Елімізде апта сайын шамамен 3 мыңға жуық қылмыс жасалса, оның 2 мыңнан астамы бір тәулік ішінде ашылады. Полиция қызметкерлері жедел ашылған қылмыстарға әдетте «ізі суымай әшкереленген» деп анықтама беріп жатады. Ал заңсыздықтардың ақ-қарасын дер кезінде анықтап, қылмыскерді дөп басып тануда криминалистердің алар орны қандай?
Дүние жүзіндегі барлық елдің өмір сүру дағдысына өзіндік түзетулерін енгізген пандемия қылмыс әлемін де өзгертті. Қылмыстың жаңа түрлері пайда болып, қашықтан жасалатын заңсыздықтар белең алды. Онлайн сауда-саттық қызған сайын интернеттегі алаяқтық та өрши түсті. Интернет арқылы тауар сатамын деп, бар ақшасынан айырылып қалғандардың саны күн санап өсіп келеді. Алаяқтар интернетте кең таралған платформалар арқылы тауар тасымалдау, жұмысқа орналастыру, ұтыстар секілді түрлі жалған ұсыныстарын айтып, енді бірі өздерін банк қызметкерімін деп таныстырып талайды сазға отырғызып кетіп жүр. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті соңғы бір айда елімізде 3500-ге жуық интернет алаяқтықтың тіркелгенін хабарлайды. Ал ІІМ-нің мәліметтеріне сүйенсек, алаяқтық қазіргі таңда жалпы қылмыстың 27 пайызын құрайды екен. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл қылмыс түрі 6 347-ден 8 441-ге дейін, яғни 33 пайызға артқан. Ал интернет алаяқтықтың өсуі тіпті 139 пайызға жеткен. Былтыр елімізде 1700-ге жуық интернет алаяқтық тіркелсе, биыл бұл сан 4 мыңнан асып жығылған. Заңға қайшы жұмыс істеп келген 1600-ден астам сайт бұғатталса, ІІМ елімізде заңсыз интернет ресурстардың ұзын саны 2 мыңнан асып жығылады дейді.
Сол себепті де ғасырлық тарихы бар криминалистика саласында да «компьютерлік криминалистика» деген жаңа ұғым пайда болды. Бұл – виртуалды әлемде де қылмыскердің «қолтаңбасы» қалады дегенді білдіртсе керек. «Компьютерлік криминалистика» дегеніміз не? Бұл салада IT мамандардың алар орны қандай? Ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстардың жолын кесуде криминалистиканың «дәстүрлі» түрлері қаншалықты қолданылып жүр? Осы сұрақтарға егжей-тегжей жауап берген ІІМ Жедел криминалистикалық департаменттің криминалисі Жақсылық Көрпебаев онлайн алаңда жасалатын қылмыстардың да ізі қалатынын жоққа шығармады.
«Қазіргі уақыт – компьютерлік, ақпараттық технологияның қарқынды дамыған кезі. Осыған орай көптеген қылмыс түрі виртуалды кеңістікке қарай ойысты. Бұл кеңістіктің шекарасы жоқ болғандықтан бір қылмыс бірнеше мемлекетпен байланысты болуы әбден мүмкін. Соның салдарынан мұндай қылмыстарды ашудың өзіндік қиындықтары да жетіп артылады», дейді криминалист маман. Департамент қызметкері интернет кеңістікте де қылмыскерлердің әртүрлі іздері қалатынын айтады. Бұл іздерді де сол баяғы криминалистика зерттейді. «Мұндай сала қазіргі уақытта «компьютерлік криминалистика» деген атауға ие. Жаңа салада да біз артта қалып отырғанымыз жоқ. Бүгінде департаментте IT саласының мамандары қызметке алынып, зерттеу түрлерінің әдістемесін даярлауда» деген Ж.Көрпебаев криминалистика қызметінің көпшілік біле бермейтін қыр-сырына да тоқталды.
