• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
29 Қаңтар, 2014

CӨЗ СОЙЫЛ №2

310 рет
көрсетілді

Әзіл-оспақ, сын-сықақ Өсек – зымыраннан да жылдам... * * * Алқаш арақ таңдамайды, Таз тарақ таңдамайды.   МӘТІНІ ӨЗГЕРГЕН МӘТЕЛДЕР Өсек – зымыраннан да жылдам... * * * Алқаш арақ таңдамайды, Таз тарақ таңдамайды. * * * Алаяқтың жүрегі «алдау» деп соғады, Жемқордың жүрегі «жалмау» деп соғады... * * * Жеп, жеп – баю індет, Байыған соң таю міндет. * * * Жалбарынасың... Жалынасың... Жалына-жалына жалығасың. * * * Сөз сүйекке жетпейтін болды, Себебі, еттен өтпейтін болды. Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ. ҚЫЗЫЛОРДА.   «КӨЙЛЕГІН-АЙ…» Сахнада бір әнші, Өзіне өзі қол соғып тұрды. Көйлек жағы көрікті екен, Тұла бойы моншаққа толып тұрды. Сосын өтірік күліп тұрды, Расында ол өзінің, Құр айқайын біліп тұрды.   АЙНАЛАЙЫН «АЛА ТАЯҚ» Баламыз «МАИ» болды, Шаруамыз жәй болды. Айналайын «ала таяқ», Қолға түскен Ай болды.   «ҚЫЗЫЛ ТҰМСЫҚ» Қырық есекке жүк болды қырсықтығы, Қиқым-сиқым және көп қисықтығы. «Құлай сүйді» бірақ та өліп-өшіп, Арақ деген қып қызыл «тұмсықтыны».   СӨЗ КӨМЕК Сөз көмегі болса да, Қол көмегі болмаған, Ақыл айтқыш соншама – Толып жатыр оңбаған.   МІНГЕСІП ЖҮРІП, МІНБЕГЕ ШЫҚТЫ Ат артына мінгесіп жүре берген, Бұлғаңдатып құйрығын күле берген. Ақырында жалғасып жең ұшынан, Мінбеге кеп, айқайлап түре келген. Әзірбайжан ҚОНАРБАЕВ. Маңғыстау облысы.  

