• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
30 Қаңтар, 2014

Тұлға десе тұлға еді

613 рет
көрсетілді

Арқалы ақын Мұқағали Мақатаев Бауыржан Момышұлына арнаған бір өлеңінде «Қандай сый тартсам екен, аға саған», деп алады да, артынан «Алтын да, алмас та емес жалтылдаған, Бір сый бар, аға, саған, тартылмаған! Ұрпақтар аңыз етіп айта жүрер, Сыйдан да он есе артық даң­қың маған» дейді. Сондай бітім-болмысы бөлек, кес­кін-келбетін, түр-түсін Тәңірім кең етіп жаратқан ересен ағаларымның бірі Шер­ағаң, Шерхан Мұртаза «Қазақтың Қа­ра­тайы» деп атаған ардақты да аяулы Қаратай Тұрысов еді. Сол асыл азамат туралы мақа­ла жазып беруімді өтініп, Астанадан жақсы көретін інілерімнің бірі телефон шалды. Амандық-саулықтан соң:

– Аға, Қарекеңді – Қаратай Тұрысов ағамызды жақсы білуші едіңіз ғой, – деді.

– Білгенде қандай! Жақсы араластым, жылы сөздерін көп естідім. Сырлас, сыйлас болдық. Аға деуші едім.

 

Арқалы ақын Мұқағали Мақатаев Бауыржан Момышұлына арнаған бір өлеңінде «Қандай сый тартсам екен, аға саған», деп алады да, артынан «Алтын да, алмас та емес жалтылдаған, Бір сый бар, аға, саған, тартылмаған! Ұрпақтар аңыз етіп айта жүрер, Сыйдан да он есе артық даң­қың маған» дейді. Сондай бітім-болмысы бөлек, кес­кін-келбетін, түр-түсін Тәңірім кең етіп жаратқан ересен ағаларымның бірі Шер­ағаң, Шерхан Мұртаза «Қазақтың Қа­ра­тайы» деп атаған ардақты да аяулы Қаратай Тұрысов еді. Сол асыл азамат туралы мақа­ла жазып беруімді өтініп, Астанадан жақсы көретін інілерімнің бірі телефон шалды. Амандық-саулықтан соң:

– Аға, Қарекеңді – Қаратай Тұрысов ағамызды жақсы білуші едіңіз ғой, – деді.

– Білгенде қандай! Жақсы араластым, жылы сөздерін көп естідім. Сырлас, сыйлас болдық. Аға деуші едім.

– Сіз білгеннен кейін әдейі ха­бар­ласып отырмын. Егер Қарекең тірі болса, ақпанның екісі күні сексенге толар еді. Ақсақалдық лебізін тыңдар едік. Тәуел­сіз елімізге байланысты, эконо­ми­ка­лық жағдайымызға қатысты жан-жақты ой айтатын әңгіме қозғар ма едік. Әттеген-айы, Жаратушы Ие оны бізге қос көрмепті.

Ойланып қалдым. Қарекең жөнінде еске алатындарым баршылық. Бірақ, бірден келісім бере алмай үнсіздікті созыңқырап алсам керек. «Көп кідірдіңіз ғой, аға» деп, серпілтіп жіберді інім.

– Не жазсам екен, қалай жазсам екен деген ой ғой менікі. Сенімдеріңнен шығып, ел оқитын бірдеңе жаза аламын ба деп тұрғаным.

– Жазасыз! Сіздің қолдан келеді, аға, – деді ол сөзін нығарлап.

Уәде беру – оңай, сол уәденің үдесінен шы­ғу қиын-ақ. Мен де қолыма қалам ала ал­май бірер күн жүрдім. «Геометрияға да ша­быт керек» дейтін кім еді? Кім болса да, бі­­ліп айтыпты.