«Криминалист сот-медицина ғылымының негіздерін білуі тиіс. Ал кейбір криминалистикалық зерттеулерді жүргізу математика, физика, химия ғылымдарын білуді талап етеді. Мысалы, «полиграф» құралының көмегімен арнайы психофизиологиялық зерттеулер жүргізу үшін криминалист «психолог» мамандығын жетік білуі қажет. Баллистикалық зерттеулерді жүргізу үшін физика мен химия ғылымдарын толық меңгеріп, заңдылықтарын қолдана білу керек. ДНҚ зерттеулерін жүргізу биология мен басқа да жаратылыстану ғылымдарын толық меңгеруді қажет етеді», деген маман оқиға орнын қарау барысында егер криминалистің көкжиегі кең, ой-өрісі дамыған, ойлау қабілеті өзгеше болса, қылмыстың қалай болғанын, қылмыскердің қандай іс-қимыл жасағанын, оны анықтау жолын бірден таба білетінін айтады. Криминалист фотографияның да қыр-сырын білуі керек. Өйткені бүгінде бұл сала да толыққанды бір бағытқа айналды. Осы сала арқылы әлемге әйгілі болып отырған фотографтар да бар. «Белгілі бір шектеуге келмейтін шығармашылық саланы жан-жақты меңгеріп, оны қылмысты зерттеуде қолдана білу де үлкен өнер», дейді ол.
Қазіргі таңда қазақстандық криминалистер көптеген шетелдің осы саладағы мамандарымен тәжірибе алмасып, білім-біліктіліктерін жетілдіріп келеді. Бұл мақсатта түрлі оқу курстары да ұдайы өткізіліп тұрады. Жақында ІІМ Жедел криминалистикалық департаменттің қызметкерлері Францияға арнайы барып, заманауи дактилосокопиялық бағдарламаны меңгеріп келді. Одан бөлек Интерпол Ұлттық орталық бюросының мұрындық болуымен криминалистиканың әртүрлі салалары бойынша онлайн форматта курстар ұйымдастырылып жүр.
100 жылдан артық тарихы бар «дактилоскопия», яғни қол саусақ іздерін зерттеу саласы да бүгінгі таңда көп өзгеріске ұшыраған. Қазіргі таңда «Дактилоскопиямен» шектесіп жатқан «дерматоглифика» секілді бөлек ғылым пайда болуда. Бірақ осы саланың өзін терең зерттеп, қызығушылық білдіретін қазақстандық криминалистер аз емес. Олардың бірқатары ІІМ жүйесінен де табылады.
«Біздің қызмет әлемдік криминалистикадан артта қалып жатқан жоқ» деген полиция подполковнигі бұл салаға мемлекет тарапынан да қолдаудың күн санап артып келе жатқанын айтты. Мәселен, биылдан бастап «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң қолданысқа енгізілді. Заң аясында әлемдегі ең дамыған техника мен технологияны қолдана отырып, криминалистикалық есептер толықтай автоматтандырылып, цифрландырылуда. Бұл дегеніңіз елімізде мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде криминалистикалық әдіс-тәсілдер толығымен пайдаланып келеді деген сөз.
Интернет алаяқтық алқымнан алып, ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын өзге де құқық бұзушылықтар көбейген сайын ІТ мамандарына деген сұраныстың арта түсетіні сөзсіз. Ал қылмыстың ізін суытпай әшкерелейтін криминалистер ақпараттық технологиялар саласынан сауатты болса, қоғамға қиянат жасайтындарды ауыздықтау айтарлықтай жеңілдері әрі жеделдетілері анық. Бір ғана дерек келтіре кетейік. Биыл 9-15 тамыз аралығында ел көлемінде Anti-Fraud жедел-алдын алу іс-шарасы өтті. Операцияның басты көздегені – ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалған қылмыстардың алдын алу, анықтау және жолын кесу. Осы іс-шара кезінде «компьютерлік криминалистердің» көмегімен бұрын жасалған 433 қылмыстың беті ашылған.