Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Атырау қаласы мен жеті аудан әкімінің өкімімен құрылған 64 мобильді топ күн сайын рейдтік іс-шара өткізеді. Мәселен, 1 қаңтардан 23 тамызға дейінгі аралықта 11 866 рейдтік тексеру өткізіп, 48 764 нысанды қамтыған.
Мониторингтік топтар осы кезеңде карантиндік шектеу шараларын бұзуға қатысты 812 хаттама түзіп, департаментке жолдаған. Соған байланысты шағын және орта бизнес нысандары мен жеке тұлғаларға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 425-бабының 1-бөлігімен 540 айыппұл салынып отыр. Тамыз айы басталғалы бері жүргізілген 830 рейд кезінде 3 770 нысан тексерілді. Карантин талабын бұзушыларға қатысты 186 материал жинақталды.
Атырау қалалық әкімдігі баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, мониторингтік топтар 13-19 тамыз аралығында адам көп жиналатын 200-ге тарта мейрамхана мен өзге де нысандарда карантиндік шектеу талабы бұзылғанын анықтады. Тексеру нәтижесінде «Ай-Жан», «Айсберг», «Айнаш», Bellagio Ballroom мейрамханалары, «Орта», «Гаджи 2», Sulo кафелері, End ne stimz лоундж бар, SKY BAR түнгі клубы, «Мекен» демалыс орны, «Лото клуб», «Балажан» балалар ойын сауық орталығы, Авангард-2 шағын аудандағы алкомаркет пен С.Бейбарыс көшесіндегі 99-үйде ескертулерді елемей, отбасылық, өзге іс-шараларды өткізілгені белгілі болды. Бұл нысандардың кейбірі карантин шектеулерін жүйелі түрде бұзып келеді. Сондай-ақ мейрамхананың артқы есігінен кіріп, қыз ұзату, аулаға той жасау, құдалық өткізу, ас беру, туған күн тойлау сияқты іс-шаралар азаяр емес.
– Мұнайлы шаһар әкімдігі тарапынан құрылған 12 мониторинг тобы адамдар көп жиналатын мейрамхана мен дәмханаларды күн сайын тексереді. Мониторинг топтары соңғы үш күнде 100-ден астам орынды тексерді. Нәтижесінде, Royal Hall, «Император» мейрамханалары, Café inn, Foodline, Ginza, «Аққайың» дәмханалары, Sky бары, Wine Time, «Дөнерстан», Neft street food тамақтану орындары мен «БР-2» серуендеу кемесінде карантин шектеуі бұзылған. Ал Алмалы ауылдық округінде 50-ден астам адам жиналған отбасылық іс-шара тоқтатылды, – деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Мұндай деректің бар екенін облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі де растап отыр. Дерекке жүгінер болсақ, Исатай ауданында жеті мобильді топ мүшелері әртүрлі іс-шара, той түріндегі басқосу өткізген 15 деректі тіркеді. Нақтысын айтқанда, «Лото клуб» кеңсесі мен 14 тұрғын үйінде той-думан өткізілген. Қызылқоға ауданында 6 іс-шара мен 4 той өткен. Атырау қаласына таяу орналасқан Дамбы ауылдық округінде «Адина» мейрамханасында өтіп жатқан үйлену тойы тоқтатылды.
Өзінің де, өзгенің де өміріне қауіп төндіретін коронавирус инфекциясы өршіп тұрған сәтте үйлену тойын демалыс базасында өткізетіндер де бар. Мониторинг топ мүшелері Жайық өзенінің жағалауында орналасқан Береке ауылындағы демалыс базасының біріндегі тойды дрон арқылы анықтады. Әуеден түсірілген видеода демалыс базасының ауласында көп көліктің тұрғаны байқалды. Топ мүшелері демалыс базасына барғанда 90-ға жуық қонақтың қатысуымен үйлену тойы өтіп жатқанын тіркеді. Демалыс базасының әкімшісі карантин шектеуіне қарамастан салтанатты іс-шара өтетін нысанды жалға бергенін жоққа шығармады.
Карантиндік шектеу талабының өрескел бұзылуының кесірі балаларға тиіп отыр. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Айсұлу Досқалиеваның айтуынша, былтырғы 28 наурыз бен биылғы 17 тамызға дейінгі аралықта 14 жасқа дейінгі балалар арасында коронавирус инфекциясын жұқтырудың 3 839, жасөспірімдер арасында 1 242 жағдайы тіркеліпті. Қазір қауіпті вирустың таралуына байланысты ең жоғары көрсеткіш Атырау қаласы мен Жылыой ауданында, сондай-ақ Теңіз кен орнында байқалды. Өзге аудандарда коронавирус инфекциясын жұқтырушылар әлі азайған жоқ.
Мәселен, 25 тамызда өңірде 316 науқас анықталды. Оның ішінде Атырау қаласында – 180, Теңіз кен орнында 42 науқас тіркелді. Ал Жылыой ауданында – 22, Исатайда – 20, Индерде – 16, Құрманғазыда –12, Қызылқоғада – 10, Махамбетте – 10, Мақат ауданында 4 адамнан қауіпті вирустың белгісі табылды.
– Қазір 8 469 адам үй жағдайында емделіп жатыр. Аудандарда ашылған инфекциялық стационарларда – 316, Теңіз кен орнындағы стационарда – 316, модульдік ауруханада – 188, №2 облыстық ауруханада – 177, облыстық ауруханада – 111, кардиологиялық орталықта – 100, темір жол ауруханасында 90 науқас оқшауланды. Сондай-ақ фтизиопульманологиялық орталықта 59, стационарға лайықталған жатақханада 81 пациент ем қабылдауда, – деп мәлім етті облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.
Инфекциялық стационарлардың жансақтау бөлімінде коронавирус инфекциясын жұқтырып, жағдайы нашарлаған 101 науқас жатыр. Оның ішінде бір жұтым ауаға зар болған 11 пациент өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Бұл бөлімдегі жүктеме 82,1 пайызды құрап отыр.