«Ат, есімді біреу береді, ал тағдырыңды өзің жасайсың» демекші, Қаратай Тұрысов қарымды ісімен, қайраткерлігімен, ғы­лым­дағы ізденісімен, халыққа қылаусыз еткен адал еңбегімен өз-өзін даралап, таныта білген саңлақтардың бірі еді. Азалы аштық жылдарынан кейін өмірге келген. Өмірбаянында сол уақытта туылып, бала­лық шағын өткізген қатарластарымен ұқ­састыратын жақтары көп. Жамбыл об­лысының Жамбыл ауданындағы Жасөр­кен деген әдемі ауылда балалығын қал­ды­­рады. Шерағамыз – әйгілі қаламгер, қо­­ғам қайраткері Шерхан Мұртазамен бір­ге интернат нанын жеп, білім алады. Асанбай Асқаровтай жанашыр азаматтың ықыласы арқылы Мәскеуге оқуға аттанады. Геологиялық барлау институтын, КОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін, КСРО Халық Шаруашылығы Академиясын тәмамдайды. Экономика ғылымдарының докторы, ҚР Инженерлік академиясының академигі. Бұл қысқаша түйіндеп айтқандағы сөзіміз. Әйтпесе, ол кісі институттан кейінгі қызметін аға геолог болып бастаған. Содан кейін гео­ло­гиялық партияның бастығы болады, ұйымдастырушылық, іскерлік қырларын көрсете білгеннен соң барып комсомолдық, партиялық қызметке тартылады. Ақшатау өнеркәсіптік аймағы бойынша партиялық-мемлекеттік бақылау комитетінің төрағасы, Қаражал қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, Торғай облыстық партия комитетінің хатшысы, Мемлекеттік тау-кен жұмыстарындағы қауіпсіздікті сақтандыру комитетінің төрағасы, Қазақстан Компар­тиясы Орталық Комитетінің хатшысы, Кәсіподақтардың Бүкілодақтық Орта­лық Кеңесінің хатшысы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, ҚР Туризм және спорт министрі, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, Қазақстан Республикасы Парла­менті Мәжілісінің екі рет сай­ланған депутаты, Экономика, қар­жы және бюджет жөніндегі ко­митетінің төрағасы. Міне, Қар­екең ағамыздың атқарған айтулы қызметтері. Оған КСРО Жоғарғы Кеңесінің екі дүркін депутаты болып сайланғанын қосыңыз. Әрине, еткен абыройлы еңбек, атқарылған қызметтеріне орай марапатталған. Кеңестік жылдарда екі рет «Еңбек Қызыл Ту» орденін өңіріне тақса, тәуелсіз Қазақстан туы желбіреген заманда екінші дәрежелі «Барыс» орденінің иегері атанады.

Қарекең өте ұстамды, не айт­са да ойланып айтатын, тол­ғанып сөйлейтін кісі еді. Бұл ұш­қан ұясы, алған тәрбиесіне де қатысты шығар. Кейін осы қыры атқарған қызметі ба­ры­сында ұштала түседі. Ақи­қа­тын айтсақ, қайраткерлік тұлғалануына комсомолдық жұмысының, партиялық саладағы еңбегі үлкен мектеп болды. Димекеңнің дәуірінде өсті, өрледі. Сон­дықтан өзіміз ұшырасқан, оңаша сырласқан кездердің бәрінде дерлік ол кісіні ауызға алмай кетпейтін. Менің де айтарым бар. Халық шаруашылығы инс­титутына рек­тор­лыққа бекітілер алдында ол кісі мені де арнайы қабылдаған. Сонда: «Айналайын, Нұрғали, сен елдің назарындағы үлкен қыз­метке бара жатыр­­сың. Шәкірттердің бо­йына тазалық рухын дарыту үшін, ең әуелі өзің таза болуың керек. Осы се­нім­­ді ақтайды деп жіберіп отырмыз», – дегені бар-ды. Әйгілі Желтоқсан көтері­лі­сі­нен соң қыспақты шақты бастан кеш­ті. Мен де Димекеңнің кадры ретінде қызметтен қуылдым, қудалауға түстім. Тіпті, басқа республикаға кетуге мәжбүр болдым. «Өзі жақсыға бір кісілік орын бар» екен. Жылымық жылдар келгенде елге оралдым. Бір күні сәлем бергелі бар­ғанымда: «Айналайын, жаман атың шық­­қан жоқ. Разымын. Осы жолыңнан тай­ма», – деп еді аяулы Дінмұхамед Ах­мет­ұлы Қонаев. Сөйтсем, дәл осы сөзді өзі қызметті се­ніп тапсырған талайларға ай­тыпты. Әри­не, ойынан шықпай, ұятқа қалдыр­ған­дар да ұшырасқан. Атын атап, түсін түстемегенімен ішкі ренішін Қаратай ағаға да білдіртті. «Қарағым Қаратай, сендер әлі қызмет етесіңдер. Халық – айна, одан ештеңені жасырып-жаба алмайсың. Ал, бір былғандың ба, одан арылу қиын», – депті.

