• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
29 Қаңтар, 2014

Алаш қызы Гүлнар

776 рет
көрсетілді

Алаштың көзіндей һәм өзіндей Гүлнар Міржақыпқызы Дулатованың өмірден озғанына да жыл толды. Нақтылап айтқанда, былтырғы 18 ақпанда 98 жасқа қараған шағында бақилық болды. Ұлт болашағы үшін жанқиярлықпен күрескен Алаш арыстарының соңғы тұяқтарының бірі Гүлнар апа мағыналы да жарқын өмір сүрді. Аяулы апаның бақыты – нақақтан «халық жауы» атанған Міржақып әкесінің және оның біраз даңқты үзеңгілестерінің ақталғанына куәгер болуы еді.

Осы бір жыл ішінде Гүлнар апа туралы халық жадында қаларлық игі шаралардың бірі – «Алаш қызы Гүлнар» атты естеліктер кітабының жарық көруі еді.

Төмендегі топтамада аталмыш кітапқа пікір, сол жинаққа енген естеліктің ықшамдалған нұсқасы және Гүлнар апаның рухына арнап Алматыда берілген жылдық асының өту барысы қамтылды.

 

 

Алаштың көзіндей һәм өзіндей Гүлнар Міржақыпқызы Дулатованың өмірден озғанына да жыл толды. Нақтылап айтқанда, былтырғы 18 ақпанда 98 жасқа қараған шағында бақилық болды. Ұлт болашағы үшін жанқиярлықпен күрескен Алаш арыстарының соңғы тұяқтарының бірі Гүлнар апа мағыналы да жарқын өмір сүрді. Аяулы апаның бақыты – нақақтан «халық жауы» атанған Міржақып әкесінің және оның біраз даңқты үзеңгілестерінің ақталғанына куәгер болуы еді.

Осы бір жыл ішінде Гүлнар апа туралы халық жадында қаларлық игі шаралардың бірі – «Алаш қызы Гүлнар» атты естеліктер кітабының жарық көруі еді.

Төмендегі топтамада аталмыш кітапқа пікір, сол жинаққа енген естеліктің ықшамдалған нұсқасы және Гүлнар апаның рухына арнап Алматыда берілген жылдық асының өту барысы қамтылды.

 

АМАНАТҚА АДАЛДЫҚ

Жыл толыпты аяулы Гүлнар Мір­жа­­­қы­п­қызының дүниеден озғанына... Жал­ған дүние де­­­­сей­ші, келесі жылдың қара­шасында 100 жасқа толар еді-ау!..

Жүрек әлі жоқтайды екен. Алаш қызын сағынтады екен. Өксік басыла қоймапты. Әр кө­кірек қарсы айырылып, қай­­­­ғы­ға қарпылған қасірет сөзін шерменді шертіп, жүрек сыздатады.

Гүлнар апа аманаттапты, өзінің соңғы жөнетіліс-рәсімін басқарып жүргізуді жанына әрдайым жақын ұстаған академик Кенжеғали Сағадиев інісіне. Аманат орындалды. Кенжекең міне, үшінші рет жамағат алдына шығып соңғы парызын өтеп тұр еді...

Танымал ғалым С.Қи­­­ра­баев, белгілі аудармашы Ә.Сатыбалдиев пен Гүл­нар Мір­жақыпқызының отба­­­­сын­­­­дағы үлгі-өнегені тарата келіп, бұлармен арадағы берік достықтың көрнекі мысал­дарын айтты. Бұл отбасы қазақ халқының тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын берік ұстанған, болашақ ұрпақтың қамын жете ойластырған. Сөйтіп, әрбір отансүйгіш жастың ертеңге деген нық сенімін бекіткен мағыналы да қызғылықты ғұмыр кешкен отау болғанына тағы бір тамсанды. Гүлнар апаны арманда кетті деп айта алмаймыз. Әкесінің ақтал­ғанын көруі, сөйтіп, жылдар бойы бұқпантайлап жазған естелік сырларымен қазақ әде­биетіндегі «Алаш қозға­­лысы» тақырыбына дендеп енген қарымды қаламгердің қайратын көргендей болатынын мәлім етті. Демек, Гүлнар апа Алаш арыстарының соңғы тұяғы атанып көкейіндегі керемет деректерін дәлдікпен оқырмандарына сыйлап кеткен еді. Сонысымен де апа өнегесі мәңгілік болатыны даусыз.

