• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 02 Қыркүйек, 2021

Мақсат – Жолдаудағы бастамаларды сапалы заңдармен қамтамасыз ету

134 рет
көрсетілді

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығ­мату­лин­нің төрағалығымен Пала­таның VII шақырылымының екінші сессия­сындағы алғашқы жалпы отырысы өтті. Жиын барысында бірқатар заң жобасы жұмысқа алынды. 

Күн тәртібіндегі мәселеге кіріспес бұрын Мәжіліс Төрағасы депутаттық корпустың назарын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған басымдықтарға аударды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаевтың бүгінгі Жолдауы – Қазақ­станы­мыздың тұрақтылығын сақтай отырып, елді одан әрі дамытуға арналған стратегиялық құжат. Себебі Жолдауда саяси, әлеуметтік, экономикалық өсіп-өркендеудің нақты жолдары, нақты қадамдары көрсетілді. Оның ішінде, әсіресе, агроөнеркәсіп, денсаулық, білім, ай­мақтар дамуы және басқа да бағыттарды ны­ғай­туға ерекше көңіл бөлініп отыр. Ал біздің депутаттық корпустың ендігі басты мақ­саты – ол осы барлық бастамаларды сапалы заң­дармен қамтамасыз ету, – деді Нұрлан Нығматулин.

Cонымен қатар Мәжіліс Төрағасы бюд­жет-қаржы жүйесін жақсарту, елді саяси жаңғыр­туды жалғастыру сияқты міндеттерге де назар аударды. Осы тапсырмалардың барлығы Парламенттің алдағы кезеңдегі заң шығару жұмысы үшін де айқын бағыт бергенін атап өтті. Қазақстан Прези­дентінің Жолдауында белгіленген елді жүйелі жаңғырту үшін мықты заңнамалық базаны сапалы және жедел құру қажеттігіне тоқталды.

Мәжіліс Спикері депутаттар қарауындағы заң жобалары туралы айта келіп, қазір Палата­да қаралып жатқан өнеркәсіптік саясат туралы заң жобасына, ел Президенті әзірлеп, қабыл­дауды тап­сырған агломерацияны дамыту, кәсіби білік­тілік туралы заң жобаларына да назар аударды.

Нұрлан Нығматулин депутаттар алдында Әлеуметтік кодекс жобасымен жұмыс тұр­ғанына назар аударды. Осы және басқа да заң жобалары бойынша барлық жұмыс, әдеттегідей, ашық және транспарентті түрде жүргізілетінін, ол азаматтық қоғам, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің белсенді түрде қатысуымен өткізілетінін атап өтті.

Жалпы отырыста Палата комитеттері қоры­тынды әзірлеу үшін бірқатар жаңа заң жо­басын жұмысқа алды. Олар: Ұлттық қордан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген транс­ферт туралы, 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобалары.

Сондай-ақ Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заң жобасы да жұмысқа алынды.

– Бұл заң жобасы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 29 қазандағы тапсырмасын орын­дау мақсатында әзірленді. Заң жобасы Қазақ­стан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығына орай ізгілік қағидаты негізінде қыл­мыстық атқару жүйесі мекемелерінде ұста­латын және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жазадан әрі қылмыстық жауаптылықтан босатуға, жазаның өтелмеген бөлі­гін қысқартуға бағытталған, – деді Мәжі­ліс­тің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметов.

Оның айтуынша, қоғам және мемлекеттің қауіп­сіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қыл­мыс­тар жасағаны үшін сотталған адамдарды, оның ішінде әлеуметтік осал топ санатындағы ел аза­маттарын жазадан босатуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Қылмыстық кодекске өлім жазасы мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы, құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары бойынша қорытынды әзірленеді.

Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы және оған ілеспе заң жобалары, бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша және көлік мәселелері туралы жаңа заң жобаларын да Палата комитеттері жұмысқа алды.

Жұмысқа алынған жаңа заң жоба­лары­ның қатарында бірқатар ратификациялық құжат бар. Атап айтқанда, дербес деректер алмасу саласындағы әкімшілік мәселелер бойынша өзара құқықтық көмек туралы, Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестіктің бірыңғай қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезін­де құпия ақпаратты қорғау тәртібі және оны жария еткені үшін жауаптылық туралы ке­лісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама, Қазақстан мен Қырғызстан және Тәжік­стан үкіметтері арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімдерді және Тәуелсіз Мем­лекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Қарулы Күштерінің бірлескен гуманитарлық минасыздандыру инженерлік бөлімшесі туралы келісімді ратификациялау жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, қаралатын құжаттар қа­тарында Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға Кас­пий теңізін жерүсті көздерінен және құр­лықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластанудан қорғау жөнін­дегі және Каспий теңізінің теңіз ортасын қор­ғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға биоло­гия­лық әралуандылықты сақтау туралы хатта­ма­ларды ратификациялау туралы заң жобалары бар.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депу­тат­тық сауалдар жолдады. Олар: Мақсат Раманқұлов, Ерлан Саиров, Ерлан Смайлов, Александр Милютин, Берік Дүйсенбинов, Екатерина Смышляева, Наталья Дементьева, Құдайберген Ержан, Мәди Ахметов, Айжан Сқақова, Альберт Рау, Артур Платонов.

Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Сембиновтің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы қабылданды.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұловтың айтуынша, Мәжіліс депутаты Азат Сембинов міндеттерін атқарудан өз еркімен босату туралы өтініш берген.

– Осыған орай Орталық сайлау комиссиясы сіздердің назарларыңызға заңнамаға сәйкес Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Сембиновтің өтініш беруіне байланысты оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселені шешу үшін ұсыным енгізіп отыр, – деді А. Смағұлов.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парла­менті Мәжілісінің депутаты Нұрлыбек Ожаев ант беріп, Аграрлық мәселелер комитетінің құрамына сайланды.