Қайран, Қаратай ағам менің! Адалдықты алға салып өттіңіз-ау деймін. Қаншама рет дидар­ласқан сәтімізде әлдекім туралы кіжі­­­­­­ніп айтқан, күйініп айтқан, күйзеліп айтқан сөзіңізді естімеппін. Сол себепті қазір Тұма­ғамның – Тұманбай Молдағалиевтің мына бір ғажап өлеңін еріксіз еске алып отырмын:

Асықпашы, жетерсің жетер жерге,

Тіл тигізіп қайтесің бекер елге.

Өмір деген сахна, шық, кәнеки,

Ренжімей кетіп қал кетер жерде.

Мына жарық жалғанда дүние біртегіс, әрбір күн шырай-шуақты емес қой. Адамдар да әртүрлі. Қаншама адам болса, соншама мінез-құлқы, бір-бірін қайталамайтын өзгешелігімен ерекшеленеді. Солардың арасынан ойы үндес, мінезі үйлес, пікір-пайымы жақындары ғана дос-жар болады, жылдар бойы байланыс жібін үзбей жүреді. Қарекең екеумізді жақындатқан осындай қырымыз шығар. Әйтсе де күнделікті тіршілік тынысы, атқаратын қызметің адамдарға әсер етпей қоймайды. Біреулерге болсын деп айтқан қатқылдау сөзің басқаша қабылданып, араға сына салады. Мен де біраз «жаулар» таптым. Билікте жүргенімде оларды аңғара қоймадым. Төбемді бұлт торлаған кезде, әй, сол шіркіндер сыбанып шыға келді-ау. Уақытында да, одан кейін жабылған жала жала екендігі айқындалып, жүзім жадырағанда да қайсысын болсын еске алмауға, ұмытуға тырыстым.

Қарекең екеуміз самалды кеште әңгіме­лесіп жүргенде осылай дегем-ді.

– Нұрғали, бұл өте ғажап қасиет. Онсыз да қыс­қа ғұмырда біткен жараны қайта тырнағандай болғанның, көңілді кірбің шалдырғанның қажеті аз. Жақсы жаманға ренжімейді. Егер ренжи берсе, оның бойын­­­дағы жақсы қасиетінің өзі ыдырап, жойылып кетпей ме? – деді. Осы сөзі қатты әсер етті. Кейін «Қарекең айтып еді» деп үнемі еске алып жүрдім.