Гүлнар апаның құрбысы Сафура Қыдырбекова, Бағдат Шаймерден келіні, апаның тетелес келіні Бәдеш Қайырбекова өнегелі өмірден сыр тарқатты. Жазушы Роллан Сейсенбаев болса мазасыз ғасыр­­­­­дың ойлы тұлғаларының бірі ретінде бағалай келіп, апайдың Алаш дүниесін мол деректермен то­лықтырудағы ізденім­­­­­пазды­­­­ғын паш етті. Ол өзінің 1993 жылы Мәскеуде Алаш ұл-қыздарымен етене пікірлесуінен туған шығармаларының кезек күтіп жатқандығын мәлімдеді, ал жазушы-журналист Сарбас Ақтаев Г.Дулатованың «Шындық шырағы» және «Алаштың сөнбес жұлдыздары» кітап­тарының маңызына тоқталып, ондағы тың деректердің ішінен өзінің етене туысы Айдархан Тұрлыбаев жайлы оқып-білге­нін қуана хабарлады.

«Гүлнар апайға, – деді Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Сәбит Досанов, – өмір­дің сыйы ғана бұйырған жоқ, сыны да қаршадайынан көлеңкедей күңгірттеніп соңынан еріп жүрді. Бәріне төзе білді. Көз жа­сын оңашада сыққанымен, қолы­нан қаламын тастамай ешкім айтып жаза алмайтын Алаш арыстарының өмірлік ұста­нымдарын, көрген азабын, тартқан сазайын бүгінгі Тәуел­сіздіктің тірегі боларлық тәт­ті ұшқын-емеуріндерін өт­кір тілмен нақышты қалыппен, есте қаларлық салыстырулармен баяндап қалдырғанын нағыз ерліктің сипатына балады. Сондай-ақ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ә.Тәтіғұловтың, жазушы Қ.Сәрсекеевтің, апаның ата-ба­басының туған жері – Тор­ғай, Қостанай өңірінен кел­ген туыс­тарының атынан Қ.Жан­діл­диннің, тағы басқа­­­лар­дың Алаш қызы туралы ақ­жар­ма есте­ліктері көңілді толқы­тып тастап еді.

«Қайта жалғасқан «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірін үйіне апарып бергенімде апай шын мәнісінде дауыс салғандай болып, «Үйіме әкем кіріп келді ғой» деп тебіреніспен көзінен жас іріккен еді», – деп еске алды жазушы Қоғабай ағамыз. Қазақстан Республикасындағы Венгрияның бас консулы Блауман Ференц Мажарстан мен Қазақстан арасындағы терең достықты нақты мысалдармен өріп, Міржақып Дулатовтың екі ел ынтымақтастығында ерте бастан негіз қалағанын үлгі ретінде алға тартты. Өз кезе­гінде «мына залда Алаш рухы қалықтап жүргендей» деп тұл­пардай тарпынып сөз алған ақын Қорғанбек Аманжол Міржақып туралы «Қамшыгер» өлеңін оқып берді.

Еске алса, ескерілер тұстар жетіп артылады. Апайдың өзін оралтпаса да көзін тірілткендей болған осы бір басқосуда өмір­дің адамға не үшін беріле­­­тін­­дігі санаға түрлі ой салады. Уақыт жалына жармасып, ту­ған Отаным үшін нендей іс атқар­дым, соңымнан айта жүрер дәйекті бір сөзім қалды ма? Өмірге түскен ізіңнен өшпестей болып қалған өнегең қайсы? Мынандай Тәуелсіздіктің байып, тұлғаланып, нығайып, берік қалпында тұтаса жайнап-жарқырауы үшін, қазақ елінің әлемдік бәсекеде әрдайым озық келу үшін не істей алдым деген жалпы сұраққа жауабың әзір ме? Дара емес, бірегей жұптасып, жұлқына көтеретін ауыр жүкті жеңілдету үшін үлес қоса алдың ба? Замандас, егер осындай сұрақтарға ең құрымағанда бе­тін қалқитын жауап алғың кел­се, Алаштың соңғы тұяғы Гүл­­нар Міржақыпқызының кі­­­тап­тарына үңіл, аманат сөзде­­­­­рі­­­не құлағыңды түре жүр. Өмір мә­ні сонда айқара ашыла түсе­­­ді.

