Қазақстан Ұлттық Банкі валюта бағамдары мен базалық мөлшерлеме бойынша электрондық анықтамалар беру қызметін пилоттық режимде іске қосты, деп жазады Egemen.kz.
Жүйе мемлекеттік органдарға, жеке және заңды тұлғаларға арналған.
«Сервис статистикалық деректерді ұсыну процесін жеңілдетіп, электрондық анықтамаларды алу мерзімін қысқартады. Егер осыған дейін қағаз жүзіндегі ақпаратты алу үшін орта есеппен 2-ден 5 жұмыс күніне дейін уақыт кетсе, жаңа жүйе қажетті анықтаманы сол мезетте ұсына алады», деп хабарлады Ұлттық банк.
Жаңа сервистің көмегімен пайдаланушылар:
- таңдалған күнге немесе кезеңге ұлттық валютаның шетел валюталарына қатысты күнделікті ресми бағамы бойынша анықтама;
- ұлттық валютаның шетел валюталарына қатысты ресми бағамы бойынша бір айдағы орташа анықтамасы;
- таңдалған күнге немесе кезеңге Ұлттық банк базалық мөлшерлемесінің (қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесінің) көлемі туралы анықтама;
- белгілі бір күнге белгіленген шетел валюталарының ұлттық валютаға ресми бағамдары туралы ақпараттық хабарлама ала алады.
Электрондық анықтамаларды алу үшін веб-порталда тіркелу міндетті емес, олардың түпнұсқаға сәйкестігі құжаттағы QR-код арқылы расталады.
Сервис статистикалық ақпаратты алудың қосымша әдісі екенін ескерген жөн. Жеке және заңды тұлғалар бұрынғыдай заңнамамен белгіленген мерзімде қағаз жүзінде анықтама алу үшін Ұлттық банкке жүгінуге құқылы.