Сочи Олимпиадасының басталуына да санаулы күндер қалды. Қысқы спорты дамыған мемлекеттердің өрендері ақ қар, көк мұзда жүлде жинайтын додаға қазақстандық спортшылар да қызу дайындық жүргізуде. Олардың арасында оңтүстікқазақстандықтар да бар. Бұрын мұндай бәсекелерді тек теледидардан тамашалайтын жылы өңірдің сайыпқырандары Олимпиада жүлдесіне таласуға ниетті.
Сочи Олимпиадасының басталуына да санаулы күндер қалды. Қысқы спорты дамыған мемлекеттердің өрендері ақ қар, көк мұзда жүлде жинайтын додаға қазақстандық спортшылар да қызу дайындық жүргізуде. Олардың арасында оңтүстікқазақстандықтар да бар. Бұрын мұндай бәсекелерді тек теледидардан тамашалайтын жылы өңірдің сайыпқырандары Олимпиада жүлдесіне таласуға ниетті.
Шымкентте дәл қазір қар аралас жаңбыр төпеп тұр. Кеше таңға дейін толассыз жаңбыр жауған. Дәл осы сәтте Шымкент қалалық №8 қысқы спорт түрлері мектебінің директоры Бақытжан Зиябеков Оңтүстік жұртынан сүйінші сұрады.
Фристайл спортынан Жібек Арапбаева мен Жанбота Алдабергенова Сочи додасына жолдама алды. Шымкент қаласының №8 қысқы спорт түрлерінен мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ұжымының ортақ жеңісі.
Жалпы, фристайл спортынан оңтүстікқазақстандықтар елімізде ғана емес, халықаралық додаларда да топ жарып жүр. 2011 жылы Астана және Алматы қалаларында өткен Қысқы Азия ойындарында Жібек Арапбаева мен Руслан Аблятифов жүлдегер атанды. Қазақстан біріншіліктерінде ешкімге дес бермейтін жерлестеріміз Еуропа кубоктарында еліміздің абыройын аспандатты. Олардың қатарына Жанбота Алдабергенова қосылды. Бұл бойжеткен биыл наурыз айында өткен Еуропа кубогының алғашқы екі кезеңдерінде бірінші орынды жеңіп алды.
– Әлемдік рейтингте Жанбота Алдабергенова – 17, ал, Жібек Арапбаева 18-ші орында тұр, – дейді Бақытжан Зиябеков. – Ал Олимпиада ойындарына алғашқы 25 спортшы қатысады. Демек, жерлестеріміздің мүмкіндігі жоғары. Қазір іріктеу сайыстары өтіп жатыр. Сол сында керекті ұпайларын жинаса, Жанбота мен Жібек Сочи Олимпиадасына жолдама алады. Оған сенімдіміз.
Сонымен қатар, Бағлан Іңкәрбек пен Ақмаржан Қалмұрзаеваның да аяқ алыстары жаман емес. Ұлттық құрама сапында қаракөз қандастарымыздың өте аз екенін ескерсек, Оңтүстіктің намысты қыз-жігіттерінің табысына бүкіл Алаш жұртшылығы тілеулес болатыны сөзсіз. Қазір Шымкентте фристайлмен 104 спортшы айналысуда.
Үш жыл бұрын ашылған бұл мектепте фристайлдан бөлек, қысқы спорттың 4 түрінен үйірме жұмыс істейді. Жетістіктері де аз емес. Шорт-трек бөлімінде 5 жаттықтырушы бар. Бүгінде 222 бала спорттың осы түрімен айналысып, жетістіктерге жетуде. Мәселен, былтыр ел біріншілігінде Н.Бейсеев чемпион атанса, А.Дәулетәлиева, М.Сабанбай, Ж.Тұратбеков және Т.Сұлтанбеков күміс медальға ие болды. Ал А.Айтбай қола жүлдегер атанды. Қазақстанның биылғы чемпионатында жерлестеріміз топтық бәсекеде 9 жүлдеге иелік етсе, оқушылар арасындағы ІІІ қысқы спартакиадада ұлдар да, қыздар да қола жүлдені жеңіп алды.
