Несін жасырамыз, «Оралханның бір мүсіні өзіне ұқсамады» деп замандастарының көңілдері толмайтын. Сәтсіз шыққан ескерткішінің қатарында Өскемендегі бюсті де бар еді. Ол кеуде мүсіндегі ұқсастықтың жоқтығы өз алдына, мүжіліп, тозып бара жатқан. Мұны ескерген қала басшылығы жазушының туған күні қарсаңында қоладан құйылған ескерткішін тұғырға қондырды.
Ескерткіштің ашылу салтанатында облыстың зиялы қауымы «міне, мүсін» десіп жатты. Расымен, тұғыры биік мүсін еңселі екен. Әдеттегідей қақиған бюст емес. Қозғалыс бар. Күртесін иығына іліп, Алтайға, Шыңғыстайына көз тастап тұрғандай.
Көпшіліктің көңілінен шыққан жаңа ескерткіштің авторлары – белгілі мүсіншілер Нұрбол Қалиев пен Мейрам Баймұханов. Қаламгер болмысы мен тұлғасын сипаттайтын мүсін қоладан құйылған. Ескерткіштің тұғыры тұтас граниттен соғылған, жалпы биіктігі – 4, 8 метр.
– Мүсін соғуды оқушы кезден бастағам. Осы күнге дейін облыс көлемінде он шақты мүсінім тұғырға қонды. Олардың қатарында Құнанбай, Абай, Оралхан, Баймұрат батыр қатарлы тұлғалардың ескерткіштері бар. Осы Оралхан Бөкей бюстін соғуға жарты жыл уақытымыз кетті. Ескерткішті жасау барысында қаламгердің мінезін, болмысын, асқақтығын ашуға тырыстық. Бұрынғы Оралхан бетоннан соғылса, бұл жолғы Оралхан – қоладан. Тұғыры түгел граниттен жасалған, – дейді Нұрбол Қалиев.
Шаһар басшысы Жақсылық Омардың айтуынша, жазушы мүсіні тұрған Өтепов көшесіне Оралхан Бөкейдің есімі берілуі мүмкін. Ол жөнінде ономастика комиссиясына халықтан ұсыныс-пікірлер түсіп жатыр. Егер бұл көшеге жазушының аты берілсе, шығармашылық үйлесім табар еді. Өйткені Оралхан Бөкей атындағы №44 мектеп те осы көшеде орналасқан.
Ескерткіштің ашылу салтанатына қатысқан зиялы қауым өкілдері де мүсіннің бұрынғыдан мазмұнды шыққанын қуанып қайтты.
– Елге, жерге еңбегі сіңген тұлғаны ұрпағы ұмытпауы үшін ескерткіш керек-ақ. Екіншіден, мүсіншінің шеберлігі де осындайда танылады. Бүгін салтанатты түрде ашылып отырған жазушының кеуде мүсіні жақсы шыққан, – деді жазушы Әлібек Қаңтарбаев.