Дидарғайып дүние, дәл сол күні көкейде күмбезделіп қалған кербез ой осы бір әңгімемізге өзек боларын ойламаппыз да. Бұл тақырып төңірегінде бұрындары да талай сөз сабақталған, әлі де сабақтала беретіні күмәнсіз. Міне, біздің де автордың аузынан естіген оқиға желісінен жіп үзе алмай отырғанымыз содан. Қайран, қаламұш ғұмыр! Мұқағалидың әнге айналған жас қайыңы. Жас қайың – адуынгер арман. Бейуақта жеткен әжемнің гөй-гөйіндей көңілді әлдилейді де тұрады.
Мұңды да мәнсіз ойдың құшағына бір сүңгісеңіз өз қиялыңыздың теңізінен қоныс іздейсіз. Қайда барсаңыз да сол мазаң өмір, мимырт тірлік. Сүрініс-түңілістер, қамырық қара түндер, қырмызы теріп қырда жүрген шаттықты шақ, ғұмырлық мәйек алар аяулы кезеңдер, албырт шешімдер, болбыр үміт бәрі-бәрі теңіз жағасынан сізге қол бұлғап тұрғандай. Сондай беймаза сәтте сіздің жан күйіңізді ақ қайыңнан артық түсінер жан бар ма? Арзу-мұңыңызды ақ көбік толқындай жағаға лақтырып тастағыңыз келеді. Ал үнсіз ақ қайың бәрін көтеруге дайын. Тіпті, сіздің зілмауыр қайғыңызды арқалап ғұмыр кешуге бар.
«Жапырақ-жүрек
жас қайың!
Жанымды айырбастайын.
Сен адам бола бастасаң
Мен қайың, бола бастайын.
Келісесің бе, жас қайың».
Тағалы ай астында көк көйлек өзеннің етегін еркін басып, құс жолына көз қадаған арудың сұлбасы елестейді. Қолында ақынның өлеңі – жапырақ жүрегінде жазылмаған хаттар. Нәркес көзге ұялаған ботана жасын жел сүртуге оқталады. Ақ қайыңға байлаған орамалы жоғалған. Әлде жел ұшырып әкетті ме екен?! Онда оның арман-тілегі, дұғалы махаббаты бар еді-ау. Сұхбат үстінде дәл осы көрініс ойыма балалап алғандай, «Жас қайың» әнінің тарихын бұрын білсек те, бүгін алғаш естігендей болып отырдық. Қазақстанның халық әртісі Алмахан Кенжебекова ақиық ақын хақында жан толғанысын жеткізуде. Ал мен әдеттегідей жалғыздан-жалғыз ой үстіндемін.
«Сол уақытта Нарынқолдан қалаға үш-ақ автобус жүреді. Соның біреуіне үлгеріп, ілініп келе жатқан бетім. Көлігіміз Сарыжазда тоқтағанда, артынып-тартынып көппен бірге Мұқағали Мақатаев та отырды. Достары жабылып жүріп, есіктен кіргізіп жібергенін көріп тұрмын. Аң-таңмын. Сол сәтте қасымдағы кісі түсіп, оның орнына Мұқаң жайғасты. Ішімнен осыны тілеп отырғанмын. Мұқаңмен қалаға бірге келдім деген мақтаныш әлдилеп барады. Маған қарай жайлап бұрылды да «Қайда оқисың?» деді. Сасып қалдым, бір жұтынып барып, болашақ өнер адамы екенімді айттым. «Еее, екеуіміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы екен» деді де, иығыма құлай кетті. Содан Мұқағали қалаға дейін иығымда ұйықтап барды.
Ақын бақиға аттанғаннан кейін көп уақыт түсіме кірді. Орындықта отырған қалпы көзінде жас ұйып тұр, маған әлденелерді баяндайды. Жүрек арызын жеткізгісі келетіндей...».
Мұқаңның мұңына жан бітірген өнер иесінің осындай әсерлі әнді өмірге әкелуі де тегіннен-тегін емес секілді. Екеуін де әлдилеген бір – топырақ, бір – табиғат-ана. Жанына театр, жүрегіне өлең біткен. Қалаға жеткенінше алып ақынды иығына қондырған қаршадай қыздың қайсарлығы қайран қалдырады. Ақынға деген алғаусыз сезімі, қарындастық ілтипаты, жасампаз жырға құрметі бір ғана қарекетінен көрініс тапқандай. Тіпті «Жас қайың» әнінің өмірге келуінің алғышартындай көңілге нұр себеді.
«Жаймашуақ көктем мезгілі. Алакөл ауданына гастрольдік сапармен келгенбіз. Өнер көрсетіп болған соң, ауыл халқы далаға дастарқан жайды. Қазан көтерілді, ел у да шу. Үстел басында жиылған жұртқа жөпелдемеде өмірге жаңа ән келгенін айтып, тұсауын осында кеспек ниетте екенімді жеткіздім. Ол кезде жаспыз, жалындап тұрмыз. Ойымызда түк те жоқ. Қолыма домбырамды алып «Жас қайың» әнін бастағаным сол-ақ еді, кенет төбемізге қара бұлт үйіріліп, апыр-топыр жаңбыр жауа жөнелді. Халық орнынан тұрар емес, әуенге елітіп барады. Ғажабы сол, ән қалай аяқталды жауын да сап тыйылды. Шамасы, Мұқаңның ішіндегі шер төгіліп кетті ме деймін. Бұл ақиық ақынның ешкімге жеткізе алмаған мұңын табиғатқа айтып кеткен туындысы. Ішіндегі запыраны тасқа айналған зар. Әнді алғаш рет Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сағат Жылкелдиев әлдебір байқауда орындады. Содан ел-жұртқа кеңінен таралып кетті. Мен Мұқаңның 15 өлеңіне ән жаздым, көбі әлі жарыққа шыққан жоқ», деп сөзін түйіндеді халық әртісі.
Көзінде нұрдан гөрі ақыл басым, жанарын момақан мұң қабыздаған автордың әуезді әні күллі мұқағалишыл оқырманға ыстық. Ақын сол әуен болып сөйлейді. Шайырдың сартап сағынышы өмірге деген іңкәрлігі қоныстанған. «Өмір сүрейік алмасып». Мұқағали – жас қайыңмен алмасып өмір сүрген мәңгі жасыл бейне.
Ал мен сол жас қайыңның астында таңға дейін сүйгенін телміре күткен бозбала мен басқа ошақтың шамын жаққан аруды ойлаймын. Ол енді өз алдына бөлек әңгіме. Мұны неге айтты демеңіз, себебі «Жас қайың» әні олардың махаббатының ескерткішіндей еді.