Қазақстан азаматтары өздеріне тиесілі дербес деректер Ресей билігінің қолына өтіп кете ме деп алаңдаулы. Пікірталастың туындауына «Сбер» компаниялар тобымен жасалған меморандум түрткі болды. Көп күттірмей бұған қатысты Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин түсініктеме беріп, қоғамда айтылып жатқан сынның негізсіз екенін алға тартты.
eGov.kz Қазақстанға тиесілі
Бұл уағдаластыққа сәйкес «Сбербанк» Қазақстанға платформалық моделін ұсынып, Data driven government тұжырымдамасы мен цифрлы трансформацияға байланысты жобаларды жүзеге асыруға көмектесуі тиіс. Міне, осыған байланысты қоғамның пікірі екіге жарылып отыр. Меморандумды қолдамайтын тараптың пікіріне сүйенсек, осы арқылы еліміз жеке мәліметтердің таралуына жол беріп, цифрлы егемендігінен айырылады. Бұған қоса «Электронды үкіметті дамытуда елімізден бірнеше есеге артта қалған мемлекет бізге қалай көмектеседі?» деген сынды пікірлер аз емес. Алайда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі бұл айтылғандарды жоққа шығарып, eGov.kz порталы Ресейге берілмейтінін жеткізді.
«Біріншіден, eGov.kz тек Қазақстанға ғана тиесілі және ешкімге берілмейді! «Қазақстандықтардың барлық дерегі Ресей Федерациясына қолжетімді болады» деген әңгімелер орынсыз. Неліктен? Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанда шетелдік жабдықтармен жұмыс істеп келе жатқан көптеген компания бар. Бірақ та бұл қондырғыларды өндіретін елдер бізге қатысты мәліметтерді иелене алады дегенді білдірмейді. Электронды үкіметке келсек, бұл жерде біреуге мәліметтер беріледі деген мәселе қозғалмауы тиіс. Осы ретте eGov.kz неден тұратынын қысқаша түсіндіре кетейін. eGov – бұл барлық мемлекеттік базамен байланыстырылған «сөре» секілді. Бұл базаларға немесе жүйелерге ешкім әрі ешқашан қол жеткізе алмайды! Осыдан бір ай бұрын жүргізілген талдау қазақстандық мемлекеттік секторда 400-ден артық ақпараттық жүйе бар екенін көрсетті. Бұл мемлекеттік жылжымайтын мүлік секілді ірі базалардан бастап, олимпиада жүлдегерлері тіркелген шағын базаларға дейін қамтиды. Жаңа технологиялар мен мүмкіндіктер уақытында біздің міндетіміз – бағдарламалау әдебі сақталмаған және ескірген құжаттардың негізінде жазылған жүздеген жүйелердің орнына барлық мәлімет бірыңғай платформада реттелген және түсінікті ондаған жүйеге көшу. Қазіргі eGov-ты миллиондаған ескі үйшіктермен салыстыруға болады. Оның орнына заманауи технологиямен жабдықталған платформаны орнатқымыз келеді. Халық пен экономикаға барынша тиімді болу үшін цифрландырудың «кесінді» моделінен тұтастай платформалық модельге ауысатын сәт келді», деді Б.Мусин.
Бастапқы код Қазақстанға ашық
Жауапты ведомство басшысы IT саласындағы кез келген мәселе, оның ішінде халықаралық деңгейдегі шешімдер қауіпсіздік органдарының рұқсатымен қабылданатынын айтты.
«Қазақстан тарапы вендор секілді (тұтынушыларға тауарлар мен қызметтерді жеткізетін кез келген заңды немесе жеке тұлға) бағдарламалық қамтамасыз ету мен техникалық қолдауды өзіне алатыны туралы талапты қойды. «Сбер» барлық жүйеге жол ашуға, сондай-ақ қажетті компоненттердің бастапқы кодтарын ұсынып, қазақстандық серверлерде орналастыруға келісті. Демек бұл өнімді тұтастай бастапқы кодтармен ала отырып, әрі қарай өзіміз сүйемелдеп жүргізетінімізді аңғартады», деді министр.
Жобаға отандық компаниялар тартылады
Б.Мусин осы жобаға бөлінетін қаражаттың тұтастай «Сбербанкке» берілмейтінін де түсіндірді. Оның сөзіне сенсек, бұл бағытқа шамамен 500 млн доллар жұмсалуы мүмкін. Аталған ақшаның бір бөлігі жергілікті IT нарыққа инвестиция ретінде құйылса, екінші бөлігі инфрақұрылымдық шешімдерге арналады. Тек үшінші бөлігі ғана «Сбер-ден» платформаны сатып алуға бағытталады, деді ведомство басшысы.
Сол секілді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі платформалық модельді енгізуге отандық IT компаниялары міндетті түрде қатысатынына уәде берді. Осы мақсатта цифрлы өнімді енгізу мәселелерін қоғам белсенділері мен IT нарық өкілдерінен тұратын арнайы комиссия талқылайды.
«Сбердің» цифрлы трансформациясы зерттеуге тұрарлық па?
Сарапшылардың айтуынша, бұл әзірге меморандум болғандықтан нақты бір нәрсені дөп басып айту қиын. Неге десеңіз, оның техникалық құжаттары әлі әзірленбеген немесе көпшілікке ұсынылмаған. Әйтсе де қоғамның екіұдай пікірі электронды үкіметке, яғни мемлекеттік қызметтерге байланысты болғанын ескерсек, бұл жерде мәселе мүлдем басқада жатыр дейді мамандар.
