Алматы әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев Қоғамдық кеңес отырысында жыл соңына дейін 2,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мұхит Әзірбаев жыл соңына дейін 2,6 млн шаршы метрден астам тұрғын үй, оның ішінде «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 248 мыңнан астам қолжетімді тұрғын үй пайдалануға берілетіні туралы айтты.
«Мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үйлер қаланың жаңа, перспективалы аудандарында салынуда, онда қала тұрғындарының жайлы тұруы үшін қажетті жағдайлар жасалады. Ең алдымен мектептер, балабақшалар, барлық жерде іргелес аумақ абаттандырылады, сондай-ақ медициналық ұйымдар салынады. Жайлы қалалық орта басқармасының құрылыс портфелінде 60 әлеуметтік нысан бар, оның 38 - і осы жылы аяқталса, 22 - сі келесі жылы аяқталады. «Жаңа Алматы» кешенді жоспары аясында Томирис, Саялы, Қалқаман-2, Дархан, Мәдениет, Қайрат, Нұркент ықшам аудандарында 12 600 орындық сегіз мектеп салынуда, олардың үшеуі жыл бойы пайдалануға беріледі», деді әкім орынбасары.