Әлбетте, ештеңе өздігінен болмайды. Бір нәрсеге бір нәрсе әсер етеді, бі­реу­ге біреу дәнекер болады. Мені ол кісі­мен ең әуелі таныстырған Әбдіғаппар Мах­мұдов еді. Әбекең көп жыл Қазақстан Ком­пар­тия­сы Орталық комитетінде жауапты қызмет атқарды. Осы таныстығымыз талай жақсылықтарда, жанымыз жабыр­қау тартқан шақтарда бірге болуға бас­та­ды. Бұған екеуіміздің де экономист болуымыздың ықпалы тиді. Бұл бая­ғы кеңестік жүйеде бір басқа болса, өз алдымызға ел атанып, туымыз тіктелген жыл­дарда тіпті өзгеше сипат алды. Қара­тай ағамыз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Премьер-Министрдің орынбасары қызметін атқарды. Ендігі эконо­ми­калық дамуымыз өзгерді. Өйткені, күл­лі өндірісті орталықтандырған жүйе бұзыл­ды. Жоспарлы шаруашылық күйреді. Сондықтан нарық заңына сүйенген құ­рылымға көшу мәселесі көлбеңдеп ал­дан шықты. Әрине, табиғи байлығы ға­жап дейтін Қазақстанға да оңай тимеді. Қиын­дықтармен бетпе-бет келдік. Міне, осы бір сындарлы шақта ол кісінің мойнына алған жауапкершілігі үсті-үстіне еселеп артты. Әрине, ең негізгі шешуші міндетті атқарған – Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы На­зар­­баев. Нұрекең де экономист. Одан кейін­ бұл істе ерекше көрінген кім десе, мен ой­­ла­нбастан Қаратай Тұрысовты ауызға ала­мын. Бұл қай-қайсымызға да белгілі, ай­дай ақиқат. «Ұлтқа қызмет етпеген дарын, дарын емес – жарым» дей ме Қадыр Мырза Әлі, сол қиын-қыстау кезеңде хал­қымыздың әлеуметтік жағдайын барын­ша ойлап, мазасы май ішкендей күй кешкендердің бірі Қарекең болғандығын білгендіктен де айтып отырмын мұны. Елдің шынайы жағдайын мол мағлұматы болып, өзі де ғылым мен былайғы өмірді ұштастыра жүргізгендіктен Министрлер Кабинетінің ықпалды шешімдерді дер кезінде қабылдауына барынша араласты. Бел­гілі экономист ғалымдармен қоян-қол­тық араласып, маңызды шараларды бір­лесе атқаруға басшылық етті. Одан соң Республика Парламентінде халық қалау­лысы болып отырып, Экономика, қаржы және бюджет жөніндегі комитеттің төр­ағасы ретінде көптеген маңызды заң­дарды қабылдауға ұсыныс жасап қана қоймай, талқылауға айрықша атсалысты. Бұл қоғамдық тұрғыдағы қызметі. Екшеуге, есептеуге келмейтін, көнбейтін қисапсыз еңбек. Халықтың көз алдында, жалпақ жұрттың назарындағы атқарған істері. Олардың соншалықты сәтімен орайласуы, сөз жоқ, өз басына қатысты жай. Құдайдың бере салған кеңдігі бар және ажарын аша түсетін адалдығы сөзінен де, әрекетінен де ап-айқын аңғарылып тұратын. Олай дейтінім, айтулы қызметтің тұтқасын қолға ұстаған талайларды білеміз. Бір ғажабы, Қарекең солардың кейбіреулеріне ұқсап, менің ректорлық қызметіме байланысты өтініш айтып, қолқа салған емес. Әу баста қарым-қатынасымыз осылай қалыптасып еді, ақырына дейін солай болып өтті.

– Билік дегеннің күші зор. Бұл, әсіресе, сондай еңселі жерде отырғандарды сәтімен пайдаланып қалғысы келетіндерге тиімді, – деді бір күні. – Қасыңа келушілер көбейеді. Көңілің ақ, ниетің таза болғаннан кейін бәріне құлай сенесің, ешқайсына жел боп тимейсің. Кімнің кім екенін басыңнан бағың тайған кезде бір-ақ білесің.

– Өте дұрыс айтасыз, Қареке. Дәл солай екенін өз басымнан кештім ғой. Айналамда үйіріліп, аяқ аттатпай жүретіндер үстімнен арыз-шағым көбейтіп, ректорлықтан кеткен күні зым-зия жоғалды. Доспын, қи­мас жолдасыңмын деп ауыз жаппай жар­­намалап, асты-үстіңе түсіп жүрген «ж­а­қындарым» мені көрсе, көш жерден бұрылып қашатынды шығарды. Ең жа­қын-ау, осы дұрыс деген бір-екеуіне теле­фон шалсам, жоламайды, анау деп, мы­нау деп себеп-сылтау айтады. Көзімді бақырайтып асыра мақтады демеңіз, сонда хабарласып, жағдай сұраған, олқы тартқан көңілімді демеген санау­лы азаматтардың арасында сіз бол­дыңыз, – дедім. – Есіңізде ме, Мәскеуге келе қалсаң хабарласпай кетпе деп үй телефонын да, қыз­мет телефоныңыздың нөмірін де беріп едіңіз.