«Ашық дереккөздерге сүйенсек, онда меморандум жайлы айтылады. Шындығына келгенде, оны өз басым әлі көрген жоқпын. Бірақ бір түсінгенім, осы уағдаластық бойынша «Сбербанк» мемлекеттік басқару жүйесіндегі цифрлы трансформация жұмыстарына тартылуы мүмкін. Яғни мұны мемлекеттік қызмет көрсету мәселелерімен шатастыруға болмайды. Осыған қатысты ресми құжаттарды әлі көрмегендіктен тек өз ойымды айта аламын. Қысқаша тоқталсақ, еліміздегі ірі компаниялар мен холдингтер деректер негізіндегі мемлекеттік басқарудың жаңа моделіне ауысып жатыр. Бұл белгілі бір шешімдерді қабылдаудың жаңа деңгейі десек те болады. Электронды үкіметке келсек, ол азаматтарға арналған үкімет, яғни мемлекеттік қызмет көрсету саласымен байланысты. Ал жоғарыдағы меморандумда мемлекеттік органдар арасындағы байланыс жөнінде қамтылған. Демек еліміздің Үкіметі мемлекеттік басқаруда тиімді шешімдерді қабылдаудың жолдарын қарастыруда. Осыны ажырата білуіміз керек. Біріншіден, бұл әзірге ешқандай да бір міндеттемені жүктемейтін жай уағдаластық екенін ұмытпауымыз қажет. Екіншіден, бұл салада «Сбербанк» мықты ма дегенге келсек, рас олардың әлеуетін мойындамауға болмайды. Неге десеңіз, аталған компания осы нарықтағы негізгі ойыншылардың бірі саналады. Бұл банктің 180 жылдық тарихы бар екенін ескерсек, осы аралықта аталған қаржы институты ескі аналогтық жүйеден жаңа цифрлы жүйеге тиімді ауыса білді. Демек бұл «Сбербанктің» әлемдегі ең үлкен цифрлы трансформацияны жасауға қауқары жеткенін байқатады. Осыған келгенде олардың тәжірибесі зерттеуге тұрарлық деп ойлаймын», деді «Зерде» ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингі» АҚ басқарма төрағасы Арман Әбдірасылов.
Бұдан түсінгеніміздей, еліміз ресейлік банктің бір мезетте мыңдаған жобаларды басқару тәжірибесін үйренбек ниетте. Былайша айтқанда, бытыраңқы күйде жатқан шешімдерді ретке келтіріп, мемлекеттік басқару жүйесін сапалы деңгейге көтеру межесі қойылып отыр.
Отандық компаниялардың қимылы баяу
«Ybyrai жас бағдарламашылар лигасы» қоғамдық қорының басшысы Азиза Шужееваның сөзіне сүйенсек, аталған мәселеде отандық IT компаниялар ерте қимылдағанда жағдай басқаша өрбитін еді.
«2015 жылдан бері біздің IT компанияларға осы платформаны әзірлеуге не кедергі болды? Егер де кез келген IT компания «бізде мұндай платформаны әзірлеуге ресурстар жоқ» десе, онда 6 жыл ішінде отандық компаниялардың консорциумын құруға не кедергі болды деген сауал туындайды?! Мемлекетке сенбей инвестиция құюға күмәнмен қарады десеңіздер, «Мемлекет-жекеменшік әріптестік туралы» заң бар емес пе? Осы тетіктің негізінде көптеген кәсіпкер мектептер мен басқа да инфрақұрылым нысандарын салып жатыр. Міне, 6 жыл өтсе де әлі күнге дейін мұндай өнім дайындалған жоқ. Біз 6 жыл уақытымызды жоғалтып алдық. Осы аралықта электронды үкіметтің бірде-бір ақпараттық-коммуникациялық платформасын құра алмадық. Әлбетте, бұл орайда «Зерде» холдингі мен «ҰАТ» АҚ-ға қойылатын сұрақ көп.
Екіншіден, шындыққа тура қарайық. Неліктен жекелеген қазақстандық IT компаниялар қазір ғана қимылдай бастады? Бұл жерде IT компаниялар ұлттық қауіпсіздік мәселесіне қатты алаңдайды дегенге сену қиын. Себебі IT мамандары электронды үкіметтің инфрақұрылымының қауіпсіздігі серверлік орталықта, мемлекеттік техникалық қызмет деңгейінде жақсы қорғалғанын жақсы біледі. Тіпті «ҰАТ» АҚ басшысының өзі серверлік орталықта орналасқан деректер базасына қол жеткізе алмайтыны белгілі. Объективті түрде қарағанда, отандық компаниялардың, әсіресе мемлекеттік тапсырыспен отырғандардың басты қорқынышы – табыстан айырылып қалу екені жасырын емес», деді қоғамдық қор басшысы.
Қазақстандық IT компаниялар қауымдастығының президенті Нұрлан Исин айтқандай, «егер де бұл мәселе алдымен қоғамдық тыңдаулардың сүзгісінен өткенде бүгінгідей резонанс туындамас еді. Тиісті шешім қабылданып қойғандықтан сөз таластырудан пайда жоқ», деді ол. Осыған қатысты басқа да сарапшылардың пікірін білейік деп хабарласқанымызбен көпшілігі техникалық құжатты көрмей жатып, ой білдіру қисынсыз екенін айтты. Расымен де жоғарыда айтылғандай, мұны заңды тұрғыда мөрі басылған келісімшартпен шатастыру қателік болар. Сондықтан да әліптің артың бағудан басқа амал жоқ.