Мемлекеттік қаржыны бақылайтын жоғары орган – Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің құрылғанына 25 жыл толып отыр. Осыған орай Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Жаңа тарихи шындық жағдайындағы мемлекеттік аудит жүйесі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конституцияда атап көрсетілгендей, Қазақстан – әлеуметтік мемлекет, бұл дегеніңіз қазынаға жиналған қаржының басым бөлігі халықтың әл-ауқатын көтеруге, дұрыс білім алуына, денсаулық саласын жақсартуға арналады деген сөз. Шынында да, біздің елдің жыл сайынғы шығыстарының жартысына жуығы азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, әлеуметтік дамуына бағытталады. Ал ел қазынасынан бөлінетін бұл қыруар қаржының дұрыс жұмсалуын, талан-таражға салынбай мақсатты пайдалануын бақылайтын орган – осы Есеп комитеті. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылаудың жоғары органы тікелей ел Президентіне бағынады, тек Мемлекет басшысына есеп береді.
Халықаралық конференцияда сөз алған Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова Комитеттің құрылымы мен мәртебесі алғаш рет 1995 жылдың тамызындағы референдумда қабылданған Конституцияда бекітілгенін, бұдан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 19 сәуірдегі Жарлығымен Есеп комитетінің құрамы айқындалып, ережесі нақтыланғанын атап өтті.
«Міне, ширек ғасыр бойы біз бұл күнді өзіміздің кәсіби мерекеміз ретінде атап өтіп келеміз. Биылғы мереке біз үшін ерекше маңызға ие, өйткені мерейтойымыз ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бүгінге дейін Қазақстан іргесін берік орнықтырып, дамудың даңғыл жолына түсті. Әрбір азаматтың бостандығы, оның бейбіт өмірі, қоғамдық келісім, халықтың әл-ауқатын арттыру, жастардың дамуына мүмкіндіктер жасау – тәуелсіздіктің негізгі жетістіктері. Біз кез келген сын-тегеурінге дайын болып, мемлекеттік басқарудың барлық саласын үздіксіз жетілдіріп отыруға үлес қосуға тиіспіз. Біздің конференциямыздың мақсаты да сол – мемлекеттік аудит жүйесін жетілдіру, әлемдік талапқа сай дамыту», деді Н.Годунова.
Алқалы жиында әлеуметтік-экономикалық қатынастарды реттеудің тиімді құралы – әлеуметтік аудит тақырыбына ерекше басымдық берілді. Мамандардың айтуынша, бұл – әлеуметтік шығындар мен әсерлерді сыртқы бақылау мен тексерудің бір түрі және ол әлеуметтік мемлекет ретінде қарастырылатын Қазақстан үшін маңызды.
«Мемлекеттік әлеуметтік аудит жүргізу жоспарлы индикаторлар мен нақты нәтиже арасындағы, мемлекеттік органдар қызметінің нәтижелері мен қоғамның әлеуметтік деңгейі арасындағы алшақтықты азайтуға ықпал етеді. Мысалы, әлеуметтік аудитті заңнамалық тұрғыдан бекітіп алған Үндістан бұл жүйені Кедейлікпен күрес бағдарламасын бағалауға қолданды. Сонда бағдарламаның тиімділігі артқаны байқалып, оның жүзеге асырылуы бірден 60-тан 97%-ға дейін көтерілген», дейді Н.Годунова.
Қазіргі пандемия жағдайында әлеуметтік аудиттің маңызы тіптен арта түскен көрінеді. Себебі коронавирустың жаппай таралуына байланысты халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау саласының жұмысын жақсарту, мемлекеттік қызметтерді қашықтан көрсету сынды маңызды салаларға бұрын-соңды болмаған қаражат бөлінген. Ал бұл қаржының мақсатына сай тиімді жұмсалуын бақылау – күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Есеп комитеті де осы іске белсене кірісті. Мәселен, Үкімет бөлген дағдарысқа қарсы қаражаттың үштен бір бөлігі сыртқы аудитпен қамтылған. Аудиторлар негізінен жұмыспен қамтудың және бизнестің жол карталары, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек», «Нұрлы жер» сынды мемлекеттік бағдарламаларға бөлінген қаражатты қайта тексеріп, босаған қаражаттың кемінде 20%-ын неғұрлым шұғыл шешуді талап ететін салаларға қайта бөлу жөнінде Үкіметке ұсынымдар әзірледі.
Комитет халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалауға да ерекше ден қойған. Мәселен, еліміздің электронды үкіметі даму деңгейі бойынша әлемдік рейтингтерде жақсы бағаланғанымен, ел тұрғындарына көрсеткен қызмет сапасы былтырғы әлеуметтік пікіртерім бойынша нашар болған. «Қазақстан 2025 жылға дейін халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 100%-ын цифрлы, мобильді форматқа көшіруге талаптанып отыр. Сондықтан мемлекеттік аудит органдары тарапынан жүргізілетін мемлекеттік қызмет көрсету сапасын мониторингілеу жұмысын маңызды деп санаймыз», дейді аудиторлар.
Алайда мемлекеттік әлеуметтік аудит жүргізу жөніндегі қолданыстағы тәжірибенің аздығы мен оны ұйымдастыруға қойылатын бірыңғай талаптар мен әдіснамалық тәсілдердің жоқтығы көптеген мәселеге қолбайлау болып отыр екен. Осы жайтты көтерген жиын қатысушылары әлеуметтік аудитті мемлекеттік қызметтер сапасын арттыратын мемлекеттік аудит жүйесінің пәрменді тетігі ретінде қарастыруды ұсынды. Жиында айтылған осындай ұсыныс-пікірлердің бәрі топтастырылып, жақын арада жинақ болып шықпақ.
Халықаралық конференцияға Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің өкілдері қатысты. Оларға Есеп комитетінің төрайымы Н.Годунова «Комитеттің бастамаларын үнемі қолдайтыны үшін» алғысын білдірді.
Сондай-ақ алқалы жиынға 27 шетелдің Жоғары аудит органдарының (ЖАО) өкілдері, соның ішінде Әзербайжан, Беларусь, Болгария, Қырғызстан, Португалия, Эстония ЖАО-ның бірінші басшылары, БҰҰДБ, Азия даму банкі сияқты халықаралық ұйымдар, «Deloitte, KPMG, Ernst&Young» үлкен төрттіктің өкілдері, сондай-ақ 11 жоғары оқу орны мен 17 тексеру комиссиясының өкілдері қатысты.
Қатысушылар 25 жылдығын атап өткен Есеп комитетінің бүгінге дейін қол жеткізген табыстарын айта келе, аудиторлар Қазақстанның қаржылық тұрақтылығын нығайтуға елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті. Бұған қоса қаржылық тұрақтылық экономиканың тұрақты дамуының басты факторы екенін, сондықтан мемлекет қазынасын тиімді пайдалану ісіндегі есеп комитетінің бастамаларын барынша қолдауға дайын екендерін жеткізді.