Степногор қаласында ер адам тамаққа шашалып қалды. Жедел жәрдем болмағандықтан, куәгерлер өз көлігімен ауруханаға жеткізуге тырысқан. Алайда ер адам жолда көз жұмды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Ер адам асқа шашалып қалған, аурухунаға барар жолда қайтыс болды. Жедел жәрдем емес, куәгердің жеке көлігінде көз жұмды. Өйткені 15 минут бойы жедел жәрдем қызметіне хабарласу мүмкін болмады. Дәмхана қызметкерлері де, келушілер де қоңырау шалды. Бірақ нәтиже болмады», деп жазды @step_notsleep жергілікті парақшасы.
Кейін телефон көтерген диспетчер қалада жедел жәрдем қызметінде тек бір ғана телефон желісі бар екенін айтты.
Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасы бұл оқиғаға қатысты қызметтік тексеріс басталғанын хабарлады.
«Сағат 19:58-де 102 нөмірінен қоңырау шалып, дәмханадағылар жедел жәрдемге хабарласа алмай жатқанын айтты. Диспетчер қоңырауды тіркеді. Өйткені 20:00-де ауруханадан хабарласып ер адамның денесі жеткізілгенін хабарлады», делінген ақпаратта.