• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Таным 28 Қыркүйек, 2021

Жаһанды жалт қаратқан дауыс

665 рет
көрсетілді

1941 жылдың күз айларында екі жарым миллион Ленинград халқы неміс басқыншылары та­ра­пынан қоршауға алынған кезде:

«Жау түнегі аршылар,

Тағы сайрар бұлбұлдар,

Тағы жайнар жұлдыздар,

Масайрасар, ұл, қыздар!» – деген зор дауыс кенет Орталық Азияны шарлап кетті.

Бұл Юрий Левитанның дауысынан ешқа­лыс­пайтын, есімі аң­ыз­­ға айналған ақын Жам­был Жа­баев­тың күй дауысы еді. Асы­лында ақын дом­бы­расының бұл дауысы Леви­тан­­ның соғыс басталған күнгі үрей­лі дауысына қарсы оғаш және ұлттық дауыспен тарады.

Тарихи тамыры терең осы ұлттық дауыс Кеңес жауын­гер­ле­рінің ерлік еңсесін бекемдей түсті. Ленинград қаласы үшін сынбайтын рухани таяныш болып, тізе бүгуге жол бермейтін рухани қорғанға айналды. Әсі­ре­се, ол Орталық Азиядан май­дан­ға аттанған жауынгерлерге айтып жеткізгісіз деңгейде рухани медеу беріп, жауынгерлік сеніммен соғыс өртіне батыл кіруіне себепші болды. Ақын дауысының жаңғырығы сиренададан да қатты естіліп, қала қоршауынан өтіп, әлемді кезді.

Шынымен де, Жамбыл Жа­баев­­тың поэтикалық дауысы қор­шауға алынған аш-жалаңаш Ленинград халқына ыстық нан ұсынғандай көрінді. Қоршаудағы ха­лық ақынның орыс тіліне ауда­рылған қағаздарын қабыр­ға­лар мен қақпаларға жабыстырып, толтырды. Жамбылдың жалынды жырларын радиолардан естіген халықтың арман-үміттері еселеп артты. Бұл дала дауысы Кеңес халқын рухани тұр­ғыдан біріктірген еді. Неміс бас­қын­шы­ларына қарсы қажымас және сын­байтын жауынгерлік рух сый­лады. Сол үшін бұл не­міс әс­ке­ри басшылығы үшін күт­пе­ген оқиғаға айналды.

Бұл оқиға дәл 1941 жылдың күз айларында орын алған еді. Ол кезде Кеңес армиясы үлкен шығынға тап болып, көптеген жауынгері тұтқындалып жатса да, неміс басқыншыларына Мәскеу жанында қатты соққы береді. Фашистер Кеңес жауын­герлерінің жағымсыз бейне­сін сомдау үшін тұтқынға алын­ған өзбек, қазақ, ұйғыр, қыр­­ғыз­дардан тұратын жауын­гер­лер­ді дереу жинауға кірісті. Олар­дың бас-аяқтарын әдейі кір, жиіркенішті етіп көрсетті. Киім-кешектері жыртылып, жұ­лым-жұлым болғанша күтіп отыр­ды. Оларға тамақ та берген жоқ. Бұл аз дегендей, сарбаздар ең ауыр жұмыстарға жегілді. Кейбіреулерін бекерден-бекер ұрып-соқты. Лагерь күзетшілері тіпті оларды «адам баласы емес» деп балағаттады. Олардың ақ­сү­йек немістерге ұқсамайтын адам­дарды таңдағанының тағы бір себебі – сол болатын. Барлық жерде қайғылы жағдай өктемдік етті. Адам төзімділігінің шегі қайда? Ешкім бұл сұраққа жауап бере алмайтын...

Бір күні сол жерге кино тас­пасына тартатын бір топ адам жүк машинасымен кіріп келді. Тұтқындар жиналған камера есігі кең ашылды. Сөйтті де ақыл­ды­сымақ неміс офицерінің бірі олардың алдына жаңа пісірілген ақ нанды ортаға әкеліп қояды. Басқыншылар неше күннен бері аш қалған тұтқындардың нан үшін өзара таласып, бір-бірін қырып-жойғанын күтіп, таспаға тартып алуды көздеген еді. Олар әлемді жабайы және мәдениетсіз адамдар қаптаған деп түсінетін. Сондықтан дүние жүзін «тек нәсілі тұрғысынан жо­ғары бір халық басқарып, жа­һан­дық тәртіп орнатуы ләзім» деген ұғымды үгіт-насихат ете­тін. Жаһандық тәртіп орнату үлкен идеологиялық мақсатқа ай­­налған. Олар «адам емес, ма­құ­лықтар» деген идеяларын ты­нымсыз айтатын және насихат­тау­ды жақсы көретін. Бірақ фильм түсіру әсте мүмкін болма­ды. Жағдай олар ойлағандай бол­мады. Алдына қойған іс-жос­парлары тарыдай шашылып кетті. Көз алдында сынбайтын ең­се, ұлы рухани тәртіп көрініс тапты...

