Алматыда Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс кестесінде өзгерістер пайда болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2021 жылғы 26 тамыздағы № 37 қаулысы бойынша ХҚКО-ға бару үшін міндетті түрде алдын ала жазылу (брондау) талабы алынып тасталды. Осыған байланысты, Алматы қаласының Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс кестесі жайлы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалының директоры Ермек Бекжүнісов айтып берді.
«Алматы қаласында Алмалы ауданы, Бөгенбай батыр көшесі, 221-үй мекенжайында орналасқан Халыққа қызмет көрсету бөлімі, сондай-ақ Алматы қаласы, Алатау ауданы, Саялы ықшам ауданы, Аққайнар к-сі, 1 үй, мекенжайында орналасқан №1 мамандандырылған ХҚКО бөлімдері, мемлекеттік қызмет көрсету үшін, дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 9:00-ден 20:00-ге дейінгі жұмыс кестесімен кезекші бөлімдер ретінде жұмыс істейді», деді ол.
Сонымен қатар филиал басшылығы тұрғындардан санитарлық қауіпсіздік шараларын ұмытпауды, ХҚКО-ға келгенде бетперде тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтауды сұрайды.