АЛТЫННЫҢ СЫНЫҒЫ ДА АЛТЫН

Жақсының жалғасы, тектінің теберігі болған асыл арысым – Бақытжан Момышұлы туралы айтылатын сөз, жазылатын негізгі кітап келер күндердің үлесінде. Жарық көрген «Әзіліңді сағындық» атты кітап өмірден озған адамдардың соңынан жазылатын дәстүрлі естеліктерден бөлектеу. Мен мұнда Бақытжанның айналасына шуақ шаша күлдіретін сәттерін көз алдыңызға елес­тетіп, көтеріңкі көңілмен естеріне алсын деп, оның табан астында тауып айтқан әзіл-қалжың, шымшымаларының бір парасын назарларыңызға ұсынып отырмын. Кітап Басиемнің көзі тірісін­де «Бәкеңнің бірқақпайла­ры» деген атаумен жазыла баста­ған болатын. Тосылып айтпай, басып айтатын, сөзге ұста, ойға жүйірік Бәкеңнің бірқақпай әзілдері тез таралып кететін. Бәкеңнің әзіл-оспақтарының үлкен бөлігі менімен байланысты, маған бағышталып ай­тылатын. Мақтанғаным емес, қазақи қалжыңдарды бір кісідей мен де айтамын, әзіл­дес­кенді ұнатамын. Алайда соған қарамай, жастау кезімде Бәкеңнің оқыстан айтатын ұтқыр қалжыңдарына төтеп бере алмай жылаған кездерім де болды. Бір жолы кезекті «соққыдан» көзім суланғанда ата маған салмақты да салиқалы сөз арнады. – Балам, – деді жұмсақ үн­мен. – Кейде әзіл де адамды өк­пелетеді. Қалжыңға келгенде Бақыттың жатыпатар, жертесер екенін өзің де білесің. «Сөйлеп қалған ауыз жыбырлағанын қоймайды» дегендей, ол бәрібір қалжың мен қағытпасын тастамайды. Әсіресе, сен жылаған сайын ол өршелене түседі. Сондықтан сен оған қарсы қал­қан қойғын. Қандай қалқан дейсің ғой? Өзің қосыла күл­гін. Сонда оның қолынан қа­руы түсіп қалады. Өзіне-өзі күле алатын адам – ақылды адам. Әрине, ол оңай емес. Аржағында ашытқы-мәйегі болмаса, кез келгеннің өресі жетіп, шамасы келе бермейді. Сен «кез келген» болмағын. Осыны ойлан! Әйтпесе, ана менің черновигімнің әрбір қыр­шаңқы сөзіне жылай берсең, не тамтығың қалады? Білемін, әдептісің, бірақ әдептілік пен жасқаншақтықтың арасалмағы бөлек екенін түсінгін, – деді. Ата сол жолы әзіл-қалжыңға кеңінен тоқталып, сөзін былай түйіндеді: – Әдемі әзіл ақылдан шыға­ды. «Аузында әзілі жоқтың қолында шоқпары бар» дейді. Әзіл-қалжыңды түсінбейтіндердің көбі-ақ үстінен қараны ажырата алмайтын топастау келеді. Қалжыңға бола ерін бауырына алып, тік шапшитындарға сөзді қор етпеген абзал. Ал бірін мыңға балап жүретін көңілі көл, жаны жайсаң адамдар болады. Олар айналасына күлкі сыйлап, өзгені жадыратып, өзі жарқырап жүреді, – деді. Атаның ұлағатты сөздері өзім үшін өмірлік сабақ болды. Содан былайғы жерде Баханың қалжыңдарына мүлде басқаша қарайтын дәрежеге жеттім. Ата айтқандай төңірегіне көңіл, күлкі сыйлайтынын жүрегіммен түсіндім. Біреуі – қалада, біреуі ауылда туып-өскен, екі түрлі тілде оқыған, қалыптасқан орталары бөлек екі адамның бірден бірін-бірі түсініп, жіксіз жымдасып кетуі оңай болған жоқ. Бақытжанның жетпіс жыл­ды­ғы қарсаңында «Айқын» газетінің тілшісі, белгілі журналист Ұлбосын Айтөлен ағасынан сұхбат алды. Сол әңгімелесудің бір жерінде Бәкең былай дейді: «Біз бір-бірімізді емеуріннен түсінеміз. Сонымен адам ба­қытты. Жалпы, адамның ең үлкен байлығы – жаныңда түсі­нетін жанның болғаны... Же­ңе­шелеріңді маған жолықтырған тағдырдың өте сәтті сыйы деп білемін. Біздің үйде «сенікі», «ме­ні­кі» деген жоқ. «Біз», «біздікі» деген ұғым қалыптасқан. Көз­қа­расымыз бірдей. Әрине, бірден бәрі дөңгелеп кете қойған жоқ, бірдей қалыпқа түскенше қажалудай қажалды жеңешелерің. Толық түсінік ор­нықпаған отбасының берекесі болмайды. Жеңешелеріңе өте ризамын...». Сөйтіп, мен бара-бара Бә­кең­нің әзіл-қалжыңдарын, әсіресе, тікелей маған арналғандарын өзгелерге өзім «жарнамалайтын» болып алдым. Өйткені екеуара туындаған сол әзілдерді Бәкең қайталаса, талайлар мені «ренжіп қала ма» деген оймен күлкіге булығып тұрса да күле алмай қыстығып, қипақ­тап әлекке түсетін. Сондықтан емін-еркін күлкіге көміліп көңілдері көтерілсін деп майын тамызып, әдемілеп айтып беретінмін. Кейбір құрбыларым менің осы қылығымды ұқпады. «Ол сені келекелеп тұр ғой» дейтіндер де болды. Бір жолдасымыздың басынан сөз асырғысы келмейтін жұбайы Бахаға: «Ужас! Ужас! Как она терпит?» – дегенде: «Ол үшін Зейнеп болу керек», – деп жауап берді. Күләш Ертілеуова дейтін досымыз бірде: – Бақытжан, сен Зейнеп туралы «Когда ты рядом» деген роман жаздың. Ол қазақша «Жанымның жарық жұлдызы» деген атпен шықты. Есімін өзгерткенің болмаса, бастан-аяқ сендердің өмірлерің, басты кейіпкерің Зейнеп екені айдан анық. Кейінгі роман-эсселеріңнің бәрінде тағы да Зейнеп белор­тада жүр. Сөйте тұрып, мен сендермен араласқан қырық жылдан астам уақытта оған небір ащы қалжыңдарды арнап, нысанаға ала беретінің неліктен? – деп сұрады. Бәкең өзінің шырайын нұр­ландырып жіберетін жұмсақ күлкісімен күліп алды да: – Білесің бе, Күләш, адамның жаратылыс-табиғаты қызық әрі тылсым