• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Саясат 01 Қыркүйек, 2021

Ниет хаттамасына қол қойылды

378 рет
көрсетілді

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шаралар аясында Женева қаласында (Швейцария) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының делегациясы БҰҰ бөлімінің Женевадағы кітапхана және архив директоры Франческо Пизаномен кездесті.

Іс-шара БҰҰ-ның Женева­дағы бөлімшесінің бас директоры Татьяна Валовая мен елі­міздің аталған бөлімшедегі тұ­рақты өкілі Жанар Айт­жа­нованың қатысуымен өтті. Тараптар Елбасы кітапханасы мен БҰҰ бөлімінің Женевадағы кітап­ханасы арасындағы ынты­мақтастық жоспарын талқылап, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы мен БҰҰ бөлімінің Женевадағы кітапхана және архиві арасындағы ниет туралы хаттамасына қол қойды. Құжат архив, тарих салаларындағы көпжақты, халықаралық қарым-қатынастар мен құндылықтарды зерттеудің ынтымақтастығын, Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметі мен Қазақстанның тарихи мұрасын зерттеудегі серіктестікті көздейді.

Жиында Елбасы кітап­ха­на­сының директоры Бақыт­жан Темірболат: «Тұң­ғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев­тың тарихи шешімі­нің арқа­сында Семей ядро­лық полигонын жапқан Қазақ­стан қарусыздану саласы көш­бас­шыларының бірі болып мо­йындалды. 2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы бірауыздан қарар қабылдап, 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялады. Бейбітшілік пен жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға бағыт­талған көптеген басқа баста­малар сияқты мұны да Елба­сы ұсынды. Оның «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесті Бас Ассам­блея мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сі­нің ресми құжаты мәрте­бесін алды. Қазіргі геосаяси тұ­рақ­сыздық жағдайында Қазақстанның бітімгер және ядролық қаруға тыйым салу идея­сының авторы ретінде рөлі зор. Бұл бағытты 2011-2013 жылдар аралығында БҰҰ Бас хат­шысының орынбасары жә­не Женевадағы БҰҰ Еуропа бө­лімі­нің басшысы болып жұмыс іс­те­ген Мемлекет басшымыз Қ.Тоқаев  жалғастырып келеді», деді.

БҰҰ-ның Женевадағы бөлім­шесінің бас директоры Татьяна Валовая да Қазақ­стан­ның ядролық қарусыздануға қос­қан үлесіне тоқталып, өзара байланысты одан әрі нығай­ту­дың маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстан Республи­ка­сы­ның Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасымен қарым-қатынас орнату біз үшін үлкен мәртебе. Н.Ә.Назарбаев – ХХ ға­сыр­дың аяғы мен ХХІ ғасырдың басындағы әлемдік деңгейдегі ірі саясаткерлердің бірі. Оның есімімен аталған мекеменің архиві мен кітапханасын көпші­лікке қолжетімді ету – ақылмен табылған ой. Бүгінде кітапхана – әрі ғылыми орталық, әрі ма­ңызды халықаралық іс-шара­лардың ұйытқысы. БҰҰ Қазақ­стан Республикасының екіжақты ынтымақтастықтағы тұрақты ұстанымын және негізгі бастамаларын, атап айтқанда, қарусыздану, ұлтаралық және конфессияаралық диалог құру сияқты идеяларын жоғары бағалайды. Зерттеушілердің біздің кітапханаға да, Елба­сы кітапханасына да қызы­ғу­шы­лығы зор», деді Т.Валовая. Оның айтуынша, 1946 жылы Ұлт­тар Лигасының барлық архиві мен басылымын қолға алған БҰҰ кітапханасы мен ар­хиві қазіргі уақытта өз қо­рын цифрландыру бойынша ау­қым­ды жобаны жүзеге асырып жатыр. Енді бірегей мате­риалдар әлемнің кез келген же­ріндегі зерттеушілерге қол­жетімді болады. Бүгінде  БҰҰ кітапханасы мен архиві қорында 17 миллионнан астам кітап бар. Кездесуде кітапханалар арасында электронды кітап алмасу ұсынылды.

Өз кезегінде Женевадағы БҰҰ кеңсесі кітапханасы мен ар­­хивінің директоры Фран­­ческо Пизано былай деді: «Қа­­ру­­сыздану және ядро­лық қа­руды таратпау – БҰҰ кең­сесі кі­тап­ханасы мен архи­ві қызме­тінің маңызды бағыт­та­­ры­­ның бірі. Көптеген ма­териал, құжаттар мен кі­тап­тар аталған мәселелерді қам­­тиды. Сондықтан да Қа­зақ­стан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы кітап­ха­на­сының да бұл мәсе­ле­лер­мен айналысатынына қуанып отырмыз. Бұл өзара ын­ты­мақ­тас­тығымызды нығайта түседі».

Естеріңізге салсақ, осы жыл­дың 30 тамызы мен 1 қыр­күйегі аралығында Елбасы кі­тапханасы Женева қаласында халықаралық ұйымдардың өкілдерімен бірқатар іс-шара мен кездесу өтті. Олардың аясында жаһандық және аймақтық қауіпсіздіктің, архивтік және тарихи зерттеулердің, дип­ломатия мен халықаралық қатынастардың мәселелеріне қатысты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған құ­жат­тарға қол қойылды. Сондай-ақ Ел­басы кітапханасы Женева сая­сат және қауіпсіздік орта­лы­ғы ынтымақтастық меморандумы бекітілді.

Семей ядролық поли­го­ны жабылуының 30 жыл­дығына және 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың ха­лықаралық күрес күніне орай Женевада «Қазақстан – БҰҰ: Бейбітшілік үшін серіктестік» халықаралық конференциясы өтті. Конференция барысында ағылшын тіліндегі «Ядролық қарусыз әлемге бетбұрыс: Елбасы бастамалары» ғылыми жинағының тұсаукесері болды.