Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығына көңіл бөлуі Қазақстан халқының қалың бөлігін қамтитын бұл салада өзгерістердің енуіне жол ашты. Президент Жолдауында қойған міндеттеріне сәйкес ұсақ тауар өндірушілерді қолдау ісі қолға алынуда. Бұрын тек ірі компаниялардың еншісіне тиіп келген субсидиялар енді ұсақ тауар өндірушілерге де бет бұрды. Бұл мәселені Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында тағы да көтерді.
«Мен бұған дейін көтерме-тарату орталықтарының желісін құрудың маңыздылығы туралы айтқан болатынмын. Бұл міндет орындалып жатыр. Осы орталықтардың шағын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, соның ішінде жеке қосалқы шаруашылықтарға да қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл нарықтың монополиялануына жол беруге болмайды», деп тағы да ескертіп өтті.
Президенттің ауыл шаруашылығына баса мән беруі, ондағы ұсақ тауар өндірушілерді қолдауға деген ниеті мемлекеттік органдар мен салаға қызмет көрсететін компаниялар жұмысына да әсер еткендей. Мәселен, Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Энергетика министрлігінің мұнай тасымалдау және өңдеу департаментінің директоры Бауыржан Сәлімгереев ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге МӨЗ-ден дизель отынын жеткізу басым негізде жүзеге асырылатынын атап көрсетті. Оның сөзіне қарағанда, күзгі дала жұмыстарын жүргізу және жемшөп дайындау үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 440 мың тонна дизель отыны бөлінген. Ресурс ұстаушылардың босату бағасы «ПМХЗ» ЖШС және «ПКОП» ЖШС-да тоннасына 189 мың теңге немесе литріне 159 теңге, «АМӨЗ» ЖШС-да тоннасына 187 мың теңге немесе ҚҚС қосқанда литріне 159 теңге құрайды. Жеткізу мен сақтауды ескерсек, дизель отынының бағасы өңірге байланысты шамамен 175-180 теңгені құрайды. Бұл – ЖМҚС бағасынан арзан.
20 қыркүйектегі мәлімет бойынша іс жүзінде 282 мың тонна дизель отыны тиелген. Күзгі далалық жұмыстар бойынша шілде және тамыз айларының көлемі толығымен жөнелтілсе, қыркүйекке мәлімделген көлем бойынша келісімшарттар жасалып, жөнелтілу үстінде. Ал қазан айында жеткізілім 28,5 мың тоннаны құрайды.
«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мұнай өңдеу зауыттарынан дизель отыны жеткізіледі. Министрлік осыған тұрақты мониторинг жүргізуде. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынымен қамтамасыз етуде олқылықтарды болдырмау үшін жоспарлы жөндеу ПМХЗ-ға ауыстырылды. Алдымен жөндеу жұмыстарын 24 шілдеде 24 күн бойы бірінші қайта өңдеумен бастау жоспарланған болатын. Іс жүзінде жөндеу жұмыстары биылғы 1 қазанда басталады. Жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізе алмаймыз, себебі зауыттың одан әрі қауіпсіз жұмыс істеуі осыған байланысты», деп түсіндірді спикер.
Министрлік өкілінің айтуына қарағанда, биыл елімізде дизель отынын рекордтық өндіру мүмкіндігі бар екен. Мұның өзі елімізде шикізат шығаруға қарағанда өңдеу ісінің басым түсе бастағанының тағы бір дәлеліндей. Нақ осы мәселені биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы да атап өткен болатын. «2020 жылдың қорытындысы бойынша индустрияландыру жүзеге асырылып жатқан 10 жыл ішінде тұңғыш рет өңдеу өнеркәсібінің экономиканы дамытуға қосқан үлесі тау-кен өндірісі саласынан асып түсті. Біздің орта мерзімдегі мақсатымыз – 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтіп, 24 миллиард долларға жеткізу. Ал еңбек өнімділігін 30 пайызға арттыру» деген еді Мемлекет басшысы.
Елде жүріп жатқан осындай өзгерістер аталған брифинг барысында тағы да қуатталды. Республикада 8 айдың қорытындысы бойынша 3,2 млн тонна дизель отыны өндіріліпті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 9%-ға артық. Сонымен қатар биыл дизель отынын өндіру көлемі рекордтық көрсеткішке жеткізілмек. Энергетика министрлігінің болжамы бойынша өндіру көлемі шамамен 5 млн тоннаны құрайтын болады. Б.Сәлімгереевтің айтуынша, МӨЗ-ді жаңғыртуды аяқтау 2017 жылғы деңгейден 1 млн тоннаға жуық дизель отынын көп өндіруге мүмкіндік берді.