Қазақтың аяулы қызы Гүл­нар апаны есте қалдырудың қандай шаралары ойластырылып жатыр екен? Әрине, мектепке есімін беру, көшелерді атау, жазған-сызғандарын қайталап басып шығару, мұрағатында қалған сирек суреттер мен қолжазбаларын ұсыну уақыттың еншісіндегі шаруа болар. Десек те, соңғы кездері «Қазақфильм» киностудиясының ізденімпаз­дығымен көрермендерге жол тартқан «Күләш», «Бауыржан Момышұлы» секілді деректі туындылардың нақ бір Гүлнар апаға да қатысы бардай етіп, бұл тұлғаны ерекше сомдап, еліне етене таныстыратын шақты көрудің өзі бір ғанибет емес пе. Тұрған үйіне ескерткіш тақта орнату өз алдына бір міндет болса, Алаш қайраткерлерінің көзін көріп, сөзін естіп, кешегі мен бүгінді жалғастырған, уытты уағыздарын нақ бір Тәуелсіздіктің еншісіне телі­гендей етіп байсалды баян­дай білген Гүлнар апаның бейнесі жалпы қазақ аналарының жиынтық көркем ескерткіші ретінде ел төрінде асқақтап тұрса несі артық. Бәрі анадан туған, бәрі ана шуағы арқылы жалындаған, жарқыраған. Ана табанының астында жұмақ жатқанын ескеріп парыз өтеу, әлдилей білу, ардақ тұту, міне, өмірдің нағыз мәні осы болса керек.

Гүлнар апа тарихта сөзімен қалды, бауырынан өргізген саналы ұрпақтарымен екінші өмірі жалғаса береді.

Қайсар ӘЛІМ,

«Егемен Қазақстан».

 

ТЕКТІЛІК ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫС

Қолымызға аялай алып, қастерлей ұста­ған, сірә, биылғы жылдың алғашқы кітап­­­та­рының бірі «Алаш қызы Гүлнар» деп ата­ла­ды. Иә, дәл өзі. Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова. Өткен ғасырдың басында халқы­­­­на «Оян, қазақ!» деп дабыл қаққан Алаш ары­сы, ұлт бостандығы жолындағы ұлы күрес­кер Міржақып Дулатовтың қызы. Асыл­дың сынығы, тұлпардың тұяғы жүз жаса­ды десек те жарасар. Өмір­ден өткенінің жылдығы қарсаңында шық­қан мына кітапқа ел анасы апамыздың ғибрат­ты ғұмыры жай­лы өлең-толғаулар, естелік эсселер мен мақалалар, шежірелі өмірінен сыр шер­тер көп-көп суреттер мен өмірбаяндық құ­жаттар топтастырылған екен. «Мектеп» баспа­сынан шыққан бұл кітапты құрас­­­­тыр­­­ғандар – қаламгер Қайсар Әлім мен Гүл­нар апамыздың баспагер ұлы Ерлан Саты­балдиев.

Иә, тәңірі оған Міржақып Дулатұлын­дай аймаңдай ұлт серкесінің перзенті болып дүниеге келу бақытын бұйыртты. Нақ осы талайлы тағдырынан тартқан қиыншылық, азабы да аз болмады. Сол тауқыметті жолда әз әкенің қайсар қызы өзі де кейінгі ұрпақ жыр қылып айтардай өнеге биігіне көтеріле білді. Кітап аңдатпасында орынды атап көрсетілгендей, өзге Алаш арыстарымен бірге өз әкесінің де ақталғанының куәсі болып, елінің сол қайраткерлер аңсап, армандаған тәуелсіздігін көзі­мен көріп, мүмкіндігінше со­ның шежіресін жасау­ға қыз­мет етті. Ол қан­­­­дай қызмет десе­ңіз, ­кө­зі­ қа­рақ­ты қауым білері хақ, Әлихан Бөкей­­ха­­­нов пен Ахмет Байтұрсынұлынан бас­­тап Алаш қайраткерлерін көзімен көріп, тізе­­­­­леріне отырып, мейіріміне бөленіп, еркелеп өскен ол солардың біразының қилы қияпатты күресі мен асау толқын жалындағы жалқынды өмірлері туралы мағыналы да мазмұнды тамаша кітаптар жазып қалдырды. Кезінде «Жұлдыз» журналында «Ардақтап өтем әкемді» деген естеліктермен басталып, кейіннен жиырма жылға жуық қарттықты мойындамаған қалам ерлігінің арқасында «Шындық шырағы», «Алаштың сөнбес жұлдыздары» атты үш том кітапқа айналған бұл ақжарылқап еңбекті қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Мағауин қазақ руханиятындағы өзгеше бір қазына деп зор бағалаған еді. Соңғы кітапқа алғысөз ретінде жазылған Мұхаңның осы мақаласы да мына жинаққа заңды түрде еніпті.

