Біз, Абай музейінің қызметкерлері мәжіліс залына жиналып, Жолдауды тыңдап, өз ойымызды ортаға салдық. Жеті бағыт бойынша жоспарланған істерді тыңдап, еңсеміз көтеріліп, марқайып қалдық.
Мемлекет басшысы осы Жолдауын Тәуелсіздіктің бәрінен қымбат екенінен бастады: «Биыл егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз. Қазақстан Тұңғыш Президентіміз – Елбасының дара саясатының арқасында табысты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болды. Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік. Мемлекеттілігімізді нығайту үшін бір ел болып еңбек етіп жатырмыз. Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы». Тәуелсіздіктің игілігі – бұл аса құдіретті сөз.
Жасыратыны жоқ, былтыр ғана, Президентіміздің тікелей қолдауымен біздің музей «қайта түлеп ұшқан қырандай» болды.
Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі келіп, жаңарған музейді ашып берді. Халық арасында бүгінде Абай музейі туралы «Даналық пен жаңалықтың үндескен музейі» деген тіркес те қалыптасты. Пандемияның асқынып тұрған кезінде, Абай музейінде құрылыс, қайта жаңғырту, музейлендіру және ғылыми-танымдық жұмыстары өте қарқынды жүрді. Біз бірліктің арқасында, талапқа сай тәртіптің арқасында бәрін абыроймен атқарып шықтық.
«Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Мемлекет басшысының Қазақстан Халқына Жолдауын толық қолдаймыз. Басты күш – бірлікте.
Тұрдықұл Шаңбай,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің директоры