Мемлекет мықты болуы үшін ең алдымен халықтың бірлігі мығым болуы керек. Ал халықтың бірлігі мықты болуы үшін оның әл-ауқаты, әлеуметтік жағдайы жақсы болуы тиіс. Ол үшін тиісті реформалар кезең-кезеңімен, уақытында жүріп отыруы қажет. Осындай іргелі қадамдардың барлығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында айқын көрініс тауып отыр.
Жолдауда Мемлекет басшысы еліміздегі ғылым, білім салаларын дамыту мәселелеріне де айрықша тоқталды. Ел Президентінің өзі де ғалым адам. Қ.Тоқаев – саяси ғылымдар докторы, профессор, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының түлегі. Бұл институтты жақсы білемін. Себебі өзім де Д.Менделеев атындағы Мәскеу химия-технологиялық институтында білім алған едім. Сондықтан Мемлекет басшысын терең білімді адам деп түсінемін. Бұл ретте Президентіміз білім мен ғылымға өте жақсы көңіл бөліп келе жатыр.
Ел тізгінін ұстағалы бергі жылдарда Президент мемлекетіміздегі жоғары білім беретін университеттердің қызметін ретке келтірді. Ендігі мәселе, еліміздегі ғылым саласын дамыту болып отыр. Осы уақытқа дейін Қазақстандағы білім ордаларының санын қысқартумен келдік. Бұдан былай қалыптасқан үрдісті тоқтатып, жақсы университеттер ашу мәселесін алға қойған жөн болар еді. Мәселен, өзімізге көршілес Өзбекстан мемлекеті 4 жылда жаңадан 33 университет, 12 ғылыми-зерттеу институтын ашты. Мінекей, бізге де осы жолға түсу қажет.
Біздің кейбір зерттеулеріміз 1-2 жылдық, әрі кетсе 3 жылдық болды. Ғылымда үш жыл көлемінде ауқымды мәселелер шешілмейді. Бұл – тым аз уақыт. Мәселен, Кеңес өкіметі кезеңінде зерттеулерге 5 жыл берілетін еді. Анығында осылай болуы керек. Өкініштісі сол, осы үрдістен ажырап қалған болатынбыз. Президент соны қайта қалпына келтіріп, зерттеу мәселесін жүйелі жолға қойды. Басталған дүние соңына дейін жеткізілуі тиіс. Осылайша, ғалымдардың жемісі тәжірибеге енгізілуі керек.
Сонымен қатар Президент «Ең алдымен, жетекші ғалымдарымызға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін шешу керек», дей отырып, жетекші ғалымдарды да назардан тыс қалдырған жоқ. Жетекші ғалым дегеніңіз – әрбір ғылыми мектептің иесі. Ондай ғалымдардың орны ерекше. Ғылымның тұрақты күші де осы жетекші ғалымдар. Ойымды түйіндейтін болсам, Жолдауда назарға алынған нақ осындай қадамдар ғана еліміздің ғылым саласын алға бастыратыны анық.
Мұрат ЖҰРЫНОВ,
Ұлттық ғылым академиясының президенті