Бір аптадан астам уақыт бойы Үндістанның солтүстігіндегі Уттар-Прадеш штатында балалардың дене қызуы көтеріліп жатыр. Көпшілігі буындағы ауырсыну, бас ауруы, шөлдеу және жүрек айнуына шағымданған. Кейбірінің аяқ-қолына бөртпе шыққан, деп жазады Egemen.kz.
ВВС жазуынша кем дегенде 50 адам безгектен қайтыс болды, штаттың шығыс бөлігіндегі алты ауданда бірнеше адам ауруханаға жатқызылды. Зардап шеккендердің ешқайсысы Covid-19 тестіне оң нәтиже бермеді.
Үндістан коронавирустың ең қауіпті екінші толқынынан біртіндеп қалпына келе бастаған кезде, елдегі тұрғыны ең көп шоғырланған Уттар-Прадеш штатындағы өлім халық арасында «жұмбақ безгек» туралы дүрбелең тудырды.
Агра, Матура, Майнпури, Эта, Касганж және Фирозабад сынды бірнеше зардап шеккен аудандағы дәрігерлер өлім-жітімнің негізгі себебі - масалар тасымалдайтын Денге безгегі болуы мүмкін екенін айтады. Олардың айтуынша, көптеген пациенттің қанында тромбоциттер саны азайып кеткен. Бұл Денге безгегі асқынғанда пайда болатын белгілердің бірі.
«Науқастар, әсіресе балалар, ауруханаларда тез өледі», дейді Фирозабад ауданының денсаулық сақтау саласындағы жоғары лауазымды қызметкері, дәрігер Нита Кулшреста. Ауданда соңғы аптада 40 адам қайтыс болды, оның ішінде 32 бала бар.
Денге безгегі - аналық масалар арқылы тарайтын тропикалық ауру. Ол туралы дерек Үндістанда жүздеген жылдан бері бар. Жалпы аталған ауру әлемнің 100-ден астам елінде бар, алайда шамамен 70%-ы Азияда тіркелген. Денге безгегінің төрт вирусы белгілі. Балалар ересектерге қарағанда екінші Денге инфекциясынан бес есе жиі өледі.