«Сонымен қатар биыл дизель отынын тұтынудың айтарлықтай өсуі байқалады. Тұтынудың ең жоғарғы өсімі 2021 жылдың тамыз айында болды. Тамыздағы тұтыну көлемі 519 мың тоннаны құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 84 мың тоннаға және 2019 жылмен салыстырғанда 37 мың тоннаға артық. Мұны елдің ішкі нарығының тарихындағы тұтынудың рекордтық көрсеткіші деп айтуға болады. Қыркүйектің бірінші жартысының қорытындысы бойынша тұтынуға қатысты осындай жағдай тағы байқалды. Тұтынудың өсуінің негізгі себептерінің бірі транзиттік жүк тасымалдарының маусымдық ұлғаюы болып саналады. Бүгінгі таңда Қазақстанда дизель отыны көрші елдерге қарағанда арзан. Айырмашылықтың жоғары болуына байланысты, бізде барлық транзиттік жүк көліктері толтырылады. Ірі ЖМҚС ақпараты бойынша қалалық ЖМҚС шамамен 70% бензин және 30% дизель отынын, ал трассаларда орналасқан ЖМҚС, керісінше, 70% дизель отынын сатады», деді ол.
Б.Сәлімгереевтің айтуынша, Ресей Федерациясымен 2021 жылға арналған индикативтік теңгерімге сәйкес Қазақстандағы ықтимал импорт көлемі 530 мың тоннаны құрайды. Іс жүзінде 8 айда 145 мың тонна импортталды, сәйкесінше жыл соңына дейін 385 мың тонна импорттауға мүмкіндік бар. Импортқа ешқандай шектеу жоқ. Министрлік өз тарапынан Ресейдегі әріптестерімен қажетті көлемді импорттау мәселесін пысықтау үстінде.
«Әдетте мұнай өнімдері нарығы аса құбылмалы болатыны белгілі. Оған көптеген фактор әсер етеді. Соның ішінде салық салу, баға белгілеу жүйесі және Қазақстанның ішкі нарығында және көрші елдерде ЖЖМ-мен қамтамасыз ету, сұраныстың маусымдылығы, МӨЗ-дегі технологиялық іркілістер немесе күрделі жөндеулер туралы ақпараттар да бар. Мысалы, ішкі нарықта баға төмен болған жағдайда отандық өнімнің көрші нарықтарға ауысуына байланысты тапшылық қаупі туындайды. Ал бағалар жоғары болған жағдайда профицит болады. Соның салдарынан елдегі МӨЗ-де қайта өңдеу көлемін кейіннен төмендете отырып, қазақстандық қоймалардың отандық отынмен толып кетуі мүмкін. Жоғарыда аталған жағдайлар мұнай өнімдері нарығында үнемі баға «тепе-теңдігін» іздеуді қажет етеді», деді ол бұл мәселе жайында.
Брифинг барысында журналистерді осы мәселеде бағаның қалай қалыптасатыны қызықтырды. Б.Сәлімгереевтің айтуынша, әлемдік тәжірибе ЖЖМ-ға баға белгілеудің неғұрлым тиімді және ашық тетігі – биржалық сауда. «Бізде бірнеше жылдан бері электронды сауда алаңдарында сұйытылған мұнай газымен сәтті сауда-саттық жүргізіліп келеді. Жанар-жағармай бойынша министрлік Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, осы бағытта жоспарлы жұмыстар жүргізуде. Биыл наурыз айынан бастап бензин бойынша сауда-саттық жүргізілуде. Төртінші тоқсанда дизель отынының биржалық сауда-саттығын іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар министрлік мұнай өнімдеріне тапшылықтың туындауына жол бермеу үшін «Қазақстан Республикасының аумағынан мұнай өнімдерін әкетудің кейбір мәселелері туралы» бірлескен бұйрық әзірледі, онда қолданыстағы тыйымды автомобиль көлігімен бензин, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге алты ай мерзімге ұзарту қарастырылған», деп хабарлады ол.
Мемлекет басшысы Жолдауда атап көрсеткендей, «Жер қойнауы – ұлттың байлығы. Оны пайдалануға беруді оңаша кабинеттерде «бармақ басты, көз қыстымен» шешу заңсыз деп танылуға тиіс».
Биыл елімізде айналамыздағы көрші елдерге қарағанда дизель отыны бағасының төмен болуы Президент айтқан бетбұрыстардың байқалып, тиісті органдардың бұл мәселе бойынша бақылау жасауды қолға алғанын көрсеткендей.