ғой. Мен бірінші клас­та оқып жүрген кезімде бір аулада тұратын көршіміздің өзім қатарлас қызын кереметтей ұнаттым. Жақсы көргенім соншалық, үнемі қасына барғым келіп, көргім келіп тұрады да, оны ылғи аңдитынмын. Ал кездескенде бұрымынан тартып, шымшып немесе портфельмен ұрып кететінмін. Сол әдетім әлі жалғасып келе жатыр, – деді. Бақытжан ешқашан дауры­ғып, қызбаланып «мен білемге» салып өзеуремейтін, ондай әдет жаратылыс-мінезінде мүлде жоқ еді. Ол байсалды, салмақты сөй­лейтін. Сондықтан болар бы­лайғы жұрт оның әзілкеш екенін білмейтін. Кейбіреу қалжыңын шын көріп, алданып та қалатын. …Бақытжан маған: «Зәке, саған ноқта керек», – дейтін, ал мен оған: «Саған қамшы қажет», – дейтінмін. Өйткені мен лап етіп айтып тастайтын жағдайлардың өзін ол байсалды қабылдап, әзілге айналдырып тегістеп жіберетін. Астананың он жылдық мерейтойында Елордада атаның ескерткіші қойылды. Оның салтанатты ашылуына дөкей бастықтар келіп атаға сөз арнады. Әдеттегідей басын қазақша бастап, ар жағын орысша ағызып әкетті. Бақытжанға кезек бергенде бір ауыз орысша қоспай, мәнерлеп тұрып бастан аяқ қазақша сөйледі. Ол бері келгенде «Астана» арнасының тілшісі – шамасы орыстілді болуы керек, сөзін «агашка» деп бастап: – Сіз орысша сөйлей аласыз ба? Орысша хабарға интервью керек еді, – деді. Мен Бәкеңе жалт қара­дым. Ол «үндеме» дегендей, қабағымен белгі берді. Шы­нымды айтсам, бірдеңе дей салуға тілімнің «қышығаны» анық еді. Бәкең қызға қарап: – Орысша дейсің бе? Тыры­сып көрейін, шырағым, – деді сыпайылап. Ары қарай қойылған сұрақтарға түйдек-түйдегімен төгіп сөйлеп берді. Сонда тілші қыз: – Ой, агашка, орысша сөйлей алады екенсіз ғой, – деді тек тұрмай. – Иә, айналайын, анда-санда осылай тұяқ серпіп қалатын әдетім бар, – деп жымиды Бәкең. Журналист дегеннен шы­ғады, кейінгі кездері жас журналистер алдыңа келіп әуре болмай, телефон арқылы сұхбат алуды әдетке айналдырған. Атаның 100 жылдығы қарсаңында бір жігіт Бәкеңе хабарласып: «Соғыста басыңыздан өткен бір эпизодты айтып берсеңіз», – деп өтінген ғой. Сонда Баха: – Қарағым, ренжіме, эпизод айта алмаймын, себебі соғыс кезінде мен окопта емес, бесікте жатқанмын, – деп жайбарақат үн қатты. Журналист атаның 1982 жылы қайтыс болғанынан бейхабар. Атамен сөйлесіп тұрмын деп ойлаған болуы керек. Тіпті, көзі тірі болғанның өзінде жүзге келген қарттан телефон арқылы қалай сұхбат алмақшы болды екен? Бақытжан ол жігіттің мінін бадырайтып бетіне баспай, өзгеге ұқсамайтын жаратылыс-болмысына сай жауап берді. Тағы да атаның ғасыр тойы кезінде Оқушылар сарайында мектепте оқитын кішкентай «ақындардың» мүшәйрасы болды. Соған қатысып бері шыққанымызда қолдарына көтерген камерасы бар жігіт пен қыз қасымызға келді. – Аға, сізді бағанадан бері әдейі күтіп тұрмыз. Бауыржан атаның балалық шағы туралы кішкене әңгіме айтып берсеңіз, – деп микрофонды Бәкеңе тосты. Ол болса: – Айналайын, Бауыржан – менің балам емес, әкем. Оның бала кезінде мен мүлде жоспарда жоқ адаммын ғой, – деді. Соңғы рет жүрегіне жасалған отадан үш күннен соң жансақтау бөліміне маған кіруге рұқсат етті. Өзімді қанша ұстайын десем де, көзіме жас толып-ақ кетті. Соны байқаған арысым: – Әй, мамасы, тәубе де! Операциялардың санын онға жеткізіп юбилей жасап, шүкіршілік етіп жатырмын, – деп күлімсіреді. Жеті рет жамбас сүйегіне, соқырішек, қуық, ақырғысы – жүрекке жасалып еді. Ажал аузында жатып өз халін әзілмен жеткізетін адамдар көп пе, аз ба, білмеймін... Бақытжан Момышұлы әрбір ағарып атқан таңына, қызарып шыққан күніне ризашылықпен қарап, бағалай білді. «Айна­ла­сына күлкі сыйлап, өзгені жадыратып, өзі жарқырап» өтті өмірден. Бәкеңнің әдемі әзіл-қалжыңдарын оқып сіздер де оны күліп еске алыңыздар, ұмытпай айта жүріңіздер. Зейнеп АХМЕТОВА. АЛМАТЫ.   Әзілің жарасса... Майлы құйрық, Сәл демесе – жайлы құйрық. «Ара» журналынан алынды.   КӘРІЛІК – Люсяжан, кеше тойдан бірге шығып таксиге бірге мініппіз... Былай, өзіңе артық-ауыз бірдеңе деп қойған жоқпын ба өзі?.. – Жоғ-а, Сергей Палыч, үн-түнсіз түсіп қалдыңыз. – Биге шақырған сияқты едім? – Бір рет қана билеген болдық. – Былай, беліңнен қапсыра құшақтап шыр көбелек айналдыр­ған шығармын?.. – Тікірейген қалпыңызда тып-тыныш кеттіңіз. – Әзәзіл әзіл-қалжыңдарды тоғытқан шығармын? – Біреуін де естімедік. Әңгімеңіз әдебиет, көркем шығармалардан шыға алмады. – Үстел басында өзіңе қызмет жасап иіліп-еңкейген болармын?.. – Сергей Палыч, ештеңе есіңізде жоқ па? Онда сіз мас болып қалған болдыңыз ғой. – Мас болсам да қатын-қалашқа қырындап, еркектік қылық көрсетпедім бе?! – Аузыңыздан сөзіңіз, өзіңізден бөзіңіз кетіп қаққан қазықтай қалпыңыздан айнымадыңыз. – Е, бұрын-соңды мұндай күйге түспеп едім... Е, кәрілік дертіне іліккен екенмін... Семен АЛЬТОВ. АударғанБ.ЖҰМАДІЛДИН. Ауылдың айтқыштары  

