• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тарих 23 Қыркүйек, 2021

Қасиетті мөр мен киелі қазан

831 рет
көрсетілді

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің Ақмешіт филиалы мен Qyzylorda телеарнасының бірлескен «Құнды жәдігер» жобасы аясында мамандар Сыр бойында өмір сүрген Сейітпенбет әулиенің мұрасын түгендеді.

Сейітпенбет әулие ел аузын­да Қорасан ата ата­лып кеткен әйгілі Әбді­­жә­лел бабтың отыз төр­тін­ші ұр­­пағы, ХVІІІ-ХІХ ғасыр­лар­да өмір сүрген атақ­ты дін қайраткері. Бала күнін­де Хиуа, Бұхарадағы медресе­­ден білім алады. Кейіннен Бағ­­дат, Мысыр, Шам, Мек­ке, Мәди­­не, Герат қалаларын аралап, ­талай ғұламаның алдын көрген деседі. Араб, парсы, түркі, қытай тілдеріне же­тік болған Сейітпенбет Ибн-Синаның дәрігерлік жазбаларына ден қойыпты. Түрлі шөптердің қасиеттерін игерген оны Кіші жүздегі Шөмекей руының Дөсек, Бекет, Қалам деген азаматтары өздеріне пір етіп көтереді. Содан бас­тап Түркістаннан Сыр өңі­ріне көшіп келген әулиеге Қа­лам би Қуаңдарияның сол жа­ғалауынан мешіт салып береді. Ел аузындағы де­рек­терге қарағанда бұл ме­шіт қазіргі Қармақшы ауданы Қуаңдария ауылы­ның аума­ғында болған көрі­неді. Сыр сүлейлерінің ішін­де ер Се­йіт­­пенбеттің есімін жырына қос­пағандар кемде-кем.

 Оның әулиелігі туралы аңыз, әңгімелер ел ішінде әлі де айтылады. Көне сорабы сақталған аңыздың бірінде Жәрімбет әулие, Марал ишан және Сейітпенбет үшеуі­нің сұхбат құрғаны баян­далады. Үш жүзге пір бол­ған Марал ишан әңгіме барысында:

– Әй, Сейітпенбет, жұрт сені «ер Сейітпенбет, әулие Сейітпенбет» деп атайды. Әулие болсаң айтшы, біз өл­генде қайда жерленеміз? – деп сұрапты. Сонда Се­йітпенбет ойланып тұрып:

– Мен білсем, Марал, сен ел жайлаған суы мол елді мекенде қаласың, Жәрімбет, саған өзің тұрған осы таудың басы бұйырар. Ал мен болсам қиян шөлге жайғасармын, – деп жауап беріпті.

Сейітпенбет бабаның осы айтқан көреген сөздері шындыққа айналады. Марал ишан Қармақшы ауданының шығысында, елге жақын қорымға жерленеді. Ал Жә­рімбет әулиенің мәңгілік ме­кені Қарақ тауының басы. Ер Сейітпенбет те өзі айтқан жерден орын алыпты.

Сейітпенбет әулиенің мө­рі жүзік тәрізді етіп жа­сал­ған. Құнды жәдігерде араб­ша «Сайд Мұхаммед бин Қо­жа­жан» деп жа­зылған. Ұр­пақ­тарының ай­туынша Ер Сейітпенбеттің күміс мө­рі ХІХ ғасырда Мек­ке қала­сында жасалған екен. Қазір тікелей ұрпағы Якуб Тұр­ма­новтың қолында сақ­талған.

Әулиеден қалған киелі қазан туралы да аңыз аз емес. Әулие кесенесіне кел­ген­дердің арасынан ойы бұ­зылып, қазанды кесене басынан алып кетпек болғандар кездесіпті. Бірақ жеме-жемге келгенде дәттері шыдамай қазанды тастай қашып, жарық түсіріпті. Бір ғажабы, сол жарық қазаннан бір тамшы су ақпайды. Қазір де кесене басына зияраттап барған адамдар киелі қазанға ас әзірлеп жүр.

 

Қызылорда