Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында алда тұрған маңызды бағыттарымыз бен мақсат-мұраттарымызды анықтап берді.
Қазір әлемде жағдай айтарлықтай ауыр. Бұл коронавирус пандемиясының салдары. Күн сайын эпидемиялық жағдайдың бағалау көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Бұл барлық елге үлкен қиындықтар алып келді. Экономикалық өсу көрсеткіштерін төмендетті. Денсаулық сақтау саласына айтарлықтай күш түсті. Білім беру саласында онлайн өмірді қалыптастырды. Иә, барлық салада онлайн жұмыстар жүріп жатқанымен, білім беру, ғылым салаларында бұл жұмыстардың дәстүрлі форматтағыдай болмайтындығына тағы бір көзіміз жетті. Бұл қиындықтарды да кезең-кезеңмен еңсерерміз. Президент осы мәселелерді өз Жолдауында «Пандемия кезінде қашықтан оқытудың нәтижесі ұлттық телекоммуникация желілерінің тиімділігі төмен екенін көрсетті. Мұндай ахуал негізгі, қарапайым білімнің өзін меңгере алмаған оқушылардың саны артуына әкеп соқты. Тағы бір проблема, нағыз қиындық осы деуге болады, балалар оқуын тастап кетіп жатыр. Өйткені білім алуды қажет деп санамайтын болды», деп атап көрсетті.
Бүгінде оқушылар, студенттер, жас ғалымдар мен ұстаздар білім беру мекемелері мен оқу орындарында жүздесті. Бұл сәтті шәкірт те, ұстаз да асыға күтті. Бұл әлеуметтік философиядағы шынайы өмірдің виртуалды өмірден әлдеқайда маңызды және құндылық екендігін түсіндірді. Онлайн білім берудің пайдасы қосымша пәндер мен жеке қызығушылықтар үшін таптырмас мүмкіндік, ал жалпы білім алуда дәстүрлі форматтың жөні бөлек.
Білім – аса құнды капитал. Сондықтан білімге инвестиция салу өзіңді шыңдап қана қоймай, еліне, жеріне, Отаныңа қызмет ететін маңызды қадам екенін естен шығармау керек. Білімді мамандары бар мемлекетте өмір сүрудің барлық жағдайы тұрақты әрі сапалы болады. Ол сіз бен біздің денсаулығымызды, өмірімізді ұзартатын бірден-бір фактор. Сондықтан Президент Жолдауындағы сапалы білім беру қағидаты әр уақытта маңыздылығын жоғалтпайтын жауапкершілігі мол міндет. Білім капиталы мықты елдің қай саласында да ілгерілеу болатыны анық. Сондықтан білім капиталын арттырып, ғылымға да терең мән бергеніміз абзал. Өйткені ғылым ұлт дамуының негізгі көрсеткіші.
Президент Жолдауда: «Ғылымды дамыту – біздің аса маңызды басымдығымыз. Бұл саладағы түйткілдердің шешімін табу үшін жылдың соңына дейін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет. Ең алдымен, жетекші ғалымдарымызға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін шешу керек. Мұны ғылымға бөлінетін базалық қаражат есебінен қамтамасыз еткен жөн», деп тиісті министрлік пен ғылыми мекемелерге, оқу орындарына тапсырма жүктеді. Сонымен қатар ғалымдардың ғылыми жобаларына берілетін уақытты да арттыру керектігін баса айтты. Бұл маңызды шешім болды. Өйткені ғылыми жобаларды бір немесе бірнеше жылда аяқтап шығу асығыстық болатыны сөзсіз. Сондықтан бұл мәселеге Президент аса мұқият қарап, уақытын созуды жанашырлықпен жеткізді. Отандық ғалымдарымыз үшін бұл жақсы жаңалық болғаны сөзсіз.
Президент Жолдауы – уақыт талабына сай жауап беретін маңызды құжат. Сондықтан оның әр бөліміндегі көтерілген мәселелер мен тапсырмалар ұлт ертеңі үшін атқарылатын нақты жол. Сол жолда жолымыз ашық, еңбегіміз жемісті болғай!
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетінің оқытушысы
АЛМАТЫ