КӨР ҚАЗҒАН МЕН БАС ЖАЗҒАН

Айтан деген қушыкеш жігіттің басы ауырып, жағдайы мүшкіл болып тұрса керек. Арақ бере қоятын ешкімнің ыңғайы жоқ... Қиналып тұрғанда сонадайдан соңғы кезде молдалыққа бой ұрып жүрген алаңғасарлау Қажым деген ағасы бой көрсетеді. Ол да тегінде «жақсы» ішкен адам екен. Қуанып кетіп, ағасына жік-жаппар болып сәлем берген Айтекең біраздан соң: – Аға, осы сіз шын иманды адамсыз, иә? – деп сауал қояды. Әрі-сәрі болып қалған анау мұның бетіне сұраулы түрмен қарай берсе керек. – Сауаптың ең үлкені не, білесіз бе? – деп бұл одан әрі тақымдай түседі. – Иә, – дейді Қажекең, – айта ғой, не екен? – Ең үлкен сауап, – депті сонда Айтан, – көр қазған мен бас жазған! Мына сөзді естіп күліп жіберген ағасы әмиянын суырып алып, бес жүз теңгені ұстата берген екен.  

АЛАҚАНЫ АППАҚ ЕКЕН

Абаштың Американың Атланта қаласында өткен Олимпиадаға барып қайтқанын жұрт біледі. Келген соң «құтты болсын» айта келген қауымның арасынан бір туысы: – Иә, Әбеке, Америка қалай екен, не қызық көрдің? – деп сұраса керек. Сонда Абаш біраз ойланып тұрып: – Негрлердің алақаны аппақ болады екен, – деген екен. Хасен ЗАКАРИЯ. ӨСКЕМЕН. _________________ Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР
Соңғы жаңалықтар