• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Медицина 22 Қыркүйек, 2021

Нұр-Сұлтан дәрігерлері «хрусталь балаларға» бірегей ота жасады

248 рет
көрсетілді

Елорданың №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының хирургтары бұрын тәжірибе жүзінде болмаған, жаңа инновациялық әдіс бойынша бірегей ота жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тараздағы балалар үйінен келген 4, 6 жастағы ұл мен қызға остеогенезі жетілмеген диагнозы қойылып, қаңқаның ұзын сүйектерінің деформацияларын жою отасы жасалды. Тиісті ота жасалмаса балалардың дамуына кері әсері тиюі мүмкін.

«Бұл диагноз ары қарай дамитын болса балалар өздігінен қозғала алмайтын болады. Бұл хирургиялық түзетуде инновациялық әдістердің бірі – fassier-duval телескопиялық интрамедуллярлық өзектер қолданылды. Негізгі артықшылығы – оны жеңіл орнату және ұзын құбырлы сүйектердің эпифиздеріне жақсы бекіту», дейді №2 балалар ауруханасының ортопедия және оңалту бөлімінің меңгерушісі Агабек Чикинаев.

Бұл операция Ресейдің танымал профессоры, EPOS Еуропалық балалар ортопедтері қоғамының мүшесі Константин Жердевпен бірге қазақстандық мамандарды оқыту аясында жүргізілді.

«Мұндай ота бізде алғаш рет өтіп отыр. Қобалжығанымызбен кәсіби дайындықпен келдік. Бұл мамандарымыздың біліктілігін арттыруға және халықаралық тәжірибе жинауға ықпал етті. Алдағы уақытта қазақстандық дәрігерлер күрделі операцияларды жүргізуде осы инновациялық әдісті қолдана алады. Себебі мұндай диагнозы бар пациенттердің саны жыл сайын артып келеді», деп бөлісті дәрігер Бақтияр Жұмабеков.