• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Президент 10 Қыркүйек, 2021

Жолдау жөнінде көзқарастарын білдірді

289 рет
көрсетілді

Павлодар облыстық Достық үйінде «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Президент Жол­­дауының негізгі ережелерін талқылау бойынша кездесу өтті.

Жолдауды талқылауға этно­мәдени бірлестіктердің төраға­лары мен өңірлік Қазақстан хал­қы Ассамблеясының құры­лымдық бөлімшелерінің басшылары қатысты. Кездесуді ашқан өңір басшысының орынбасары, ҚХА төрағасының орынбасары Айзада Құрманова Жолдаудағы ең басым міндеттердің бірі елі­міздегі бірлік пен бейбітшілік тақырыбы екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы барлық басымдықтарды нақты көрсетті, – деді Айзада Құрманова. – Атап айтқанда, ол этносаралық қатынастарды үйлесімді дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі екенін және оған үнемі басымдық берілетінін айтты.

Аққулы ауданы Ямышев ауылындағы «Рябинушка» славян этномәдени бірлестігінің мүшесі Ирина Маринова өз сөзін­де мемлекеттік тілді қол­дану аясын кеңейту заңды үде­ріс екенін және қазіргі жас ұр­пақ бірнеше тілді білуге ұмтылатынын атап өтіп, тіл үйрену арқылы өзге эт­нос­­тардың мәдениеті мен таны­мына жол аша­тынын айтты.

– Мәселен, Ямышев орта мек­тебі­нің түлегі Сергей Кораблев мек­тепті орыс тілінде бітіріп, жо­­ғары оқу орнының қазақ тілін­дегі бөліміне құжат тапсырды, – деді Ирина Маринова. – Қазір ол мемлекеттік тілді жетік мең­геріп алды.

Баяндамашылардың сөздері­нен кейін А.Құрманова өңір­лік жо­ғары оқу орындарының бас­шы­лығы ұсынған грант­тар­­дың сер­­ти­фикаттарын Қазақ­стан хал­­­қы Ассамблеясы­ның жас өкіл­­деріне тапсырды. Дариға Аман­­таева «Психология» ма­ман­­дығы және Григорий Белый «Автоматтандыру және роботтех­ника» мамандығы бо­йынша Инно­вациялық Еура­зия универ­ситетінде тегін оқу мүмкіндігі­не ие болды. Галина Евлоеваға  Пав­лодар педа­гоги­калық универ­ситеті рек­торы­ның «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша гранты бұйырды.

Кездесу соңында әріптестері облыстық Ассамблея Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Идият Әбдіхалықовты 70 жыл­ды­ғымен құттықтады. А.Құр­манова мерейтой иесіне аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақовтың атынан құттықтау хатын табыс етті. Сондай-ақ Идият Әбдіқалықовты Ақ­тоғай және Май аудандары мәсли­хаттарының хатшылары құттықтады.