ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында өңірдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері жөнінде кеңес өткізді, сондай-ақ көлік, тұрғын үй, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, АӨК жобаларының іске асырылуын тексерді, деп жазады Egemen.kz ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
БҚО-ның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеу, әлеуметтік-экономикалық жағдай, инфрақұрылымдық құрылыс, электрмен және газбен жабдықтау мәселелері, сондай-ақ инвестициялық жобалар туралы Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр, облыс әкімі Ғали Есқалиев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров, қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев баяндады.
Батыс Қазақстан облысының кешенді әлеуметтік-экономикалық дамуы аясында бес жыл ішінде өңдеу өнеркәсібін, АӨК, әлеуметтік саланы, тұрғын үй, көлік, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, азаматтық қорғау мен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету бойынша 141 іс-шараны іске асыру жоспарланып отыр. 2,4 трлн теңге инвестиция тарту көзделген, оның 80%-ы – жеке меншік капитал.
Кешенді жоспарды орындау 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің көлемін жылына 205-тен 300 млрд теңгеге дейін, ШОБ үлесін 32,7%-дан 37,8%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысының дамуына үлкен көңіл бөледі. Өңір өнеркәсіптік дамудың жоғары әлеуетіне ие. Әзірленіп жатқан әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарының іс-шараларын жүзеге асыру инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және халықтың әл-ауқатын арттыруға елеулі серпін береді», деді А. Мамин.
Премьер-Министр екі апта ішінде Кешенді жоспардың жобасын Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізуді тапсырды, содан кейін мәселе Үкімет отырысында талқыланатын болады.
А. Мамин сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында мұнай-газ және химия өнеркәсібін дамыту мәселелері бойынша отандық және шетелдік инвесторлардың – KPO b.v., Shell, Agip Karachaganak b.v, SRPM Resources Ltd., Nostrum Oil&Gas, ABS-Munai және т. б. қатысуымен жеке кеңес өткізді. Экономиканың аталған салаларында жаңа инвестициялық жобаларды – мұнай және газ өндіру көлемін ұлғайту, сондай-ақ оларды қайта өңдеу, МӨЗ, калий тыңайтқыштарын өндіру комбинатын салу және т. б. іске асырудың жай-күйі мен перспективасы қаралды. Қарашығанақ кен орнындағы инвестициялық жобаларды уақытылы іске асыруға, сонымен қатар ішкі нарықты газбен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Жұмыс сапары аясында А. Мамин Орал қаласындағы халықаралық әуежайды реконструкциялау барысымен танысты. Жобаны іске асыру жолаушылар айналымын жылына 200 мыңнан 400 мың жолаушыға дейін 2 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Оны 2021 жылғы желтоқсанда пайдалануға беру көзделген.
Үкімет басшысына Батыс Қазақстан облысындағы автожолдарды реконструкциялау және жаңғырту жобаларының іске асырылуы, өңірдің инженерлік-коммуникациялық және энергетика инфрақұрылымын дамыту туралы баяндалды.
Премьер-Министр «Батыс Су Арнасы» кәсіпорындары мен «Жайық Ет» ЖШС-да, сондай-ақ Теректі ауданының Тұқпай ауылында болып, «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй инфрақұрылымы құрылысының барысымен, өңірдің АӨК дамуымен танысты.
Биылғы жылдың 8 айында Батыс Қазақстан облысында құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,9%-ға артып, 88,5 млрд теңгені құрады. 302 мың шаршы метр (+2,7%) тұрғын үй пайдалануға берілді. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 0,7%-ға өсіп, 120,9 млрд теңгені құрады.
Сонымен қатар негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 29,2%-ға 214,2 млрд теңгеге дейін, өнеркәсіптік өндіріс көлемі 6,8%-ға төмендеп, 1,77 трлн теңгені құрады. Тау-кен өнеркәсібі өндірісінің көлемі 6,9%-ға, өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі 12,8%-ға азайды. Сондай-ақ химия өнеркәсібі өнімдерін өндіру 1,5 есеге, дайын металл бұйымдарын өндіру 11,8%-ға өсті.