Орталық телекоммуникациялар қызметі алаңында Солтүстік Қазақстан облысының жаман індеттің таралуына жол бермеу жөніндегі шаралары баяндалды. Мәслихатқа өңір әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев, облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев және денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қабдырахман Сақтағанов қатысты.
Асқар Жоламанұлының айтуына қарағанда, қазір облыста жаман індет жағдайы тұрақталып келеді. Вакцина алуды жалғастыру және басқа да алдын алу шараларының нәтижесінде індеттің таралымы біршама азайды. Пандемия басталғаннан бері 23 354 адам осы науқаспен тіркелген. Соңғы тәулікте 75 адамның бойынан жаман індеттің белгілері табылған. Бұған дейінгі екі аптада бұл көрсеткіш 140-450-ден кем болмаған еді. Демек тәуліктік көрсеткіш соңғы аптада екі есе азайған. Жалпы, науқасқа шалдығу қазір 44 пайызға дейін азайып, 100 мың адамға шаққанда 195 адамға түсіп отыр. Облыс 4 қыркүйектен бері «сары аймаққа» өткен.
А.Сақыпкереев 3 апта бұрын бір тәулікте 171 адамның бойынан індет табылып, антирекордтық көрсеткіш болғанын еске салды. «Қазір індетке шалдыққандардың 92 пайызы емделіп шықты. Алайда індет басталғаннан бері 181 адам қайтыс болды», деді ол.
Барлық науқастардың 65 пайызынан індет өздері емханаларға келгенде анықталған. Ал науқаспен қатынасқа түскендерден анықталғаны – 22 пайыз. Сонымен қатар профилактикалық шаралар барысында барлық науқастың 13%-ы анықталған. Адамдардың жастарына қарағанда науқасқа шалдыққандардың ең жоғары үлесі 60 жастан асқандарға тиесілі. Барлық науқастың 31%-ы осы жастың үлесінде.
Бүгінгі таңда облыстың барлық медициналық мекемесі штатты режімде жұмыс істеуде. Жоспарлы медициналық көмек тоқтатылған жоқ. Тұрғындар медициналық көмектің барлық түрін кедергісіз алуда. Облыстағы жаман індетпен науқастанғандарға 1 715 төсек бөлінген. Оның 31%-ы қазір толық. Сонымен бірге 775 орын қосымша бос тұр. Жан сақтау бөліміндегі барлық 115 орынның қазір 58%-ы толған. Адамға шаққанда 67 адам жансақтау бөлімінде оттегімен дем алып жатыр. Олардың 22-сі ӨЖТ (ИВЛ) аппаратының күшімен дем алуда.
Бүгінгі таңда облыс ауруханаларына жететін медициналық препараттардың екі айлық қоры қордаланған. Ал бөлшек саудада бір айлық қор бар және ол жаңаланып тұрады. Сонымен қатар тұрақтандыру қорында 22 түрлі дәрі-дәрмек қоры сақтаулы.
Халықты вакциналау жұмыстары да жақсы жолға қойылғаны айтылды. Бүгінгі таңда облыста 102 егу кабинеті, 62 жылжымалы вакциналау бригадасы, 8 жылжымалы кешен ұйымдастырылған. Бүгінгі таңда вакцинаның толық курсын 209 мың адам алған. Бұл вакцина алуға ниет білдіргендердің 67%-ы. Ал вакцинаның бірінші компонентін тұрғындардың 75 пайызы алды. Сонымен бірге егудің толық курсын алғандардың арасынан 1 240 адам індетке шалдыққан. Бұл егілгендердің 0,6 пайызы.
«Ашық» қосымшасымен облыстың 2 554 нысаны қамтылды. Сол арқылы 300-ден аса адамнан «қызыл», 250 адамнан «сары» мәртебе анықталды. Олардың бәріне айыппұл салынып, 80 адам үй карантиніне жабылды.
Мониторингтік топтар да өз жұмысын нәтижелі жүргізуде. Бірінші қыркүйектен бері 92 рейд жасалып, 494 нысанды қамтыды. Нәтижесінде, 13 адам жауапкершілікке тартылды.
Мектеп оқушылары стандартты оқу жүйесінде оқып жатыр. Каникулдан кейін мектепке оралған оқушылар арасынан 129 баланың бойынан індет табылған. Қазір бұл оқушылар және олармен қатынасқан адамдар қашықтан оқу режіміне ауыстырылды.
Жалпы облыста денсаулық сақтау мәселесіне биыл 3 млрд теңге бағытталып отыр. 480 орынды көпбейінді аурухананың құрылысы жалғасуда. Тағы бір жаңа емхана құрылысы қолға алынған.
Солтүстік Қазақстан облысы