Естелік жинақтан Гүлнар апайдың өмірі, еңбегі, күресі, тауқыметі, мерейлі шағы, адами бақыты, азаматтық ерлігі түгелдей түзіле, маржандай тізіле көз алдыңыздан өткендей болады. Қазақтың тағы бір ұлы қызының ұлық бейнесі сәтімен шынайы кейіптелгендей байыпты әсерге кенелесіз. Кітаптың беташарына өмірлік жар қосағы, қазақтың айтулы азаматы Әбен Сатыбалдиевтің бір мұңды терең сырды абзал махаббатпен шерткен өлеңі беріліпті. Сондағы: «Жастайыңнан өртке күйген жан едің, Сонда дағы өмірдің гүл, сәні едің. Сұм жалғанның соққысына мойымас, Жігер, қайрат, ақылға артық дана едің» деп келетін шумақтардан көп-көп өкініш-үміттер, түнектен жылтыраған жарық сәуле аңғарылғандай. Сонау 1944 жылы жазылған өлеңнің әуені де бар екен. Бір ғажабы, адал жардың арнауы ақын Марфуға Айтқожинаның осынау егілген махаббат жайын «От ішіндегі гүл» балладасына арқау етіп, елти жырлауына түрткі болыпты.

1989 жылдың қара күзінде ақжолтай хабар келіп, Міржақып ақталғанда Гүлнар апасына алғашқы сүйіншілегендердің бірі қайран Ғафаң, Ғафу Қайырбеков екенін де ақтангер ақынның осы кітапқа енген өлеңінен біліп отырмыз. «Қайран Жақаң қайта келді халқына, Сен де бүгін алақайла, жарқыра! Бір де болса бірегей қып бір қызды, Рахмет оған, тастап кеткен артына!» деп ғаламат ақын Ғафаң ғана айта алар. Иә, Гүлнар апа жақсы әке­нің жақсы атын естіп кету үшін тірі болу­ды мақсұт етіп, бәріне шыдап бақты. Сол арманына жетті де. Қолымыздағы кітап осы асыл арманның ғасыл болмай орындалғанын, Жақаңның қалай ақтал­ғанын, сүйегі қиырдағы Ақ теңізден туған елі Торғайына қалай жеткізілгенін, Гүлнар апаның мұқалмаған жігерін, дарқан жүрегін өрнектеп жеткізеді оқырманға. Осындағы ең бір құйқалы дүние журналист-жазушы Қайсар Әлімнің «Өзіңмен өрілген өмір» атты деректі хикаят дерлік естелік-эссесі. Бұл туынды Жақаң ақталғаннан бастап Гүлнар апай қайтыс болғанға дейінгі ширек ғасырдың суретті шежіресін қолмен қойғандай құжаттап шертуімен құнды. Академиктер Серік Қирабаев пен Әлия Бейсенова, профессор, құрметті академик Тұрсынбек Кәкішұлы, тағы бір Алаш ары­сының қызы Сафура Қыдырбекова, халық жазушысы Мұхтар Мағауин, сәулет акаде­мия­сының академигі Әбдісағит Тәтіғұ­лов және басқалардың жан жылуына толы мақа­лаларынан Гүлнар апайға деген халықтың құрметін, елдің сүйер перзентіне арналған сүйіс­пеншілігін сезінгендей боламыз. Қа­зақ­тың ұлы қызының өнегелі ғұмыры жай­лы кітаптың ғұмырлы боларына және сенеміз.

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

«Егемен Қазақстан».

 

ЖҮРЕКТЕН ШЫҚҚАН СӨЗ ЕДІ...

Мен ақын да, жазушы да, алаштанушы да емеспін. Бірақ сол шығармашылық жолдағы адамдардың еңбегін көзден таса қылмай оқып, кімнің немен айналысып жүргенін, яғни кімнің не жазып жүргенін жүрек түкпіріне сақтап, қал-қадірімше оларды көкірек көзінен өткізушілердің бірімін. Бір сөзбен айтқанда, елімде болып жатқан рухани, мәдени, тарихи жаңалықтардан хабардар болып жүремін.

