• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Саясат 14 Қыркүйек, 2021

Берілген уәделер қалай орындалуда?

245 рет
көрсетілді

Nur Otan партиясында «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы қалай жүзеге асып жатқаны талқыланды. Жыл басынан бері Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша қабылданған әрбір өңір, қала және аудан бойынша 217 жол картасы аясында республикалық индикаторлардың 11%-ы және өңірлік деңгейлерде 12%-ы орындалды.

Өңірлерде 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй, 12,2 мың орын­дық 34 мектеп, 15 медициналық нысан, 4,5 мың орындық 68 бала­бақша салынды. 800 млрд теңгеге инвестиция тартыла отырып, 77 жаңа кәсіпорын ашылды. Тұрақты жұмыс орындарына 160 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Жыл соңына дейін тағы 200 түрлі әлеуметтік нысан, оның ішінде жаңа мектептер, ауруханалар және т.б. іске қосылады.

Мысалы, Нұр-Сұлтан қала­сын­да медициналық қызмет көрсе­тудің сапасы мен қолжетім­ділігін жақсарту үшін 6 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталды. Алматы облысында жаңа цемент зауытының ашылуына байланысты тағы 500-ге жуық жұмыс орны ашылды. Түркістан облысында 110 МВт-ты құрайтын үш күн электр стансасы іске қосылды. Бұл жылына 117 мың тонна көмірқышқыл газымен атмосфераның ластануын болдырмауға мүмкіндік береді. Батыс Қазақстан облысында 600 балаға арналған 12 балабақша ашылды.

Сондай-ақ инклюзивті білім беру жүйесін жетілдіру де жал­ғасуда. 1681 балабақша мен 5536 мектепте ерекше бала­лар­ға жағдай жасалған. Ерекше бі­лім алуға қажеттілігі бар бала­лармен жұмыс істеу үшін бала­бақшалардың 2,5 мыңнан астам педагогі және мектептердің 36 мың мұғалімі біліктілікті арттыру курсынан өтті. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласында, сондай-ақ Павлодар, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Ақмола облыстарында мүгедек балаларға арналған арнайы оңалту орталықтары ашылды.

Еске сала кетейік, Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев жария еткен Nur Otan партия­сының сайлауалды уәделері аясында 2025 жылға дейін 1 млн отбасы үшін 100 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, 3,5 мың ауыл мен 5 мың мектепке қайта жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 25 мың шақырым республикалық және 27 мың шақырым жергілікті жолдарды салу және қайта жаңарту жос­парлануда.

Әлеуметтік төлемдерді жыл сайын индекстеуге 3 триллионнан астам теңге бөлінеді. Денсаулық сақтауды қаржыландыру көлемі ІЖӨ-нің 5%-ына дейін жет­кі­зілетін болады. 3 жастан 6 жас­­қа дейінгі балалар мектепке дейінгі тәрбиемен 100% қамты­латын болады.