. Сол диагноз бойынша мамандар пациенттерін емдейді», дейді бюро басшысы. Мекемеде аппараттық құрылғылар жеткілікті. Патологиялық-анатомияға керекті медициналық техниканың барлығы бар. Әр 5 жылда мамандар кәсіби деңгейін жоғарылатып тұрады. Соңғы рет дәрігерлер Новосибирскіде біліктіліктерін арттырған. Олардың қатарында аудандық ауруханалардағы патологоанатомдар да бір апталық оқуды тәмамдап, тәжірибе жинақтап қайтқан.
Айта кетелік, бейсенбідегі мәлімет бойынша Шымкент қаласында індет жұқтырған 260 жағдай
(225 симптоммен, 35 симптомсыз) тіркелген. Оның ішінде 103 адам инфекциялық стационарға жатқызылып, 157 адам үй бақылауына алынды. Ал Түркістан облысы бойынша індет жұқтырудың 77 жағдайы тіркелді.
Түркістан облысы