Осы әдебиет атты айдынның ішінде жүргендіктен, айналаңда “құттықтау жазып берші”, “тойға сценарий жазып берші”, “таныстыру, ашылу, жабылу, еске алу және т.б. жазып берші” дейтіндер баршылық. Әрине, орынды. Ел болғасын үлкенді-кішілі мереке де, қайғылы жайттар да кездеседі. Бірақ мен қанша тырыссам да, қанша өзімді-өзім қинасам да өтірік жаза алмаймын. Жазамын, тек жүрегім қаласа, яғни жүрегімнің әмірімен ғана. Аяулы ағалар мен апаларға, замандастарға шама-шарқымша талай жырлар арналды. Солардың бірі – Міржақыпқызы Гүлнар Дулатова.

Апамыздың кімнің қызы екені, кім болғаны көзі қарақты барша қазаққа белгілі. Осындай жаратылысы да, тәрбиесі де, көргені де, білгені де ерекше жанның екі кітабына редактор болу менің маңдайыма жазылды (“Алаштың сөнбес жұлдыздары”, 2010, “Шырағың сөнбесін”, 2012). Сөйтіп, осы кітаптарды дайындау барысында апаммен жақынырақ танысуға мүмкіндік туды. Апам екеуміздің арамызда хаттар жазылды. Қазір оқып отырсам, сол хаттардың бірінде аяулы апам былай депті: “Қарағым, Жібек... ...шынымды айтсам, осы кезде қатты шаршадым. Іштегі тұнып тұрған, әлі айтылмаған, жазылмағандарым толып жатыр. Бәрін жазу үшін күш-қуат керек қой, ол менде жоқ. 94 жас оңай ма?” Әрине, оңай емес. Десек те, апамның ішінде тағы қан­дай құпия қалды екен деген ой шыр­май бе­ре­ді... Үйдегі мұрағаттарының ішінен біз біл­­­­мейтін жайттарды жазып қалдыр­­­­ған­ хат­тары табылатын сияқты болып тұра­­­ды...

Сонымен, Апайдың кітаптарындағы Алаш арыстарының, оның ата-бабалары­­ның, артында қалған ұрпақтары­­­ның аты-жөндерін өте мұқият қарап, әрбір сөзі мен сөйлеміне дейін кеңесе отырып, кітапты оқырманға дер кезінде ұсындық. Гүлнар апа риза болып, рақметін айтып, екі кітабына да арнайы қолтаңба берді. Онда: “Сүйікті қызым, Жібек!” деп бас­тап, “Баспа саласындағы қызметің жоғары деңгейде табысты да жемісті болсын!” және тағы да осылай басталып: “Мені есіне ала жүрер деген туысқандық ниетіммен кітабымды ұсынамын” деген тілектер жазған еді. Апам айтқандай, Аллаға шүкір, жаман емеспін, мүмкін шапағаты тиген шығар... Қазақ барда, Алаш барда апамызды есімізге күнде аламыз ғой, сірә.

Г.Міржақыпқызының 94-95 жастарында тайға таңба басқандай, ап-анық әріптермен біркелкі етіп жазған екі хаты мен екі қолтаңбасы және т.б. жазғандары (запискалар) менде сақтаулы.

Міне, осындай жақын танысып-білісуіміздің аяғы апамның 95 жылдық мерейтойына қатысуға ұласты. Тойға бір ай бұрын жолдасыммен бірге шақырылған мен бәрін жиып қойып, қалайда баруды мақсат еттім. Бірақ “Қалай барам? Апама не апарам? О кісіге не керек? Өмірдің небір ащы да, тәтті де дәмін татқан апама не жетпейді? Апам нені кие алмады, нені іше алмады?” деген сұрақтар мазалай бастады. Әрине, түрлі-түрлі құттықтаулар, арнаулар, жүрекжарды тілектер, құшақ толы гүлдер болатыны белгілі. Сонда да Апамның өмірін ой елегінен қайта өткізіп, талдап шықтым. Соңында мынадай ой түйдім: азғана уақыт болса да патшадай әкесі Міржақыптың, алтындай анасы Ғайнижамалдың, өмірлік тірегі болған Әбен ағамыздың, рухы мен рухани қазығы мықты өзінің арқасында өмірдегі барлық адами құндылықтар мен материалдық қажеттіліктерге толық қолы жеткен жан. Ал кейінгі өмірі, Аллаға шүкір, балаларының арқасында үлде мен бүлдеге оранып, өте жоғары дәрежеде күтімде отыр. Сөйтсем, апамыз ештеңеге де мұқтаж емес екен. Тек сонау, өзінің жауқазын шағында маңайындағылар алыстап, өзі “халық жауының” қызы атанып, таныстары танымастай өзгерген сәттерде бір ауыз жылы сөзге ғана зәру болған екен. Шамам жетсе, сол бір қарғыс атқыр күндердің орнын толтырып көрейін, яғни бір ауыз жылы сөз айтып, тілек білдірейін және оны өлең өріміне айналдырайын деген ой туды...

