Қысқы маусым жақындаған сайын Бейжің олимпиадасының да қарасы көріне бастайды. Себебі төртжылдық додасына іріктеу турнирлері алдағы маусымнан бастап күшейтілген режиммен өткізіледі, деп жазады Egemen.kz.
Былтырғы маусым басталарда биатлоннан Бейжің олимпиадасына іріктеу турнирінде өзгеріс болатыны анықталды.
Атап айтсақ, Олимпиада квотасы бұрынғыдай Ұлттар кубогының қорытындысы бойынша берілмейді. Жолдама үлестіру үшін арнайы олимпиадалық рейтинг құрылады. Коронавирусты инфекцияға байланысты әлемдегі жағдайды ескере отырып, ұйымдастырушылар іріктеу бәсекелерін 16 қаңтарға дейін созды. Демек, Бейжіңге баратын командалар мен спортшылар Олимпиаданың басталуына үш апта қалғанда толық анықталады.
Жалпы алғанда, орындарды бөлу ережесі өзгерген жоқ. Олимпиадалық рейтингтегі үздік үш команда төртжылдық додасына алты спортшысын жібере алады. Рейтингте төрт пен оныншы орын аралығында тұрған командалар бес квотаға үміткер болмақ. Оныншы орыннан төмен тұрған он команданың да эстафетада бақ сынауға мүмкіндігі бар.
Еске сала кетейік, әзірге қазақстандық биатлоншыларда төрт квота бар. Рейтингілік әлем кубогі кезеңі биылғы маусымда Швецияның Эстерсунд қаласында басталады. 27-28 қараша әлем кубогінің биылғы маусымдағы бірінші кезеңі өтпек. Ал Олимпиада қарсаңындағы шешуші кезең 12-16 қаңтар аралығында Германияның Рупольдинг қаласында ұйымдастырылады. Осы аралықта биатлоншылар әлем кубогінің алты кезеңінде бақ сынамақ.