Иә, ол күндерді ойласам, шырт ұйқымнан шошып оянғандай күй кешемін. Ақ-адал азаматтардың біразы қамалды. Сондай қаралы мезет маған да таянғандай көрінді. «Қой, көздеріне күйік болмай тасалана тұрайын» деп, өзімше амалдап Душанбеге кеттім. Мәскеудегі Оқу министрлігінің келісімімен бол­ды бұл. Бөтен ел, бөтен жер деп жатырқамай білек сыбана кірі­сіп кеттім. Ешкім жатсынбады. Қыз­метте еркіндік берді. Не іс­теп, не қою керектігі өте түсінікті. Ара­да бірер ай өткенде іссапармен Мәс­кеудегі, сол уақытта даңқы дүрілдеп тұрған «Ново Московское производственное объединениеге» келдім. Жалғыз емеспін, жанымда әлгі кәсіпорынның іс-тәжірибесімен та­нысу мақсатымен келген бір топ ғалымдар болатын. Бір айдай жүрдік. Сол уақытта өткендегі берген телефоны бо­йын­ша Қарекеңмен хабарласып, қызмет орнына бардым. Құшақтаса қауыштық. «Жең­гең үнемі сұрап қояды. Бүгін ауызба-ауыз­ сөйлессін, үйге кеттік», – деді. «Ой,­ Қареке, жанымда бір қауым ел бар. Олардан бөлініп бара алмаспын. Алда ыңғайы келер, тағы да соғармын, үйге баруды, Әскеркүл жеңгейдің қолынан дәм татуды сол кезге қалдырсақ жөн болар еді», – дедім. Шыны керек, осы ықыласына өте разы болдым. Жалғызсырап, жабығып, жақын тартқан талайлар қамықтырып, қапаландырып жүргендегі ол кісінің аузы­нан естіген жылы сөз жанымды жадыратып, рухтандырып жіберді. Қарекеңнің сезімтал жүрегі ішкі толқуымды жазбай таныды. «Қайғының оты сөнеді, көздің жасы кебеді» деген ғой аталарымыз. Сенің ғана емес, қалың қазақтың басына үйірілген мұнарлы күндер кетеді. Аққа – Құдай жақ, сондықтан еркін сөйле, еңсеңді тіктеп жүр», – деп есікке дейін шығарып салып еді-ау, қайран ағам...

Өткенде Қазақстан үкіметін басқарған Нұртас Оңдасынов туралы естелік кітапты ақтарып отырсам, ішінде өзінің тазалығы, елге деген ниеті хақында жазған әдемі ойын көзім шалып қалды. Жүрегімді тербеген жақсы жолдар болса, қойын дәптеріме түртіп алатын әдетім бойынша көшіріп алдым. «Ешқашан пара алған емеспін – қолым таза, ешкімді қаралап арыз жазған жоқпын – арым таза, ешуақытта адамдарды алалап бөліп-жармадым – жаным таза» депті. Қандай ғажап сөз! Ар-намысын бәрінен де биік қойған не деген таңғажайып кісі дедім. Біздің Қарекең ағамыз да солардың санатынан болатын. Өзінің болашағына даңғыл жол ашқан Асанбай Асқаровты пір тұтты. Дінмұхамед Қонаевты айрықша құрметтеді. Сол кісілермен тағдыры тоғысқанын, халыққа қалай қызмет етуді үйренгенін әрдайым айтумен, өзгелерге үлгі етумен жүрді.

– Асекең сырқаттанып жатыр екен дегенді ести сала, Астанадан құстай ұшып жеттім, – деді бір жолыққанымызда. – Операция жасатыпты. Әуежайдан еш жаққа бұрылмай бірден ауруханаға тарттым. Палатасына кірсем, Асекең шалқасынан жатыр екен. Басын биіктетіп қойған. Көзі жұмулы. Е, көз шырымын алып жатыр екен ғой, ұйқысын бұзбай кейінірек келсем қайтеді деп бір сәт тұрып қалдым. Сөйтсем, ол кісі ояу екен.

– Сен Қаратайсың ба? – деді ақырын.

– Иә, аға, ассалаумағалейкум. Қара­таймын.

– Уағалейкумассалам. Кел, маған жақы­нырақ отыр, – деп көз қиығымен орындықты нұсқады.

– Қалайсыз, аға?

– Не қалайы бар?.. Тар төсекке таңыл­дық. Операция сәтті өтті дейді. Бірақ, көңі­лім алаң, халім онша емес сияқты көрі­неді, әлсізбін. Ұйқы нашар, тәбет қашқан. Неге екені, түсімде анам мен өмірден озған бауыр­ларымды жиі көремін.