Аш сарбаздардан ешкім нанға жақындамады. Шулаған да жоқ, ешкім де өзара соғыспады. Бір кезде өзбек сарбаздарының бірі алдына сабырлы және тәкап­пар­лық­пен қадам басып, нанның қа­сына келді. Қалғандары ты­ныш­тықпен шеңбер түзіп, бір-бі­ріне иығын тіреп дөңгелене отырды. Ол қасиетті нанды қо­лына алып, оны сарбаздардың ара­сындағы үлкен бір кісіге ерек­ше сенім және құрметпен ұсынды. Өз кезегінде жасы жеткен кісі әлгі наннан кішкене үзіп алды да, сабырлықпен шеңберде отырғандардың арасындағы жас жағынан ең кішісіне берді. Ол барлығына тең бөліп берген соң барып, соңғы уағын өзі алды. Алайда жеуге асықпады. Нанды жеуден бұрын дұға оқылды. Содан кейін оны сабырмен жеуге кірісті. Сол мезетте олар түркі ха­лықтарына тән зор мәдениет үл­гісін көрсетті. Немістердің шы­­дамы таусылды. Қаһарланған за­лым­дардың шыдап тұруы да мүм­­кін емес еді. Олар сарбаздарды бекерден-бекер ұрып, қинады. Уақыт өтіп, олардың барлығын атып тастады.

Бұл өз Отанынан рақымсыз күйде айырылып, әлемнің екін­ші бұрышында орналасқан Нидер­ланды өңірінде орын алған өзбек сарбаздарының ұмы­тыл­мас ерлігі еді. Қысқасы, не­міс басқыншылары Жамбыл Жа­баев­тың Кеңес Одағында шық­­қан ақындық дауысына қарсы ұйымдастырмақ болған саяси ойыны жүзеге аспады. Орталық Азиядан келген жа­уын­­герлердің жағымсыз бейнесі сом­далмай, масқара болып, көз­де­ген мақсаттарына жете алмай әуре болды. Ақыр соңында идеологиялық тұрғыдан, психо­ло­гия­лық тұрғыдан жеңіліп тынды. Кеңес халқының ортақ бірлігі мен қажымас қайратына қарсы тұруға басқа амалы қалмай, қатты ойсырады.

Жамбыл Жабаевтың поэтика­лық күй дауысының да міне сондай тарихи тамыры терең. Ол­ ға­сырдан-ғасырға өтіп, жой­қын тарап жатқан дала күй-дауыс­та­рымен тікелей байланысты. Ежелгі дала дауысының жасырын сырлары да соған тамырлас. Ұлы шайқастар мен қорықпайтын арыстан жүрек батырлардың қаһармандыққа толы өмірлері жөніндегі естеліктер мен аңыз­дар халықтың ауызында сақ­та­лып, күй-әуен арқылы айтылатын. Тарихи мәліметтер мен дәстүрлерді есінде сақ­тай­тын кісілер таңғаларлық тұл­ғалардан еді. Олар ақын-жы­рау­лар, ғалым-философтар, сарбаздар, мемлекет және қоғам қайраткерлері – «жыраулар», яғни күйші-жыршылардан бо­ла­тұ­ғын. Мұндай кісілердің халық арасындағы беделі және адам­дарға көрсететін әсері жо­ға­ры еді. Олар да дәстүрлі ұлт­тық әдет-ғұрыптарымен өзгешеленіп, өзде­рінің өнерін үнемі көрсетіп тұратын. Міне, сондай даңқты тұлғалардан Асан қайғы мен Қазтуған жырау қазақ тарихында айрықша бет ашты. Олар Шыңғыс хан империясы ыдырай бастағаннан бергі қазақ даласында етек жайған саяси-әлеуметтік дағдарысты тоқтату және халықты ұлы идеяларға жетелеу үшін биік мұнаралардан қаһармандық күй-жырларын айтып, ортаны дүр сілкіндірген еді. Халыққа рухани және мате­риал­дық медет берді. Соның нә­тижесінде, жалпы халық тік тұ­рып, сыртқы дұшпандарға қарсы күш алды. Қазақ батырлары таңғаларлық ерліктерді көрсеткен. Асан қайғы мен Қаз­туған жыраулар өз халқының басын біріктіріп, ойлаған армандарына солай жетті. Бұл дәстүрді кейінгі ғасырда Бұқар жырау дәйекті жалғастырды.

Жамбылдың ұстазы Сүйінбай да жас кезінен жырау болып та­ны­лып, әкесі сияқты жауынгер болып жетілген. Жамбыл да «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөй­­лемен сыйынбай» деп ақын­дық өнерін адаспай жал­ғас­тыр­ды. Жамбылдың «Ленин­град­тық өренім! Мақтанышым сен едің!» деген бір ғана сөзі Кеңес халықтарын рухани қанат­тан­дырды. Зерт­теу­ші­лер бұл пікірдің арқа көрі­ні­сі бар деп есептейді. 1941 жылы Жам­был­дың ұлы Алғадай со­ғыс­қа аттанады. Әрбір қазақ отбасы соғыс зардабын тартады. Ұлы шайқастардың бірінде ол ұл қаза болады. Бұл жағдай да Жамбылдың жүрегін азаптайды. Сондықтан ол соңғы шайқасқа да өзін атап қояды.

Кеңес жауынгерлері Жам­был­ды батыр деп таныды. Қа­зақ халқының қаһарман ұлы ретін­де мойындады. Сондықтан ол Сталин сыйлығының иегері атанды. Ленин және Қызыл Ту ордендерімен марапатталды. Ақын құрметіне көптеген көшеге аты берілді, ескерткіштер орнатылды. Өлең-дастандар жазылды. Оның шығармалары көптеген шет тілдерге аударылды. Бүгінгі таңда да ақынның дауысы еш тоқтаған емес. Бо­ла­шақта да солай болып қала бермек.

 

Алимжан ТИЛИВАЛДИ,

Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, профессор