• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Қыркүйек, 2021

Өнімі мол күзгі маусым

359 рет
көрсетілді

Бүгінде өңірдегі алқаптарда күзгі жиын-терін жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жоспар бойынша, күзгі дала жұмыстары қыркүйектің соңында аяқталады. Жергілікті ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл егіс алқабы 37,4 мың гектарға ұлғайып, 1 468,9 мың гектарға жеткен.

– Жалпы, жыл сайын өңір тұрғын­дарының жалпы сұранысынан 7,5 есе көп картоп, 11,4 есе артық сәбіз өсіріледі. Өңірде сыйымдылығы 412 мың тонна болатын 141 қойма бар. Жыл соңына де­йін 35 мың тонна картоп пен көкөністі сақ­тайтын 5 қойма пайдалануға берілмек. Сондай-ақ астық сақтайтын 257 қамба бар, – дейді басқарма басшысы Нұрболат Мақашев.

Ал қыс-көктем айларында картоп, сәбіз, басқа да өнімдер тапшылығы болмас үшін жиналған астықты, көкөністі сақтау маңызды. Сондықтан жергілікті шаруашылықтар тұрақтандыру қорын көкөністермен қамтамасыз ету бойынша алдын-ала меморандумдар жасауы қажет. Тіпті жергілікті шаруашылықтар арасында «сақтайтын қоймаң болмаса өнім өсіріп, жинамай-ақ қой» деген де ұстаным бар.

Биыл 778,3 мың тонна дәнді дақыл, 126,9 мың тонна майлы дақыл, 558,5 мың тонна картоп, 251,7 мың тонна көкөніс жинап алу жоспарланды. Осы уақытқа дейін 70,9 мың гектар жерден 66 мың тонна дәнді дақыл, 0,9 мың гектардан 23,9 мың тонна картоп, 0,33 мың гектар алқаптан 8,5 мың тонна көкөніс және 0,1 мың гектардан 3,5 мың тонна бақша өнімдері жиналған.

Егін жинау науқанына 2 206 трактор, 2 037 комбайн, оның ішінде 1 850 астық жинайтын комбайн, 721 дестелегіш және 1 255 трактор тіркемесі қатысуда. Алқаптарда Class, Vektor, «Есіл», John Deere маркалы заманауи комбайндар жүр.

Ертіс және Ақтоғай аудандарында гек­­тарынан 12 центнерден өнім алыну­да. Успен ауда­нында 18 мың гектар ал­­қап­­қа қарақұмық егілсе, қазір, гек­та­ры­нан 8 центнер өнім жиналуда. Ми­не­рал­ды тыңайтқыштар жердің құнар­лығын сақтауға өте қажет екені де белгілі. Биыл өсімдік шаруашылығын қолдау мақ­са­тында субсидия ретінде 3,4 млрд тең­ге қа­ражат бөлінген. Ал Тереңкөл ауданын­дағы ASTYK PV ЖШС директоры Абай Ора­зым­бе­товтің айтуынша, суармалы ал­қап көлем 100 гектарға артқан. Өз қара­жаттарына там­шылатып суару қон­дыр­ғысын, ауыл ша­руа­шылығына қа­жет­ті техника түр­лерін сатып алған. Қа­зір 150 гектар жерге отыр­ғызылған кар­топ жи­на­луда. Гектарынан 40 тоннаға жуық өнім алы­нуда. Картоп сұрыпталып, тазар­­тылуда. Күзгі науқанға қатысуға кел­­ген 80 жұмысшыға жемшөп, картоп тегін бе­рілсе, 30 адам уақытша еңбекпен қамтылған.

Бұл күндері облыста сыйымдылығы 301,3 мың тонна болатын 7 элеватор жұ­мыс істейді. Жаңа егіннің астығын қабыл­дауға және сақтауға 257 қойма (сыйым­дылығы 890,1 мың тонна), 82 астық кептіру жабдығы (тәулігіне 1 651 тонна), 196 астық тазалауға арналған қондырғы, 409 қырман (тәулігіне 6 072 тонна) да­йын. Картоп пен көкөністі сақтау үшін сыйымдылығы 408 мың тонна болатын 140 көкөніс сақтау қоймасы бар. Оның басым бөлігі заманауи технологиялық қондырғылармен жабдықталған.