Сонау 1915 жылдың сары ала күзінде, Алаштың ардақты ұлы – Міржақып пен оның аяулы сыңары – Ғайнижамал екеуі­нің отбасында Сіз дү­­­­ниеге келдіңіз. Мұны бүгінде барлық қазақ, одан әрі асып шетел­діктерге дейін біледі.

Содан бері, міне, 95 жыл өтіпті. Сол жылдар ішінде Сіз не көрмедіңіз? Бәрін, бәрін, бәрін көрдіңіз... Балалықтың бақытты шақтарымен қоса, қорқыныш пен үрей билеген тұстарын да бастан өткер­діңіз. Ес жиып, ел тани бастаған жауқазын кездеріңізде де тағдыр Сіздің басыңыздан сипаған жоқ. Еңсеңізді саясаттың салмағы басып жүргенде, ажал құрығы жақындарыңыздың бірінен соң бірін тартып әкетіп жатты. Сонда да Сіз мойымадыңыз, сынбадыңыз, жасымадыңыз. Қамыққан, қиналған, торыққан сәттеріңізді дұшпандарға сездірмедіңіз.

Жастық шағыңызда Ресей асып, оқу іздеп, білім алдыңыз. Ақыры мақсатыңызға жетіп, дәрігер атандыңыз.

Қазақтың ардақты ұлдарының бірі – Әбен ағамен бас қосып, шаңырақ көтеріп, ұрпақ өсірдіңіз. Сіздер өсіріп тәрбиелеген алты баланың бесеуі ана жолын қуып дәрігер, біреуі әке жолын қуып, әдебиетші-аудармашы атанды. Бұл – сіздің өмірге деген шексіз құштарлығыңыз бен қажымас қайратыңыздың белгісі. Сөйтіп, Сіз бақытты да шуақты, үлгілі отбасылық өмір кештіңіз...

Бірақ, Сіздің жүрегіңіз күпті, көңіліңіз алаң еді. Себебі, сіздің бар ойыңыз, арман-мақсатыңыз әкеңіз Міржақыпты ақтап, оның жұртына жасаған қалтқысыз еңбегін, халқын оятуға арнаған “Оян, қазағын!”, қазақтың тұңғыш романы “Бақытсыз Жамалын” туған еліне қайтару болды. Осы бағытта Сіз тынымсыз еңбек еттіңіз...

Ұзақ жылдардан кейін жүрек түкпіріндегі сөнуге айналған үміт шырағы қайта жанып, көмескіге айналған ащы шындық айтылып, яғни сіздің ұлы арманыңыз орындалды. Сіздің әкеңіз, қазақтың аяулы ұлы, Алаштың біртуар азаматы – Міржақып Дулатов ақталды.

Апа! Бұл күнді Сіз туған халқыңызбен, егеменді еліңізбен, айналаңыз толы үрім-бұтағыңызбен қарсы алдыңыз...

Сонымен бірге, өткен өміріңіздегі көр­ген-білгендеріңіз бен бастан кешкен­де­ріңізді кітап етіп жаздыңыз. Сіз жазған дүниелерде тарихи тұлғалардың шынайы тағдырлары, сол заманның бүкпесіз кел­беті, өз өміріңіздің көлеңкелі тұстары мен шуақты сәттері өте түсінікті әрі көркем тіл­мен кестеленген. Бұл – артыңызға қал­­­­дыр­ған баға жетпес асыл қазына, үлкен мұра.

Апа, Сіз бұл күнде бақытты жансыз. Қадірлі әже, аяулы анасыз!

