Қазақстан Конституциясында айқындалған ең жоғары құндылық – адам, оның өмірі, құқығы мен бостандығы. Негізгі Заңымыз қазақстандықтардың экономикалық және саяси тұрақтылық жағдайында бейбіт және лайықты өмір сүруіне үміт берді. Биыл өз Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын атап өтіп отырған еліміз – адамзаттың озық жетістіктері мен ата-бабаларымыздың бірегей шығыс менталитеті сәтті үйлескен егемен мемлекет.
Қайрат ӘБДІХАНОВ
Елдің қоғамдық және экономикалық өмірінде болып жатқан өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғауды ұйымдастыру тәсілін жетілдіруді, сондай-ақ құқықтық жүйені дамытуды талап етті. Бұл ретте маңызды рөл прокуратура органдарына берілді.
Прокуратура органдарын реформалаудың негізгі қағидаттары Конституцияда бекітіліп, прокуратура тек ел Президентіне ғана есеп беретін жоғары қадағалау органы ретінде айқындалды. Мемлекет басшысының қазақстандықтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі ретіндегі өкілеттіктерін қаншалықты тиімді жүзеге асыратындығы дәл осы органның жұмысына байланысты.
Прокуратураның өңірлердегі адам құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларын оның құрылымдық бөлімшелері жүзеге асырады. Солардың бірі – Павлодар облысының прокуратурасы қалыптасу мен дамудың ұзақ жолынан өткен.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары бүкіл ел тарихындағы бетбұрысты кезең болды. Сол кездегі шиеленіскен қоғамдық-саяси жағдайға тұрғын үй-коммуналдық реформаның жүргізілуі мен ауыл шаруашылығы активтерін жекеменшікке беру себеп болды. Осындай түбегейлі өзгерістердің теріс әлеуметтік-экономикалық салдары өңірімізде қылмыстың күрт өсуіне себеп болды.
Алайда қажырлы еңбектің арқасында жергілікті прокуратура органдары тәртіп орнатуды қамтамасыз ете білді. Мәселен, биыл өткен жылмен салыстырғанда қылмыстың ауыр түрлері 77 пайызға, көшедегі қылмыс пен бопсалау 53 пайызға азайып, қылмысты ашу көрсеткіші 4 пайызға жақсарып отыр.
Павлодар облысы бойынша прокуратура органдарының «Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі» (ӘІЖБТ) қанатқақты жобасын іске асыру жөніндегі жұмыс тәжірибесі жинақталып, республика бойынша таратылды.
Жобаның мақсаты – әкімшілік айыппұлды төлегенге дейін оны автоматтандыру, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы мәліметтердің бұрмалануын болдырмау.
Әкімшілік іс жүргізуді жаңғырту шеңберінде жыл басынан бері полиция қызметкерлері жалпы сомасы
2 270 276 869 теңге айыппұл түрінде жазалау шарасы көрсетілген 92 752 электронды хаттама толтырды, оның ішінде 1 057 976 142 теңге төленді.
Үйлестіруші орган ретінде прокуратура жүргізілген жұмыстың оңтайландырылуына және тиімділігіне байланысты көптеген өзгерістердің бастамашысы болды.
Прокурорлардың белсенді ұстанымының арқасында жыл сайын заңсыз жолмен алынған қомақты қаржы мемлекетке қайтарылып, азаматтардың бұзылған әлеуметтік-экономикалық, еңбек, сондай-ақ конституциялық құқықтары қалпына келтіріледі.
Атап айтқанда, 2020 жылдан бастап облыс прокуратурасы мемлекет мүдделерін қорғау және азаматтардың конституциялық құқықтарын қалпына келтіру бойынша біршама жұмыстарды атқарды. Соның ішінде Екібастұз қаласы мектептерінің 308 мұғаліміне 27 млн теңге сомасында мерзімі өткен берешек төленді. Білім беру мекемелерінің 322 қызметкеріне жалпы сомасы 8 млн теңгеге тиісті зейнетақы және әлеуметтік аударымдарды төлеу бойынша шаралар қабылданып, 13 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру кезінде заңдылықтың сақталуына талдау жүргізу кезінде 223 кәсіпкерге 108 млн теңгеден астам сомада мемлекеттік гранттар төлеу ұсынылды.
«Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің облыстық психоневралогиялық балалар орталығы» КММ-де балаларға қатыгездік көрсету фактілері анықталды. Сөйтіп, осы мекеменің 17 қызметкері сотталды және жұмыстан шығарылды.
Сондай-ақ Павлодар қаласының көшелерін жарықтандыруға бөлінген 400 млн теңгеден астам қаражатты талан-таражға салу жолы кесіліп, мердігер ұйымдар – жеке серіктестердің екі директорына қатысты айыптау үкімі шығарылды.
Ауыл шаруашылығы басқармасында шаруашылық жүргізуші субъектілер тарапынан 200 млн теңгеден астам бюджеттік субсидияларды жымқыру фактілері анықталды. Нәтижесінде кінәлі тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылып, мемлекет кірісіне 150 млн теңге сомасында залал өтелді.
Әр кезеңнің өз талаптары мен қиындықтары бар. Прокуратура органдары да бір орында тұрмайды. Жұмыс процесіне қазіргі заманғы технологиялар мен жаңа тәсілдерді қолдана отырып, прокуратураның жоспарлы дамуы мен трансформациясы жүріп жатыр.
Мысалы, полиция, прокуратура және сот арасында өкілеттіктерді бөле отырып, қылмыстық процестің үш буынды моделінің қанатқақты жобасы сынақтан өткізілуде.
Бұл жүйе экономикалық дамыған елдерде сәтті қолданылады және келесідей кезекті қамтиды: полиция дәлелдемелер мен қылмыстарды анықтайды, прокуратура жиналған дәлелдемелерге тәуелсіз баға береді және азаматтардың құқықтары бұзылмайтынына көз жеткізеді, ал сот адам құқықтарының сақталуын бақылайды, істі қарайды және шешім шығарады.
Осы жоба бойынша әрбір шешім прокурормен келісілгенін және іс бойынша барлық негізгі шешім мемлекеттік қызметтерді цифрландыру шеңберінде электронды келісуден өткенін атап өту қажет.
Модель енгізілген сәттен бастап, Павлодар облысында сотқа дейінгі тергеп-тексеру сапасы жақсарды, қылмыстық істердің тоқтатылуы 36,6 пайызға, үзілуі 10 пайызға төмендеді, ал дұрыс сараламауды анықтау 6 есе артты.
Павлодар облысында биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап кісі өлтіру істері бойынша прокурордың шешім қабылдау механизмін тексеру үшін қанатқақты жоба іске қосылды. Жоба басталғалы бері облыстық прокуратура қызметкерлері қасақана кісі өлтіру бойынша 20 қылмыстық істі өз өндірісіне қабылдады, оның ішінде 15 іс 2 ай ішінде аяқталып, олардың 5-і бойынша сот шешімі шығарылды.
Облыстық Полиция департаментімен және Сот сараптамалары институтымен өзара ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды. Өзара көмек туралы келісім сотқа дейінгі тергеу кезінде туындайтын барлық техникалық мәселені жедел шешуге мүмкіндік берді.
Аталған жаңа енгізілімдер қылмыстық процестің ашықтығын, қабылданатын шешімдердің заңдылығын және қылмыстың жай-күйі мен оның ашылуы туралы статистикалық есептің анықтығын қамтамасыз ете отырып, прокуратура органдарына сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында (қылмыстық істерді үзу, тоқтату, іс-әрекеттің саралануы мен қайта саралануы және т.б. кезінде) жол берілген заңдылықтың бұзылуына уақтылы ден қоюға мүмкіндік берді.
Прокуратура уақытпен қатар алға қадам басуда. Көптеген процестерді цифрландыру, адвокаттардың электрондық іс материалдарына қолжетімділігі, сотқа дейінгі тиімді онлайн тергеу – мұның бәрі азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімінің артуына және мемлекеттік қызметші беделінің артуына әкеледі. Бұл өз кезегінде еліміз заңдылық пен сот төрелігін жоғары деңгейде қамтамасыз етуге күш салып отырған мемлекеттердің бірі екендігін көрсетеді.