– Қиналғандыкі шығар... Осындай сәтте өмір туралы ойлайсыз, жаныңызға жақын кісілер көз алдыңызға келеді, соның әсері ғой. Алла жар болсын дейік, түріңіз жақсы. «Ауы­рып тұрдың, аунап тұрдың» демекші, әлі-ақ арқаланып алдымызда жүресіз. Әлгі түс­­­тердің бәрін жақсылыққа жорыңыз, – дедім.

– Жарайды, өзімнің жағдайымды айта бермейін. Әскеркүл келін қалай, ұл-қыз­дарың, немерелерің жақсы ма? Айналаңда қандай жаңалықтар болып жатыр. Үлкен үйге жақын жүрсің ғой, онда не жаңалық? Әнебір жылдардағыдай емес, экономика еңсесін жаза бастады. Алла қазақтың кең пейіліне бәрін берген, меніңше болашақ жарқын болуға тиіс, – деді.

Өстіп, Асекең екеуі ұзақ әңгімелесіпті. Медбике қайта-қайта келіп, көп отыруға болмайды дегенді ашық айтпағанымен, қабағымен сездіре бермесе тағы да отыра түскендей екен. Қоштасар кезде: «Қаратай, қарағым, бермен еңкейші, маңдайыңнан бір иіскейін», – депті. «Асекең елжірей құшақтаған кезде бір түрлі күй кештім. Көзімнен бір тамшы ыстық жастың қалай ыршып шыққанын байқамай да қалдым. Қайран, асыл ағатайым, өмірінің санаулы күндері қалғанын білгендей екен. Ұзамай дүниеден озды. Халқы қимастықпен қоштасып, қара жердің қойнына берді. Өмір деген осылай ғой...» – деп еді Қарекең. Міне, сол жолы ол кісі Асекеңнің алдында мәңгілік қарыздар екенін, өтеліп бітпейтін жақсылық жасағанын айтып еді. Көзі жұмылғанша назарында ұстап, жанашыр болғанын, тілеуін тілегенін шынайы көңілмен, асыл ағаны аңсаған ниетпен ойына алған. «Мектеп-интернатта оқып жүрген кезімізде жалындаған жас жігіт еді Асекең. Бізді танығанын, талабымызды ұштап, арман биігіне қанаттандырғанын көрегендік демей не дейін?! Шерхан халықтың сүйікті қаламгеріне айналды, мен де ағаның сенімін ақтау үшін аянып­ қалмадым», – деді. Асанбай ағаның Қазақстанның дамуы үшін қосқан үлесін, қайталанбайтын қайраткерлік тұлғасын, білімдарлығын ауызға алды. «Біртуар ғой, біртуар! – деді. – Күллі Кеңестер Одағында облыс басқарғандардың арасында оған тең келер ешкім болмады десем, әбден жарасады. Әлі де берері көп, атқарары мол, толысқан, жігерлі шағында қолына бұғау түсті, тар қапасқа қамалды. Осыдан өткен қорлық бола ма?..» Осылай деп келіп:

Көсем де болар кез келер,

Шешен де болар кез келер.

Сол қасиетің өзіңе

Кесел де болар кез келер, – деген Алаш арыс­тарының бірінің өлеңін жатқа айтып еді.

Қарекең 1978 жылы Торғай облыстық пар­тия комитетінің хатшысы болып жүр­генде Мәскеуге КСРО Халық шаруа­шылығы академиясына оқуға жіберіледі. Сол жылдары Асекең Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы екен. КОКП Орталық комитетінің мүшесі, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған соң пленум, сессияларға қатысу үшін жиі барып тұрыпты. Барған сайын академияда Қазақстаннан оқып жүрген азаматтарды көмекшісі арқылы таптыртып алып, қонақүйдегі бөлмесіне шақырып дәм татқызып, әңгімелесетін көрінеді. Ар­ты­нан Қарекеңді алып қалып, қонақүй­дің маңында серуендейді. Сондай серуен­нің кезінде: «Қаратай, жақында Нұр­сұлтан На­з­ар­баев Қарағандыдан Алма­тыға ауы­сып, Қазақстан Компартиясы Орталық ко­ми­тетіне хатшы болып келді. Сен де сол өңірде қызмет істедің. Аралас-құралас болған шығарсыңдар. Өзі қандай жігіт?» – деп сұрапты. «Нұрсұлтан жақсы жігіт. Халқы үшін жаны ауыратын, жақсы-жаманның байыбына баратын, басшылық қабілеті бойынан молынан табылатын арлы азамат», – дедім. «Дұрыс екен. Өзім де солай шығар деп едім. Қателеспеппін», – депті. Қараңызшы, әңгіме осылайша өрбіген сексенінші жылдардан бері қаншама уақыт өтті. Дүние өзгерді. Өзгерген уақытпен бір­ге сын болған сәттер де кейіндеп қалды. Тәуел­сіз Қазақстанның тізгінін ұстаған Нұр­сұлтан Әбішұлы қандай қайраткер, Мемлекет басшысы екенін ісімен көрсетті. Талай өзгерістер жүзеге асты, оңды бет­бұ­рыстарға куәміз. Ең ғажабы – қоғамда тұ­рақтылық, азаматтық келісім салтанат құр­ған. Елге керегі осы емес пе? Демек, қазақ елі кемел келешегіне үлкен үміт, сеніммен ілгерілей береді. Ылайым солай болсын!

