• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 10 Қыркүйек, 2021

Техника паркін жаңартуға үлес

347 рет
көрсетілді

Жуырда «Бәйтерек» холдингінің «ҚазАгроҚаржы» АҚ еншілес кәсіпорны Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданында «Астық – STEM» ЖШС қаржыландыруы бойынша баспасөз-турын өткізді.

«Астық-STEM» ЖШС компаниялар тобы «ҚазАгроҚаржымен» Солтүстік Қазақстанда 2008 жылдан бері жұмыс істейді. Соңғы бірнеше жылда компанияның машина-трактор паркін жаңарту мақсатында 1 млрд 776 млн теңге сомасына техника сатып алынды. Соның ішінде, 2021 жылы «ҚазАгроҚаржы» ұйымымен 640 млн теңге сомасына, оның ішінде суаруға арналған жабдық – «тамшылатқыш жүйелер» туралы лизинг шарттары жасалған екен. Бұл биылғы республиканың көптеген өңірінде болған экстремалды қуаңшылық жағдайында өте пайдалы болды.

«Астық-STEM» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігінің өзі 2002 жылы құрылған, оның егістігінің жалпы ауданы 9 829 га құрайды, негізінен дәнді да­қыл­дар, сонымен қатар майлы, жем­шөптік дақылдар өсіреді. Мал басы 500 тұяқ сүтті қара малдан тұрады.

Баспасөз турында сөйлеген сөзінде «АСТЫҚ-STEM» ЖШС басшысы Сергей Звольский өзінің «ҚазАгроҚаржы» институтының жұ­мысына ризашылығын біл­дірді.

«Біз осы қаржы компаниясы арқылы сапалы техникалар алуға қол жеткізіп отырмыз. Со­ның ішінде биыл тамшылатып суаратын техникалар алдық. Соның нәтижесінде қуаңшылық болған жылдың өзінде картоп пен сәбізден жоғары өнім алдық. Сәбіздің гектар берекелігі тіпті 100 тоннаға жетті, картоптан да сондай өнім алуды болжап отырмыз», деді ол.

«ҚазАгроҚаржы» – ауыл ша­руа­шылығы тауарларын өнді­ру­шілерге техника мен жабдықтар сатып алуда лизингтік қызмет көрсететін қаржы инсти­туты ретінде 2000 жылы құрыл­ғаны бел­гілі. Компания еліміздің аграр­лық секторындағы техникалық жарақтандыруды дамытуға ықпал ете отырып, өз қызметін 20 жылдан астам уақыт бойы ойдағыдай жү­зеге асырып келеді. Осы жылдар ішінде ол шаруалардың арасында танымал компанияға айналды. 2021 жылдың науры­зы­нан бастап «Бәйтерек» ұлттық бас­қарушы холдингі» АҚ құра­мына енді.

Қазір «Бәйтерек» холдингі Мем­лекет басшысының тап­сырмасымен агроөнеркәсіптік блок­тың еншілес компанияларын қай­та ұйымдастыру бойынша жұ­­мыстарын жалғастыруда. Фер­мерлер үшін тиімді болған қар­жыландыру институтында да өзгерістер болуы мүмкін. Сон­дықтан да «ҚазАгроҚаржы» компаниясы мен оның филиалдары өз жұмыстарын ашық, тиімді жүр­гізіп, пандемияға қарамастан шаруаларға техниканы лизингке әперуді белсенді жүргізіп жатыр. Биыл ғана компания 6 мың бірліктен аса техника сатып алуды қаржыландырды. Бұл – трактор, комбайн, егіс кешендері және т.б. сияқты шаруаға аса қажет техникалар. Компанияның барлық өңірде 14 филиалы бар.

Барлық қызмет ету кезең­інде компанияның ауыл шаруа­шылығына салған инвести­ция­ларының көлемі – 1 031,6 млрд теңгені құрады, бұл бюджеттен тыс жасалған инвестициялар кө­ле­мінің – 77%-ы.

Айта кететін болсақ, бүгінгі таңға дейін Солтүстік Қазақстан облысының диқандары барлық 3 млн гектарға жуық егіс алқа­бы­ның 60 пайыздан артығын жинап алды. Тайынша ауданында болған баспасөз турында журналистерді астық алқаптарына да апарып, қайнаған тірлікті көрсетті. Мұнда барлық астықтың жартысы жиналып алынған.

 

Солтүстік Қазақстан облысы