Бүгін «Nur Otan» партиясының Қоғамдық саясат институты мен ҚР АҚДМ Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты «Этносаралық келісім саясаты: бірлік алуантүрлілікте» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді, деп жазады Egemen.kz.
Мәжіліс депутаттары Айдос Сарым, Берік Әбдіғалиұлы мен Юлия Кучинская, сондай-ақ Серік Сейдуманов (Қазақстан), Маркус Корнпробст (ЕҚЫҰ), Алексей Пилько және басқа да қазақстандық және шетелдік сарапшылар баяндама жасады.
Конференция жұмысына ҚР ПӘ Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы басшылығының өкілі Ерлан Әбдіқасов пен ҚР АҚДМ Этносаралық қатынастарды дамыту жөніндегі комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин қатысты.
Спикерлер мен қатысушылар азаматтық қоғамды, азаматтық мәдениет пен қазақстандықтардың патриотизмін дамыту мәселелерін көтерді. Қазақстандағы этносаралық қатынастарды дамыту саласындағы практикалық бағыттар туралы талқылады.
ҚР АҚДМ Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин мәдени әртүрлілікті мойындай отырып, интеркультурализм әртүрлі ұлт пен дін азаматтарының ортақ мүддеде болуын білдіретінін айтты.
«Қатысушылар Қазақстанның этносаралық келісім саласындағы мемлекеттік саясаты ашық, әрі айқын қағидаттарға негізделетінін бірауыздан айтып өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың этносаралық келісім моделінің сабақтастық бағыты ретінде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген «Ел бірлігі – оның әралуандығында!» қағидаты - қазақстандық қоғамның тұрақтылығы мен топтасуын қамтамасыз ету, сындарлы диалог пен өзара іс-қимыл негізінде этносаралық процестерді реттеу» деп жазады АҚДМ баспасөз қызметі.
Конференцияға қатысушылар этнос өкілдерінің қазақстандық қоғамға кірігуіне, оның ішінде мемлекеттік тілді үйрену, білу, өзара мәдени байланыс пен Қазақстан халқының сан алуандығын құрметтеу тұрғысында ашық екенін атап өтті.