• RUB:
    5
  • USD:
    488.91
  • EUR:
    532.62
Басты сайтқа өту
Руханият 02 Қыркүйек, 2021

Көкше әнінің көктемі еді...

542 рет
көрсетілді

Дүйім қазаққа ән мен жырдың бесігі ретінде танылған Көкшетау топырағында Ақан сері мен Біржан сал, Балуан Шолақ пен Үкілі Ыбырайлардан бері аспандағы аққуға үндерін қосқан белгілі-белгісіз талай саңлақ әншілер болған шығар-ау. Осы ән аталарының аймаңдай жаңғырығындай болып Қажыбай ініміз жарқ ете қалып, отыз жылдан астам уақыт бойы ән қанатында әуеледі, халықты шалқар өнердің шаттығына бөледі.

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Көз алдымызда – алтын зерлі ақ жібек шапаны, құндыз бөркінің желбіреген үкісі, шырайлы ақжолтай жүзіндегі күміс бұлақтың сылдырындай үйірілген риясыз күлкісі. Сағынамыз. Ол Көкше әнінің көктемі болып келген-ді. Әнсүйер қауымның жүрегінде, жадында ән көктемі болып қалды. Өзі де, әні де, домбырасы да үкілері желбіреп, көңіл-көкейімізде аңсаттыра елбіреп өмір сүре бермек, сарғайтып сағындыра бермек.

Иә, аруағы шат болғыр айналайын Қажыбай қолдан жасалған, қасаң нота тұсауында байланып-маталған, еріккенде ғана ермек етер көзалдар, қол­тума әнші-сымақ емес, сом алтынның сыны­ғын­дай, кәусар суымыздың тұнығындай, баяғы асыл­да­рымыздың тұяғындай, көне әуендердің қайнар көзіндей тума талант, жойқын да жайқын дарын иесі еді. Ән өнеріміздің рухты киесі еді. Иә, осылай деп батыл байлам айтамыз. Мейлі қай әніңіз, қайсы мақамыңыз, қандай да қандай толқынды ырғақ-қайырымыңыз болсын оның көмейінен еркін лықсып, таудан жосылып аққан бұлақтай сарқырап төгілетін. Халқымыздың қанша ықылым замандардан бергі үздіксіз айтылып келе жатқан сүйікті әндері «Балқадиша», «Теміртас» һәм басқалары Қажыбай әншінің күміс қоңыраудай күмбірлеген зерен көмекейінен жаңа тыныспен құлпыра құйылып, өзгеше өрнек сазымен мүсінделіп, қайта туғандай гүл жайнап сала бергенін қайтерсіз?!

Арқалы да аруақты Жақия ақсақалдың қасиет біткен өрені дәстүрлі әндеріміздің қай-қайсысын болсын ерен сүйіспеншілікпен өзінше, өзгеше шырқады. Ән айтқанда халқына соншалық та­биғи қалыбымен, бел бала перзенті болып еркелеп тұратын. Сахнадағы сондай жарасымды, сылқым тұрысы бойындағы бусанып бұрқанған асыл тектілікті аңғартатын-ды. Ол ылғи да ұсақ пендешіліктен, күйбең тір­лік­тен әсте жоғары, жанына кіршік жұқтырмас ән әлемінде Айбоз тұлпарша әсем басып жүріп өткендей елестейді маған. Әншілік алапат арыны, шамырқанған қуатты дарыны тұла бойынан сұлу үн, сырлы дыбыстармен шалқып, тасып, кенересінен асып төгіліп жатқандай болып көрінетін. Өз басым Қажыбай әндерін тыңдаған сайын осындай ғажап әсерге бөленемін. Кейінгі, біздің замандас Қажыбай әншіні Құлагер ақын Ілияс сипаттайтын, қазір аңызға айналған, бұрынғы Әсет әнші бабамызға ұқсатамын. Қажыбайдың бойынан, әншілік үрдісінен Әсет әншінің керім-кербез, сұлу-сырлы қасиеттерін көремін. Ілияс ақын осынау ешқашан ескірмес ескі әншіні қалай сүгіреттейді? Бір ауық тыңдап байқайықшы:

 

Арғынмын, атым Әсет арындаған,

Арындап ән сала ма дарымаған?

Аспанның аясында ән шалқытқан,

Бұлбұлмын, даусы көкте дамылдаған.

Көмекей көк қақпасын әнмен ашса,

Төгіліп меруерт, маржан сауылдаған...

...Ән салсаң өзімдей сал аңыратып,

Жайлантып, қоңырлатып, жамыратып.

Аққудай аспандағы әнді өрлетіп,

Қондырып қоңыр қаздай мамырлатып.

Боздатып саулы інгендей күңірентіп,

Қазандай қарсы соққан дауылдатып...

...Ән салсаң Әсеттей сал әсемдетіп,

Қоздырып делебені дәсерлетіп.

Шырқатып, шығандатып, шалықтатып,

Шапшытып, шүмектетіп, нөсерлетіп.

Талдырып, талықсытып, тамылжытып,

Орғытып, орағытып, баса өрлетіп.

