• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Экономика 07 Қыркүйек, 2021

Мақсат – пандемияға дейінгі көрсеткіштерге жету

176 рет
көрсетілді

Биыл бірінші жартыжылдықта «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ түсімі 3,1 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың осындай кезеңіндегі көрсеткіштен 38,5%-ға жоғары. Бұл туралы Samruk Aqparat баспасөз орталығының алаңында өткен онлайн брифингі барысында ҚМГ басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Қарабаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, мұнайға және мұнай өнімдеріне бағаның өсуі осы көрсеткішке оң ықпалын тигізді. Айталық, есепті кезеңде Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы барреліне 65 доллар деңгейінде қалыптасты. Былтырғымен салыс­тыр­сақ бұл 62,2%-ға жоғары болып отыр.

Сонымен қатар қаңтар-маусым айларында компания 291 млрд теңге көлемінде оң бос ақша қаражатын жинақтады. Таза пайда 644 млрд теңгені құрады. Ал EBITDA көрсеткіші 1,1 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 92,6%-ға жоғары.

– EBITDA, таза пайда, бос ақша ағыны көрсеткіштері 2020 жылдың бі­рінші жартыжылдығымен, сондай-ақ 2019 жылғы пандемияға де­­йінгі ұқсас кезеңмен салыс­тыр­ғанда анағұрлым жақсы дең­гейде қалыптасты. Бұл 2020 жы­лы дағдарысқа қарсы бағ­дар­ла­­­ма­ның іске асырылуымен және опе­ра­ция­лық, күрделі шы­ғын­дар­дың қысқаруымен байланысты, – деді Д.Қарабаев.

Оның мәліметінше, 2021 жыл­дың бірінші жартыжылдығында шо­­ғырланған жалпы және әкім­шілік шығыстар 2020 жылдың осын­дай кезеңіне қарағанда 8%-ға және 2019 жылдың бірінші жарты­жыл­дық­тағы көрсеткіштен 26%-ға төмен дең­гейде қалыптасты. Бұл ретте, абсолютті және салыстырмалы түр­де ең көп қысқарған күрделі шы­ғындар болды.

– Есепті кезеңде «ҚазМұнайГаз» бірлескен кәсіпорындарды сана­мағанда, ел қазынасына салық түрінде 300 млрд теңгеден астам қаражат төледі. Бұдан бөлек компания өз акционерлеріне 50 млрд теңге сомасына дивиденд төледі, – деп атап өтті ҚМГ Басқарма төрағасының орынбасары.

Д.Қарабаев «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы өндірістік және қаржылық көрсеткіштерді «пандемияға дейінгі» деңгейге жеткізу бойынша жұмысын жал­ғас­тырып жатқандығын алға тартты.

– Өндірістік нәтижелеріміз «дағ­дарысқа дейінгі» көрсет­кіш­тер­­ден әлі төмен болса да, қа­зір­дің өзінде компанияның қар­жылық ахуалы едәуір жақсарғанын көруге болады. Оның кейбірі 2019 жылға қарағанда өсіп келеді. Де­ген­мен, бізге босаңсуға болмайды. Компания өзінің қызметін шы­­ғындарды барынша қысқарта оты­рып жалғастырады, – деп қоры­тын­ды­лады Д.Қарабаев.