• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Қыркүйек, 2021

Алматыда қанша адам үй кезегінде тұр?

281 рет
көрсетілді

Алматыда 31 мыңнан астам азамат үй кезегінде тұр. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқарма басшысының орынбасары Ермек Әміров мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қалада халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету белсенді жүргізілуде. Бүгінде тұрғын үй кезегінде 31 мыңнан астам азамат тұр, олардың 20 мыңнан астамы әлеуметтік жағынан осал топқа жатады.

Елбасының тапсырмасымен тұрмысы төмен азаматтарды тұрғын үймен қамту бойынша «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Оған көпбалалы, толық емес отбасы және мүгедек баланы асыраушылар кіреді», дейді спикер.

Оның айтуынша, үш жыл ішінде «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 634 отбасы банкке өз төлем қабілеттілігін растап, баспаналы болды. Сонымен қатар биыл жергілікті бюджеттен осы бағдарламаға 3,3 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат бөлінді. Осылайша жоспарланған 790 пәтердің саны 1013-ке жетті.

«Сондай-ақ көпбалалы отбасылар, мүгедек баланы асыраушылар және жетім балаларға «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында жергілікті бюджеттен арнайы 2 млрд теңге бөлінді. Ол әр адамға 1 млн теңгеден, яғни 2 мың адамға пәтерінің алғашқы жарнасы ретінде беріледі. Қазір 1 млн теңгелік сертификаттарды табыстау жұмысы жүргізіліп жатыр», дейді Ермек Әміров.

Оған қоса «Алматы Жастары» бағдарламасы аясында былтыр 1003 жас отбасы баспаналы болған, биыл да үймен қамту сол деңгейде болмақ.