Қазағының Қаратайы атанған Қ.Тұры­сов ағамыздың да діттеген ойы осы еді-ау.

Мынаны қарасаңызшы... Мұны Алла тағаланың ісі ғой деп өзімізді жұбатамыз, Қарекең екеуміз қасірет жағынан да ұқсап кеттік... Ойламаған жерден бауыр еті балапаны Нұрланынан айырылып қалды. Қаныпезер жауыздар келіні Баянмен бірге өз үйінде атып кетті. Сол уақытта бардым, басу айттым. Қайғысын бөлуге қалың қауым ел жиналды. Жан-жақтан келді. «Құдайға не жазып едім? Қос құлыншағымнан қоса айыратындай не істедім?» – деп жылады. «Атамды алсаң ал, Құдай, ботамды алма» деп тілейтін кең қолтық қазақ емеспіз бе, Қарекеңнің мұңы, жан қайғысы шыдатпады, бәріміз көзімізді қайта-қайта сүрткіледік. Содан арада жыл өткенде дәл сондай қаралы оқиға менің де басыма келді. Тұңғышым – Ерғалиым ойым түгілі түсіме кірмейтін жағдайда көз жұмды. Жұмбақ өлім. Жауапкері табылмайтын, азалы азабы есіңді таңдыратын өлім... Мен мұндай қайғыны жауыма да тіле­меймін. Өйткені, оның да бала-ша­ға­сы, жанашыр айналасы бар шығар. Олар­­дың жазығы не? Мен де күңірендім. Қа­бырғам қайысып кетті-ау, қайысып кетті... Осы бір қиын сәтте күйзелген көңілімді Қарекең де келіп демеді. Ағалық сөзін айт­ты. «Жазығым не еді, ағатай? Көзімнің қа­рашығындай балапаным не істеді? Біреудің ала жібін аттайтын пенде емес еді ғой...» – деп жыладым. Қарекең жанымда қоса егі­ліп тұрды. Ерғалиымның қазасы ол кісі­нің де қайғысын қозғап кетті-ау сонда. Көз алдына ұлы Нұрлан мен келіні Баян кел­ген шығар.

«Олардың болашағы алда еді-ау. Ерға­ли баламның да болашағы мезгілсіз қиыл­ды-ау... Тәуелсіз еліміздің өрлеуіне, өр­кен­деуіне қосатын үлестері бар еді... Ел­ге керек еді. Не көрді, не бітірді? Біз ертеңі­міз, үмітіміз, өзіміз бітіре алмағанды солар атқарады дедік қой. Сол үшін өсіріп, жет­кіздік емес пе? Қайтейік енді?.. – деп естіген елді де жылатты. – Баласы өліп жылаған біз болайық, бізден кейін қаза­ғы­мыздың қайсысы да қан жұтпаса екен...».

Иә-иә, Қаратай ағам осылай деді, тілек тіледі.

Енді соны еске алып, мен де тілеймін. Біз онсыз да азбыз ғой. Халқы үшін қалтқысыз қызмет еткен нар ұлы Қаратай Тұрысовтың ой-арманы орындалуы үшін ұйымшыл болайықшы. Бірлігімізге, тірлігімізге сызат түспесін деп құлшынайық.

Нұрғали МАМЫРОВ,

академик.

Соңғы жаңалықтар