Коронавирус індетінен сақтану мақсатында вакцина салудың маңызы жиі айтылып келеді. Вакциналау көпшілік арасында ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға және қауіпті індеттің одан әрі таралуын шектеуге мүмкіндік береді. Өзінің және жақындарының денсаулығын ойлаған тұрғындар бұл күнде вакцина салдыруда.
Бұл ретте Жамбыл облысында да тиісті жұмыстар атқарылуда. Вакцина салудың тиімділігі аймақтағы көрсеткіштерден де көрініп отыр. Мәселен, соңғы екі аптада коронавирус індетін жұқтырғандар саны 1 193-тен 626-ға дейін төмендеген. Ал қазіргі таңда инфекциялық стационарларда 1 313 адам ем алуда. Өңір ауруханаларындағы төсектік орын 37 пайызға толтырылған. Сондай-ақ қазіргі кезде коронавирус індетімен жансақтау бөлімдерінде 120 адам жатыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, бүгінге дейін 403 516 жамбылдық немесе екпе алуға жататын жалпы жоспардағы тұрғындардың 72,5 пайызы вакцина алған. Алайда Тараз қаласы мен Талас, Жуалы, Шу және Мойынқұм аудандарында төмен көрсеткіштер тіркелуде. Ол үшін өңірдегі бірқатар әкімге ескерту жасалған еді. Бүгінде облыста вакциналау көрсеткіші төмен болып отыр.
Ал облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аудан әкімдері бұл мәселені жеке өздері, тұрақты түрде бақылауға алуы тиістігін, дәл қазір вакциналау мәселесіне жауапкершілікпен қарау керегін, бұл орайда ауыл әкімдерімен тығыз жұмыс істеу қажеттігін, олар күн сайын екпе алғандардың саны туралы жаңа мәліметтер беріп отыруы керек екенін айтқан болатын. Тіпті жуырда вакциналау жұмыстарын ұйымдастырудағы төмен көрсеткіші үшін Шу қаласының әкімі қызметінен босатылған болатын. Егер шаруаны ширатпаса, облыс әкімі ауыл әкімдеріне де осындай шара қолдануға мәжбүр болатынын айтқан. Алдағы уақытта өңірдегі қала, аудан және ауыл әкімдеріне де бұл істе ұйымдастырушылық, іскерлік қабілеттерін барынша таныта түсуі керектігі ескертіліп, тапсырма берілуде.
Жалпы, бүгінде облыс бойынша 23 медициналық ұйымда 43 егу пункті жұмыс істейді. Оның ішінде 15 пункт Тараз қаласында және 28 пункт әрбір ауданда орналасқан. Ал осы жылдың ақпан айынан бері облысқа 16 990 доза QazCovid-in, 341 700 доза Спутник V вакцинасының бірінші компоненті және 258 060 доза Спутник V вакцинасының екінші компоненті, 60 мың доза «Хаят Вакс» және 34 мың доза CoronaVac екпесі келген. Бүгінде аталған вакциналар облыс тұрғындарына салынуда.
Жамбыл облысы