Катонқарағай ауданының әкімі Дәурен Тілеубаев жақында ақпарат құралдары өкілдерімен болған брифингте елді елең еткізген жаңалықтарды хабардар етті.
Катонқарағай ауданының әкімі Дәурен Тілеубаев жақында ақпарат құралдары өкілдерімен болған брифингте елді елең еткізген жаңалықтарды хабардар етті.
– Өңірдегі Берел қорғаны, Мұзтау мен «Рахман қайнары» және аудандағы пантымен емдейтін онға тарта шипажайларға қазақстандықтар ғана емес, шетелдерден де туристер ағылып келе бастады. 2013 жылы Катонқарағайға 13 мыңнан астам турист келіп демалған, денсаулықтарын түзеп қайтқан. Биылдан бастап жалпы құны 140 миллион теңге болатын халықаралық талаптарға сай бірнеше шипажайлар салуды көздеп отырмыз. «Екі дос» ЖШС ауданның Ақшарбақ, Жазаба, Маралды ауылдарында барлық жағдай жасалған шипажай құрылысын салып бермек, – деді аудан әкімі.
Туризм кластерін дамыту үшін ең алдымен жолдар жөнделіп, әуе қатынасы жолға қойылса тіпті оң болар еді. Аудан орталығы Үлкен Нарындағы әуежай ғимараты жөнделіп, «Үлкен-Нарын-Өскемен», «Өскемен-Үлкен-Нарын» және Астанаға дейін төте әуе қатынасы ашылатын түрі бар. Биыл жол жөндеуге де қаржы мол бөлінбек. Өрел ауылынан Рахман қайнарына дейінгі жолдар да жаңартылмақ. Шалғайда жатқан, табиғаты көз тартатын, ну орманға малынып жатқан Катонқарағайдың даңқын шығаратын кез келді, деп брифингті түйіндеді аудан әкімі.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы.
Суретте: «Екі дос» серіктестігі салған Топқайың ауылындағы шипажай.