Самғатып, саңқылдатып, сар желгізіп,

Ұрынтып, өршелентіп, бәсеңдетіп.

Серпілтіп, сумаңдатып, сексен ырғап,

Қырық қарпып, тоқсан толғап, бес өрлетіп...

...Ілекең бақидан қайтып келіп Қажыбайды тыңдаса, оған да дәл осындай ыстық ықыласты жыр арнасын ағытып, тағы бір өлмес өлеңін арнайтыны сөзсіз еді-ау. Әнді дәл осы Әсет атасындай әсемдетіп те, нөсерлетіп те, көңілді мың тербеп, әсерлетіп те салатын қайран Қажыбайымыздан қапияда айырылып аһ ұрып қалдық. Шырқатып салған әндері қалды жанымызға дауа болып, көкірегімізге күн жарығындай сауылдаған сәуе болып. Әңгімесі де әсерлі, ән төресі Ақанның «Балқадишасын» сонау бір жылдары Париждің төрінде ақиық Әміре қалай да қалай әуелете самғатып асқақтатқанын білмеймін. Бірақ осынау сырлы ән біздің көкейімізге Қажыбайдың айтуында қонақтап, құлағымыздан кіріп, бойымызды балқытып билеп алғалы қашан. Оның шырқауындағы әрбір ән өзінше бір жауһар, дүррі гәуһар, інжу-маржан дер едім. Сондай кереметтің бірі − Біржанның «Айбозымы». Бұл күнде «Айбозым» десе көз алдыма Қажыбай әнші, Қажыбай десе - ән асылы «Айбозым» елестейді десем, шындықтан сынық сүйем де алыстамаспын. Бұл жәйтке ықыласым ерекше ауатын бір себеп сол, ән атасы Біржан бабамыздың біраз уақыт ел құлағынан тасада қалған осынау шерлі-күйлі әнін алғаш 1981 жылы белгілі сазгер, музыкатанушы Ілия Жақанов Қазгородок ауылындағы Шәймұқан Омаров деген қариядан жазып алғанда қасында мен болып, осы елеулі уақиғаны сүйіншілеп толғамды мақала жазып едім. Содан едел-жедел Қайрат Байбосыновтың орындауында өмірге екінші қайтара келген сол әнге ұстазынан кейін өзінше, бөлек мәнерде дәсер­летіп жан бітірген Қажыбай інімді мен қалай құрмет тұтпайын, қайтіп жақсы көрмейін, ендеше. Осы­лай­ша «Айбозым» әнінің бағын ашып, даңқын асыра жүріп, өзі де айбоз әнші атанды.

Қажыбай інім екеуіміздің өмір жолы­мыз аса көп қиылыса бермепті. Бірақ бір-бірімізді жақ­сы білдік, әнін жас кезінен бастап-ақ ал­ғашқы тыңдаушыларының қатарында болдым. Көк­ше­тау­дағы үйіме де бірді-екілі келіп, ән шырқап жүрді. Сол кездерде мен қызмет орайында Алматыға ауыс­тым. Одан бері де отыз жылдың үстіне шық­ты. Көкшетаудың көктем әншісінің нағыз дәуір­леген шағында мен Алатаудың бөктерінде жү­ріп­­пін. Соңғы рет Біржан сал ауданының тәңірі жарылқағыр әкімі Ермек Бекенов бауырымыз ұйтқы бо­лып ұйымдастырған Біржан сал бабамыздың 185 жылдығына арналған ән мерекесінде кез­дестік. Қажыбай тағы да «Теміртасты» тербеді, «Ай­бозымды» аңыратты. Күлімдеп, құшақтасып амандастық. Қимай қоштастық. Ақырғы көруім екен әннің айбозын. Көкше әнінің көктемін. Қажыбай ініміз мәңгілік Көкше әнінің көктемі болып қала бермек. Көкшетау өзінің ән көктемін ұмытпақ емес, есімін мәңгілікке есте қалдырады деп білемін.

 

Әлдилер сәбиіңді жөргектегі,

Көкшенің кетті-ау өтіп ән көктемі.

Шалқыған шалқар шабыт шаттығымен

Әттең-ай, ән-бесікте тербеткені.

 

Әсемдік, әдемілік – үрдісінде,

Ән деген әлемнің ол жүрді ішінде.

Жарқылы – қарықтырар мың сан көзді,

Мәрттігі – бола бермес мың кісіңде.

 

Әннің де көріп алған әуселесін,

Жанына сіңіріп алған ән сәулесін.

Оянып әрбір таңда әгугайлап,

Өткізген айбозымдап қанша кешін!

 

Айбозы Көкшетаудың Қажыбай-ды,

Ажал-оқ ән-ғұмырға дарымайды.

Шылбырын Құлагер-ән үзіп кетсе,

Бұл жырым құр бекерге налымайды.

 

Сал Біржан, Ақан сері, Әмірелер,

Айбозым ән-керуеннің соңына ерер.

Алашым мәңгіліктің әлемінде

Ән салған Қажыбайды көзі көрер...