Қазір көкөнісі көпке танымал Пав­лодар ауданы, чернояркалық көкө­ніс­ші шаруашылықтардың картоп пен сә­бі­зі жергілікті нарыққа жол тартып, тұр­­ғын­дарды қолжетімді әрі сапа­лы өнім­­мен қамтамасыз етуде. Бір ғана Чер­­­ноярка ауылдық аумағында 137 ша­­руа қо­жа­лығы тіркелген. Оның 98-і – «Чернояр­ский-2017» ӘКК құра­мын­да. Кор­порация басшысы Николай На­де­довтің айтуын­ша, биыл егіс ала­ңына былтырғы көлем­де көкөніс егіліпті. Атап айтсақ, 2 мың гек­тарға сәбіз, 600 гектарға жуық картоп, 100 гектардай қы­зылша, 70 гектарға пияз және 15 гектарға орамжапырақ тамыр жайған. Черноярка алқабындағы картоптың өнімділігі гектарына 250 центнер, көкөніс 280 центнерді құрап отыр. Әр шаруашылықтың қой­масы бар.

Соңғы үш жылдың ішінде Шарбақты ауданында да егістіктердің аумағы 150 мың гектардан 200 мың гектарға дейін ұлғайтылған. Жылдар бойы бос жатқан аумақтар ауыл шаруашылығы айналымына енгізілді. Аудандағы «Победа» ЖШС алқаптарында дәнді дақылдардың гектарынан 10 центнерге дейін өнім жинауда. Күнбағыс та жақсы өнім беруде.

Сонымен бірге, астықты аудан саналатын Железинка ауданындағы «КАБ» ЖШС суармалы егіншілікпен айналысады. Картопты сақтау үшін сыйымдылығы 11 мың тоннаға дейін жететін қоймалар салып үлгеріпті.

– Әрине, ауданның инвестициялық тартымдылығы жоғары, – дейді серіктес­тік басшысы Т.Қабдолов. – Мемлекеттің қол­дауымен шаруашылықтардың да даму мүмкіндігі бар. Яғни субсидия тү­рін­дегі мемлекеттік қолдауға әлеуметтік жауапкершілік бағытында өз өнімдерін өңірлік тұрақтандыру қорына тапсыра алады.

Ал аудандағы жемшөп қорын да­йын­­дайтын шаруашылықтар үшін жайы­лымдарды суландыру бойынша мем­ле­кеттік қолдауға қарамастан өз алқап­тарын сумен қамтамасыз ету үшін су асты көздерін табу қиын. Өйткені Ертіс өзені жағалауында мал өсіретін ша­руаларға жайылым жері жетпейді. Жеке қосалқы шаруашылықтарды да жайылым жермен қамтамасыз ету – өзекті мәселе. Тұрғындардың айтуынша, ауылдың ма­ңайындағы 9-10 шақырым жер жеке қо­салқы шаруашылықтың мал жайылы­мына берілуі керек. Өйткені шаруа қо­жа­лықтары жерді мемлекеттік актімен иеленуде. Жерді заңды түрде алған олар өз жеріне өзгенің малын түсірмейді. Өзіне тиесілі аумақты қоршап алады.

Басқарманың мәліметінше, биыл жем­­­шөптің бағасын тұрақтандыру мақ­са­­тында республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінген. Ендігі мәсе­ле – осы қаражатты жемшөп қорын әзір­лейтін шаруашылықтарға субсидия ретін­де үлес­тіру. Субсидияны берудің қағи­дат­тары мен ережелері бекітіледі.

– Біздің облыста мал азығы тапшылығы болмауы керек. Мысалы, 4 мың тонна жанар-жағармай 20 пайызға дейін арзандатылды. Әр ауылда қанша тұрғын бар және қаншасы мал ұстайтынын зерт­теп, қолданылмай жатқан жерлерді иге­ру бойынша бағдарлама әзірлеу қа­жет. Яғни жайылымды кім алады, ша­бындық жерді кім игереді? Сондай-ақ өңірде көпжылдық шөптерді бұрын өс­пеген жерлерде өсіру керек. Бұл бас­таманы қанатқақты жоба ретінде бір­неше ауылға қолданамыз. Сонда жем­шөп ауыл шаруашылығы тауарларын өн­дірушілерге де, жеке қосалқы шаруа­шылықтарға да жетеді, – деді күзгі-жиын терінге орай аудандарға барған сапарында облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов.

Ал өңірде қазан айынан бастап, жем­шөп әзірлеушілер субсидия ала бас­тай­ды. Бұл шөптің бағасын реттеу­ге кө­мектеседі. Шаруашылықтар өзде­ріне қа­жетті жемшөпті әзірлеп алады. Жи­на­латын шөптің басым бөлігі жеке аула­ларға да қажет екені белгілі. Сондықтан ауылдықтарға да көмектесіп, қора толы мал басының көбеюін де ұмытпаған жөн дейміз.

 

Павлодар облысы