• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Өнер 14 Қыркүйек, 2021

Көп ішіндегі жалғыздық

182 рет
көрсетілді

Көзден кеткен, көңілде көмескіленген картиналар қалың альбомның қай парағын ашсаңыз да мұнтаздай өнердің мөлдір келбетін, мінсіз мүсінін еске салуға құштар. Жанарыңыз қабызданып, жаныңыз елегізіп, классик қылқалам иелерімен бір үстел басында отырғандай боласыз. Қараңызшы, бір түсті бояулар, әртүрлі тағдырлар. О, неткен құдірет, о, неткен қасірет! Ауық-ауық сізді де алысқа тартады…

Қазір күз, содан ба сарғайған жапырақ алақанына ұя салған тамшының тағдырындай тәл­кек, сұлудың көз жасындай ауыр ойларға иек сүйейміз. Ертеректе де солай болған, келесі күзде де солай болуға тиісті. Неге дейсіз ғой, оның жауабын сиқырлы суретші Пол Гогеннің «Арлестегі түнгі кафе» атты туындысы береді. Біз кенеп бетінен алуан түстердің шарпысқанын һәм бір-бірімен матасқанын ғана байқаймыз, ал ондағы кейіпкердің ішкі хәлі, жан-күйі тура осы күздің болмысы секілді беймәлім. Ештеңе өздігінен бола салмайды, бұл күздің де бір ерекшелігі бар, дәл картинадағы көріністегідей...

Гоген Францияның оңтүсті­гінде Арлесте болған кезінде бір­неше құнды туынды жазды. Со­ның бірі осы кербез картина. Ол мұнда Ван Гогтың шақыруымен келген. Атақты суретшілердің шы­ғар­машылық тандемі әлемге тамаша суреттер сыйлады. Әри­не бұл өз алдына бөлек әңгіме. Бүгінгі сөз картина хақында.

Кенепте Арлестегі вокзал ка­­фе­сі ешқандай боямасыз бей­не­лен­ген. Себебі сағынышы әлди­леген жандардың тұрағына айнал­ған шағын мекен суретшінің де жанын талай рет жұбатқан еді.

Бізге «Арлестегі түнгі кафе» картинасы көркемдік ерекшелі­гін жоғалтпай жетті. 1888 жылы жа­зылған жұмыс өз уақытына сәй­кес келеді. Автордың бұл кар­ти­­наға жасырған сезімдері бір ға­сырдан астам уақыт өтсе де өз мәні мен мазмұнын жоғалтпады. Ғажап емес пе?! Мына дәуір әлі де сол сезімдердің теңізін кешіп жүргендей.

Кенептің алдыңғы жағында жа­бырқау әйелдің бейнесін кө­реміз. Бұл мекеме иесінің ке­лін­шегі – Джин ханым. Ол шын­тағын үстелге тіреп, қалың ойдың тұманында адасып жүр­гендей. Артындағы шудан қа­шып кете алмайды. Үстел үстін­де аяқталмаған ішімдік пен бө­телке бар. Осы тұста бір аңғар­ғанымыз Пол Гоген картина­ны әртүрлі композициялық бө­лік­терге бөлетін ашық түсті жолақ­тарды сызған. Оқырманға ең жақын бөлік ақ түспен боялған. Картинаның ортасы жасыл түспен сырланған. Бұл жерде бильярд үстелі мен оның астында отырған мысықтан басқа ешкім жоқ. Ке­нептің жоғарғы жазықтығы қызыл түспен берілген. Онда кафеге келушілердің сұлбасы анық көрінеді. Олардың барлығы бір көңіл күйдің әуеніне төңке­рі­ліп, өмірге мұң шағуда. Тағы бір нәзік деталь – мұндағы кейіпкер­лер­дің көбі суретшінің таныстары.

Біздіңше Гоген алдыңғы қа­тар­дағы әйел мен оның артында той­лап отырған адамдардың бір-бірінен алшақтығын көрсеткісі келгендей. Тіпті олардың арасы­на сұр түтіннің ұзын тізбегін қос­қан. Джин ханым сәл шар­шаған сияқты, келушілерге деген қызығушылық жоқ. Себебі үнемі жалғыздығымен алысқан жандардың арасында өзінің де жалғыздығы есіне түседі.

Бұл – көп ішіндегі жалғыздық. Бұл – Пол Гоген!