Ең әдемі әрі тартымды спорт түрлерінің бірі – мәнерлеп сырғанаумен шұғылданатындар саны да арту үстінде. Шымкенттегі «Мұз сарайында» 156 спортшы осы спорт түрін серік етіп, жауапты сындарға дайындалуда. Оларға 7 бапкер тәлім береді. Мәнерлеп сырғанаудан Дубай қаласында өткен халықаралық жарыста шымкенттік Б.Жамбыл мен А.Жапбаров жеңімпаз атанса, Д.Нұралиева үздік үштікке енді. Биыл ұйымдастырылған ІІІ қысқы спартакиадада Д. Тұрсымбаева бірінші орынды жеңіп алды. Алматыда өткен «Қиял» клубының ашық біріншілігінде Д.Тұрсымбаева, О.Мельников, Д.Сиротина, Б.Жамбыл, Д.Ксендзюк, Д. Ілияс және А.Құралова топ жарды. Сондай-ақ, «Динамо» қоғамдық бірлестігінің ашық біріншіліктерінде де жерлестеріміз жүлделі орындарды иемденді. Алматыдан білікті бапкер алдырған шымкенттіктер келешекте осы спорт түрінен Азия, әлем біріншіліктерінде жүлде алуды көздейді.
Соңғы жылдары әлемнің бірнеше мемлекетінде әмбебап жекпе-жек (унибой) жоғары қарқында дамуда. Бұл сайыста спортшылар 300 метрге шаңғымен жүгіріп, пневматикалық мылтықпен нысана көздейді. Ал үшінші сында қарсыласпен қар үстінде екі минут күреседі. Осы үш сыннан көп ұпай жинағандар ғана жеңіс тұғырына көтеріледі. Өте қиын спортты меңгергендер Оңтүстікте баршылық. Бүгінде қаламызда 100-ге жуық жас осы спортпен шұғылданады. Оларға 3 жаттықтырушы жетекшілік етеді. Олжасыз да емес. Ресейдегі әлем біріншілігінде Н.Нартбай 3-орынды жеңіп алса, 80 кило салмақ дәрежесінде І.Азиз чемпион атанды. Одан өзге халықаралық додаларда да жерлестеріміз ел намысын абыроймен қорғап жүр. Олимпиада ойындары бағдарламасына енбеді демесеңіз, бұл спорт өте қызықты. Келешегі бар.
Шайбалы хоккей десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлер көп. Тартымдылығы жөнінен футболдан кейінгі орындардың бірінде тұрған хоккей спортымен Шымкентте 244 оқушы жаттығады. Он төрт топқа бөлінген жасөспірімдерді 4 жаттықтырушы баптайды. Әзірше, бұл спорт түрінен ауыз толтырып айтарлық жетістік жоқ. Дегенмен, Оңтүстік хоккейінің болашағы алда. Жуырда Шымкентте ересектер арасында халықаралық сайыс өтті. Енді жастар, жасөспірімдер арасындағы бәсекелер де ұйымдастырылмақ. Міне, осы жарыстарда жас хоккейшілеріміз шеберліктерін шыңдаса, келешекте әлемге танымал жұлдызға айналуы ғажап емес. Бұрын тек Өскемен мен Алматыда ғана кең қанат жайған бұл спорт бүгінде Атырау, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарында да жоғары құрметке ие. Ол өңірлердің қатарына Оңтүстік Қазақстан облысы да қосылды.
Қысқы спортты мықтап қолға алған Шымкентте мақтауға тұрарлық жеңістер жетерлік. Оны №8 қысқы спорт түрлері мектебінің үш жылда қол жеткізген табыстарын сараптай отырып аңғардық. Әзірше, Оңтүстікте қысқы спорты түрлерінен Олимпиада жүлдесі жоқ. Бәлкім, Сочи Олимпиадасында тарихи жеңіске куә болатын шығармыз. Сондықтан фристайл шеберлеріне сәттілік серік болсын деп тілейік.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»,
Ғабит САПАРБЕКОВ,
журналист.
Оңтүстік Қазақстан облысы.