• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
ANTIKOR 30 Қыркүйек, 2021

Мемлекет жемқорлық туралы хабарлағандарға қанша төлейді?

500 рет
көрсетілді

Заңнама талаптарына сәйкес сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары туралы хабарлаған тұлғаларға біржолғы сыйақы төлеу қарастырылған. Сыйақы сомасы 87 510 теңгеден 11 668 000 теңгеге дейінгі аралықты қамтиды, деп жазады Egemen.kz.

Ақтөбе облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің хабарлауынша, биылғы жылы 3 ақтөбелікке жалпы сомасы 482 590 теңгені құрайтын сыйақы тағайындалған. Олар Антикорға ауырлығы орташа қылмыстар туралы хабарлаған.

«Әрине, бұл бизнес жасаудың көзі емес. Әрбір келіп түскен ақпарат мұқият тексеріледі. Біржолғы көтермелеу азамат берген ақпарат шындыққа сәйкес болған жағдайда немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен көрсетілген жәрдемі жемқорлық құқық бұзушылықты анықтауға, жолын кесуге, ашуға және тергеуге ықпал еткен болса және айыпты адамға қатысты соттың әкімшілік жаза қолдану туралы қаулысы, қылмыстық іс бойынша заңды күшіне енген айыптау үкімі болған немесе қылмыстық іс ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылған жағдайда ғана төленеді», деп атап өтті облыстық Антикорда.

Параның, келтірілген залалдың сомасы не ұсынылған жеңілдік, көрсетілген қызмет құны 1000 АЕК-тен аспайтын немесе залалы жоқ сыбайлас жемқорлық бойынша тағайындалатын біржолғы ақшалай сыйақы сомасы 30-100 АЕК арасында белгіленеді. Яғни, бұл бүгінгі өлшемдерге сәйкес 87 510 теңгеден 291 700 теңгеге дейінгі соманы қамтиды.

Мәселен, сыбайлас жемқорлық туралы әкімшілік істер бойынша - 30 АЕК, онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша - 40 АЕК, ауырлығы орташа қылмыстық істер бойынша - 50 АЕК, ауыр қылмыстық істер бойынша - 70 АЕК және аса ауыр қылмыстар бойынша 100 АЕК мөлшеріндегі сыйақы қарастырылған.

Ал егер 1000 АЕК-тен асатын болса берілетін сыйақы аталған соманың 10% құрайды, бірақ 4000 АЕК-тен (11 668 000 теңгеден) аспайды.

Жемқорлық туралы хабарлаған азамат біржолғы сыйақыдан бас тартқан жағдайда, грамотамен марапатталуы мүмкін.

«Өз кезегінде, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет азаматтарды жемқорлықтың кез келген көріністері бойынша 1424 республикалық кол-орталығына хабарлауға шақырады. Қоңырау шалу тегін», деп жазылған хабарламада.