Біз Сіздің немере-шөберелеріңізге сіз көрген өмірдің бейнетін емес, зейнетін көрсін деп тілейміз. Өзіңізді тағы да мерейтойыңызбен құттықтап, зор денсаулық тілей отырып, көненің көзіндей боп, арамызда жүре беруіңізді қалаймыз!

Арада 2 жыл 3 айдан астам уақыттан соң Гүлнар Міржақыпқызы қайтпас сапарға аттанды. Бір ғасырға жуық соққан жүрек тоқтады. Соңында қалған ел-халқы, бауырлары мен балалары ақ жуып, арулап, Әбен ағамыздың жанына мәңгіге жайғастырды. Барлық қазақ, орыс, кейбір шетел басылымдары қазанама берді. Соның ішінде “Қазақ әдебиеті” газеті де апама бір бетін арнады. Бір жас журналист маған таяу келіп: “Апай, қаза қайырлы болсын! Бәрімізге ортақ қой, халыққа бір ауыз бірдеме деңіз” деді. Мен: “Қой, айналайын, менен де үлкендер бар, алаштанушылар, дулатовтанушылар бар”, – деп сытыла бергенімде, дарынды журналист Болат Мүрсәлім: “Апай, сіз Гүлнар Дулатоватанушысыз. Сіздің апай туралы білетініңіз бізден көп. Апайдың екі кітабын да сіз шығардыңыз емес пе? Бір ауыз сөз айтуға сіздің де орныңыз бар”, – деді. Сол сәтте, апайдың кітабы шыққаннан кейін, бірнеше журналистердің қайта-қайта телефон шалып, апайдың өмірінің кейбір тұстарын білгісі келетінін, өзімен сөйлескісі келетінін айтып және т.б. мен білетін, білмейтін сұрақтарға жауап іздеп қолқалағаны есіме түсті. “Иә, мені өзімнен кейінгі ұрпақ Гүлнар апайдың өмірін зерттеушідей көріп жүр екен-ау” деген ой туды. Ендеше, Болат дұрыс айтады, “мен дулатоватанушымын” деп, өзіме тағы бір жүк артылғандай сезініп, “Қазақ әдебиеті” газетінің тілшісіне былай дедім: “Бүгін Гүлнар Міржақыпқызын соңғы сапарға шығарып салып тұрмыз. Келу, кету – адам баласының барлығының маңдайына жазылатын жазу. Бірақ кім қалай келместің кемесіне мінді? Әңгіме сонда. Гүлнар апамызды мұқым қазақ қана емес, шетел де біледі. Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы еді. Кешегі арыстарымыздың көзін көрген, солардың жанында жүріп тәлім-тәрбиесін алған кісілердің соңғысы еді ғой, жарықтық! Гүлнар апа 97 жастан асты, 98 жасқа қараған шағы деп өзімізді жұбатсақ та, бұл қаза бізге ауыр тиді. Апамыздың айтатын дүниелері әлі айтылмағандай, ішінде жазылмай кеткендей көңіл күй кешіп тұрмыз. Гүлнар апа көзін ашқаннан Міржақып әкеміздің күнде тергеу, тексеру, қудалауға ұшырағанын көріп өсті. Сол ауыр күндерді “Шындық шырағы”, “Алаштың сөнбес жұлдыздары” деген кітабында жазып қалдырды. Әттең, ат-шана қағып өлтірген, артынан ерген інісі Әлібектің өлімінің құпиясын да Гүлнар апа білетіндей, сондай сырларды өзімен бірге ала кеткендей сезіле береді. Қазаға қарсы шығар қауқар жоқ. Жарықтықтың иманы пейіште шалқысын!”

Осы кітапқа, яғни Гүлнар Міржақып­қызына арналған естеліктер жинағына («Алаш қызы Гүлнар») редакторлық жасау да маған жүктелді. Естеліктерді оқып отырып Апамның қаншама жастарға көмектескенін, батасын бергенін, қаншама адамдармен аралас-құралас болғанын білдім. Мен де өзімді солардың бірімін деп санаймын.

Апа! Сіз көрген өмір сұмдықтарын Алла ешкімге көрсетпесін! Жатқан жеріңіз жарық, иманыңыз саламат болсын! Артыңыздағы ұрпақтарыңыз уайым-қайғысыз, бай-бақуатты өмір сүрсін!

Жібек ДОСБАЙ,

филология ғылымдарының кандидаты,

«Мектеп» баспасының жетекші редакторы.

Соңғы жаңалықтар