23 жастағы бұрынғы полиция қызметкері төрт ауыр қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жылға сотталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Павлодарлық азаматқа 192-бап, 3-бөлім, 3-тармақ «Қарақшылық, яғни шабуыл жасалған адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті зорлық-зомбылықпен немесе осындай зорлық-зомбылықты тікелей қолдану қаупімен ұштасқан бөтен мүлікті ұрлау мақсатындағы шабуыл» бойынша айып тағылған.
«Полиция кіші сержанты атағымен айыпталушы Павлодар станциясындағы желілік полиция бөлімінің жүргізушісі болып жұмыс істеді. «Макаров» маркалы табельдік тапаншамен қаруланған ол қызметтік автокөлікте төрт қарақшылық шабуыл жасады», деп хабарлады судья Айгүл Ахметова.
Судияның айтуынша, полицей барлық қылмысты жұмыс уақытында жасаған. Күн сайын қызметке кірісіп, қолына 16 жауынгерлік патрондары бар тапанша алып, бос уақытында азаматтық киімге ауысып, тонаумен айналысқан.
Шабуылдың алғашқы нысаны «Қазпошта» АҚ филиалы болды. Кассирді тапаншамен қорқытып, ұрлаған 21 мың теңгені букмекерлік кеңседегі ставкаларға тігіп ұтылған. Ер адам құмар ойынға тәуелді болғаны анықталды. Наурыз айында ол тағы үш мекемені тонаған. Қызметкер дабыл түймесін басып үлгерген микроқаржы ұйымына сәтсіз шабуылдан кейін қаруланған полицей Павлодар қаласының маңындағы дүкендердің біріне кіріп, ақша талап еткен. Сол күні ер адам облыс орталығындағы тағы бір дүкеннің сатушысына шабуыл жасап, 120 мың теңгелік кассаны иемденген.
«Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің мойындауымен, заттай айғақтармен дәлелденді. Сот Павлодар қаласының тұрғынын аталған қылмыстарға кінәлі деп таныды. Оған орташа қауіпсіздік ҚАЖ мекемесінде 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ ол «полицияның кіші сержанты» атағынан айырылды», деді судья Ахметова.
Сотталушының өзі сотта куәлік беруден бас тартты, ол өз кінәсін ішінара мойындап, үкімді жеңілдетуді сұрады.