Елімізде ғылыммен айналысатын мамандардың саны артпақ. Нақты айтқанда, 2025 жылы отандық ғалымдардың санын 32 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Жанна Құрманғалиева мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Біздегі күрделі мәселелердің бірі – ғалымдар санының күрт азаюы. Қазіргі таңда елімізде ғылым саласында еңбек етушілердің саны 22 мыңнан сәл ғана асады.
Осы орайда Ұлттық жоба аясында 2025 жылы еліміздегі ғалымдар санын көбейтуді яғни кемінде 34 мыңға жеткізуді көздеп отырмыз. Алдымен ғылым саласын қаржыландыруға қатысты мәселені реттеп алу керек. Бұл мәселені соңғы 2 жылда ерекше назар алып келеміз. Соның нәтижесінде 2020-2021 жылы ғылымға бөлінетін қаржы көлемі 2 есеге артты. Және отандық ғылым саласына бөлінетін қаржыға тек біздің министрлік қана емес, одан бөлек 9 орталық мемлекеттік орган жауапты», деді Жанна Құрманғалиева ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Комитет басшысының сөзіне сенсек, биыл ғылым саласына 83 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
«Сол қаржыға біздің комитет ғалымдарға арналған 5 гранттық және 2 бағдарламалық байқау жариялады. Қазіргі таңда елімізде 1164 ғылыми жоба қаржыландырылып жатыр. Одан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2 рет жас ғалымдарға арналған конкурс ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде 315 ғылыми жоба іске асырылды. Бүгінде елімізде 2 мыңнан астам жас мамандар ғылыммен айналысып жатыр», дейді ол.