• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 01 Қыркүйек, 2021

Халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздарына қанша сыйақы беріледі?

1109 рет
көрсетілді

 

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов халықаралық пәндік олимпиадалар жеңімпаздарына қанша сыйақы берілетінін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Мемлекет басшысы әлеуметтік осал топтағы балаларды қолдауға ерекше көңіл бөлді. Оларға «Цифрлық тәлімгер» жобасы аясында қосымша сабақтар алу мүмкіндігі беріледі. Қашықтан оқытуға қарамастан, біздің оқушыларымыз әлемдік шыңдарды бағындырып, Халықаралық олимпиадаларда өткен жылдардағы рекордтарын жаңартты.

Дарынды балаларды қолдау үшін Президенттің тапсырмасына сәйкес конкурсқа қатыспай-ақ гранттар беру, сондай-ақ біржолғы ақшалай сыйақылар көзделетін болады: алтын медаль үшін кемінде 1500 АЕК, күміс медаль – 1000 АЕК, қола медаль – 500 АЕК ұсынылады. Сонымен бірге халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлерін дайындаған педагогтерді қолдау шаралары көзделеді», деп жазды министр Facebook желісінде.

Ал «Жас талап» жобасына сәйкес, сұранысқа ие мамандықтар бойынша жастарға техникалық және кәсіптік білім алу үшін колледждерде тегін оқыту мүмкіндігі кеңейтіледі.

«Президент толық жинақталған ауыл мектептерін жан басына шаққандағы қаржыландыруға кезең-кезеңмен көшіру жөнінде шара қабылдауды тапсырды. Естеріңізге сала кетейін, 2020 жылдан бастап барлық қалалық мектеп жан басына қаржыландыруға көшті. Бұл шара түрлі өңірлерде қаржыландыруды теңестіру, материалдық-техникалық базаны жақсарту, алым-салықтармен байланысты тәуекелдерді едәуір төмендету, мектептердің қаржылық дербестігін арттыру және бюджет қаражатын жұмсау тиімділігін жақсартуға мүмкіндік берді. Бұл бастама білім беру және жекеменшік мектептер ашуға жеке инвестицияларды тартуды ынталандырды», деп жазды А. Аймағамбетов.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында халықаралық пәндік олимпиадаларда жеңімпаз және жүлдегер болған оқушыларға бірреттік ақшалай сыйақы беруді тапсырды.