• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
29 Қаңтар, 2014

Сағыныш

453 рет
көрсетілді

«Кетпеші, кетпеші, Еркін, жалынамын кетпеші!..» Еңіреп жылап жатырмын, белінен тас қып құшақтап алыппын, жібергім келмейді. Түсім екен, оянып кеттім... Шынымен де өксіп қатты жылап жатырмын, қолым біреуді құшақтап, жібермей тұрғандай айқасып қалыпты. Иә, түсім екен, Еркінді көрдім, жап-жас, сол баяғыдағы әскерге кетер алдындағы шаш қойған үлгісі, сымбатты, сұлу балаң жүзі, бәрін-бәрін анық көріп тұрмын. Қасыма жақын келіп, иығымнан құшақтап: «неге жылай бересің, жылама деді. Ары қарай сөйлеткім келмей, белінен тас қып құшақтап алып жалынып жатырмын, «кетпеші, кетпе!..». Арамыздан кеткеніне, шыныменен жоқ екеніне әлі сене алмай жүрмін. Елеңдеп адамдар арасынан кездесіп қалар ма екен деп бауырымды іздеймін. Өкініші мен әттеген-айы көп опасыз жалған дүние-ай, артқа көз салсам кейде туған жерден, елден сені жырақтатып Астанаға алып келмеген болсам, мүмкін, әлі де арамызда жүрер ме едің деген бір өкініш өзегімді қалай өртейтінін білсең ғой? Айдың күннің аманында дәл сенен айырылып қаламыз деп кім ойлаған. Астанаға тірідей әкетіп, туған жерге мәйітіңді сүй­реп әкелетіндей Аллаға не жаздым деп жыла­ған­мын. Әттең-ай, уақытты артқа қарай сәл шегіндіре алар бір құдіретті күш болса, таба­ныңның кіріне дейін өзім жуып берер едім деп армандаймын. ...Жан сақтау бөлмесінде ес-түзсіз жат­қаныңда, күнде жаныңа келіп, аяқ-қо­лыңды сипалап, денеңді сылап алақаныңа алақанымды салып бойымдағы күш-жіге­рім­ді, қуатымды саған беріп жатырмын, есіңді жинайсың, тұрасың ауруға бой алдырма, о, Алла, бар екенің рас болса өмірімнің жартысын Еркініме қидым, тек қана есін жинатып жанымызда қалдыра көрші деп жалынғанмын. Бар-жоғы он күн!.. Иә, он күн, мұрттай ұшып құлап түстің де, басыңды қайта көтере алмадың. Неге бірден ауруға бой ұсынғаныңды, неге арпалысып күрес­пе­геніңді білмеймін. Әлде, қиянаты мен әділет­сіздігі басым опасыз жалған бұл дүние­ден шаршадың ба екен, әлде... Сол күні де асығып жетіп, палатаға кірген едім. Теріс қарап жатыр екенсің, жалт қарадың, өте әлсіз едің, қасыңа келіп қолыңнан ұстап қалайсың, уайымдама, есіңді жидың енді берілме, бой ұсынба ауруға, тұрасың деп маңдайыңнан сүйдім, ыстығың қатты, денең оттай болып өртеніп жатыр екенсің. Қолымнан ұстап, өзіңше қысқан боласың, бірдеме айтқың келеді, бірақ сөзіңді ести алмаймын. Есіңді жинап, көзіңді ашқаныңа балаша шаттанып, жан-жаққа телефон шалып мәз болып едім ғой, қайдан білейін... Салмағын батырған сағыныштан езілген жүрегімнің емін таба алмай шарқ ұрамын. Артыңда қалған үш гүліңнің көздерінен сені іздеймін... Сағындым сені, Еркін! Сара НАЙМАН. АСТАНА.
Соңғы жаңалықтар